ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЖОЛ АПАТЫНАН 6 АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ. ПОЛИЦИЯ ЕСКЕРТЕДІ

Уақыты: 29.07.2022
Оқылды: 1682
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Биыл Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда 12 мыңға жуық жол ережелерін бұзу фактісі тіркелген. Салдарынан 6 адам қаза тапқан, 157 тұрғын түрлі дене жарақатын алған. Бұл жайында Жетісу облыстық полиция департаменті мәлімдеді.

«Жүргізілген талдауға сәйкес, Талдықорған қаласының аумағында ағымдағы жылдың 6 айында 94 жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 6 адам қаза тауып, 157 адам жарақат алған. Жылдың басынан бастап патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 11 475 дерегін анықтады, оның ішінде мас күйінде көлік жүргізгені үшін 47 жүргізуші ұсталды. Мамандандырылған айыппұл тұрағына 635 көлік құралы қойылды», - делінген Жетісу облыстық полиция департаменті хабарламасында.

Айта кетейік, шілденің 18-інен бастап республикалық «Қауіпсіз жол» іс-шарасы өткізілуде. «Жазғы демалысқа байланысты Талдықорғанда көлік құралдары санының өскендігін атап өту қажет. Осы кезеңде жол-көлік оқиғалары артады. Осыған байланысты, жоғарыда аталған іс-шара шеңберінде полицейлер патрульдеуді, автокөлік құралдарын, оның ішінде, жолаушылар көлігін тексеруді күшейтеді. Жол қозғалысы ережелерін бұзуға жол бермеуге, оларды басқару кезінде мұқият болуға, жылдамдықты асырмауға, ал жаяу жүргіншілерге жолды қатаң белгіленген орындарда, жаяу жүргіншілер өткелдерінде немесе бағдаршамның рұқсат беретін жерінен өтуді еске саламыз», - деп толықтырды полиция өкілдері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"