ТЫНЫШТЫҚ КҮЗЕТІНДЕ! ЖАРКЕНТ ШЕКАРА ОТРЯДЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА - 98 ЖЫЛ!

Уақыты: 13.08.2022
Оқылды: 1166
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тумасы Нұрдәулет Ақбердиев бала кезінен шекарашы болуды армандаған екен. Сарыағаштағы Панфилов атындағы орта мектепті бітіріп, Шекара академиясына оқуға бару үшін ерекше құлшыныспен дайындық жасаған бозбала, жасөспірімдерді әскерге дайындайтын жаттығу жиындарына бірнеше мәрте қатысып, көзге түседі.

2016 жылы оқуға қабылдау сынағынан сүрінбей өткен Нұрдәулет ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі Академиясына курсант болып қабылданады. Бала кезінен әскери өмірге жан-жақты дайындалған бозбала білім ошағының қатаң талап, тәртібіне тез бейімделді. Оқу-жаттығу сабақтарында, пән олимпиадаларында, спорт жарыстарында алдыңғы қатардан көрінді. Қоғамдық жұмыстарға белсенділікпен атсалысты.

Оқуды тәмамдап, лейтенант шенін алған жас офицер Жаркент өңіріндегі шекара отрядына әскери қызметке жіберілді. Екі жылдан бері «Иінтал» шекара заставасы бастығының орынбасары қызметін атқарып, ел шебін күзеткен Нұрдәулеттің аңсаған арманына қол жеткізуіне әкесі Рахымберді мен анасы Үміт қолдау көрсетіп, Отанына қызмет етуіне, ел шебін күзетуіне ықпал етіпті.

Еліміздің оңтүстік шығысындағы шекараны күзетудегі мінсіз қызметі мен саяси-әскери дайындықтағы біліктілігі Нұрдәулет Ақбердиевті отрядтағы мақтаулы офицерлер қатарына қосты. Биыл Жаркент шекара отрядының құрылғанына 98 жыл толмақ. Тарихта даңқты ізі жатқан әскери бөлімде қызмет етудің өзі – мақтаныш.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы,

Жетісу облысы