ТАЛДЫҚОРҒАНДА ПӘТЕР ТОНАЙТЫН ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОП ҚҰРЫҚТАЛДЫ - ПОЛИЦИЯ

Уақыты: 16.08.2022
Оқылды: 1541
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу облысының орталығы - Талдықорған қаласында пәтер тонаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды. Екі адамнан құралған қылмыстық топтың мүшелері бұрын сотталғандар. Атап айтқанда, олардың біреуі 2019 жылы ұрлық үшін істі болса, екіншісі 2014 жылы зорлау үшін жауапқа тартылған.

Талдықорған қалалық полиция басқармасы мамандарының хабарлауынша, ұсталғандардың тіркелген ұрлыққа қатысы бар екендігі дәлелденіп, қамауға алынды.

Қос ұры жәбірленушінің пәтерінен жалпы құны 2 миллион теңгеден асатын зергерлік бұйымдарды, тондар мен қолма-қол ақшаны әкеткен. 1987 және 1982 жылдары туған екі күдіктінің жанынан табылған заттардың бір бөлігі айғақтық заттар ретінде тәркіленіп, дәлелдеме ретінде қылмыстық іс материалдарына қосылды. Ұсталғандардың екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Аталған қылмыстық іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігімен (Аса ірі көлемде жасалған ұрлық)  тергеу амалдары жүргізілуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"