ТЕКЕЛІДЕ КІШКЕНТАЙ БАЛАСЫ БАР ӘЙЕЛ ЕСІРТКІ ӨСІРУМЕН АЙНАЛЫСҚАН

Уақыты: 18.08.2022
Оқылды: 1162
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу облыстық есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесе қимылдаған Текелі қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері үйінде қарасора өсірумен айналысқан тұрғынды ұстады.

ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 2-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша күдіктінің тұрғылықты жеріне сот санкциясымен жүргізілген тінту кезінде 3 келі 666 грамм кептірілген марихуана есірткісі тәркіленіп, айғақтық зат ретінде тіркелді.

Текелі қалалық полиция бөлімі мамандарының хабарлауына қарағанда тінту барысында күдіктінің жеке учаскесінен табылған 28 қарасора бұтасы тамырымен жұлынып, тәркіленген. Күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы (Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) бойынша да іс материалдары қоса тіркелді.

Күдікті әйелдің кішкентай баласы бар екендігі ескеріліп, тергеу барысында күдіктіге қатысты «Келуге міндетті» процессуалдық мәжбүрлеу шарасы таңдалды.

Тергеу кезінде күдікті өз қорғауындағы қарасораны жеке мүддесіне пайдалану үшін өсіргенін айтып, ақталды. Сотқа дейінгі тергеу амалдарын Текелі қаласының тергеушілері жүргізуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"