ЖОЛ САПАСЫ СЫН КӨТЕРМЕЙ МЕ? "ӘДІЛДІКТІ ТАЛАП ЕТ!" АКЦИЯСЫНА ҚАТЫС!

Уақыты: 20.08.2022
Оқылды: 997
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық филиалы мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің мамандары «Әділдікті талап ет!» атты республикалық ауқымды жоба қолға алынғаны хабарлады. Олардың айтуынша, тозығы жеткен автожолдардың сиқын фото мен бейнетүсірілім арқылы әшкерелеген әрбір тұрғын қоғамдағы белсенділікті арттыруға септігін тигізеді.

Арнайы брифингте қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың зардабын әңгімелеген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Тимур Темірәлиевтің айтуынша, бүкіләлемдік экономикалық форумның ғаламдық бәсекелестік жөніндегі рейтингінде еліміз 2019 жылғы жол сапасы бойынша әлемдегі 141 мемлекеттің арасынан 93 орында тұр.

Осыған қарап автокөлік жолдарының сапасы сын көтермейтінін байқауға болады. Ал, Алматы облыстық жолаушылар транспорты және автокөлік жолдары басқармасының деректеріне қарағанда, соңғы 3 жылдың ішінде қазіргі қос облыстың аумағындағы жолдарды салу мен жөндеуге жергілікті бюджеттен 54,4 миллиард теңге бөлінген. Одан бөлек, автожолдарды түзеу, жөндеуге осы кезең ішінде 8,1 миллиард теңге бөлініпті. Алайда, автожолдардың сапасы мен төзімділік мерзімі бөлінген қаржыға ешқандай сәйкес келмейді. Сондықтан мамандар салынғанына көп болмастан тоз-тозы шыққан жолдардың суреті мен бейнетүсірілімін жергілікті тұрғындардан күтетінін айтады.

«Әділдікті талап ет!» атты жобаның басты мақсатын түсіндіріп, қоғам арасында жемқорлыққа төзімсіз орта қалыптастырудың маңызына тоқталған «Әділдік  жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық филиалының басшысы Дәулет Құлымбаев бұл бастамаға тұрғындарды жұмылдыру қоғамды алаңдататын мәселелердің шешілуіне септігін тигізетінін айтады.

– Бұл жоба барысында алдымен автожол саласындағы мәселелерге, соның ішінде жолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау барысындағы жемқорлық тәуекелдерін анықтауға назар аударылады, – деген Дәулет Сайлаубайұлы, кейіннен басқа салалардағы кемшіліктерді анықтауға көшетінін айтып өтті. – Үкіметтің 14 шілдедегі кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жол салу саласындағы сыбайлас жемқорлыққа бейімділік көрсеткішінің жоғары екенін атап өтіп, соңғы 10 жылдың ішінде жол саласында болған құқық бұзушылықтарды мұқият тексеруді тапсырған болатын. Соған орай, 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында өтетін республикалық жобаға әрбір тұрғын қатыса алады. Ол үшін азаматтар www.adildik.kz веб-сайты арқылы немесе 1463 нөмірі бойынша қоңырау шалып, тозығы жеткен жолдар туралы мәліметтер мен жөнсіздіктерді хабарлай алады.

Биыл Алматы және Жетісу облыстарында тіркелген 14 мың көлік апатынан 2 мыңнан астам адам қаза болып, 18 мың адам жарақаттанған. Жол сапасының бұл жағдайға қатысы бар екені анық.

Мәди ӘСЕТҰЛЫ

Жетісу облысы