ЖЕТІСУДАН ЕКІ АДАМ СЕНАТ ДЕПУТАТЫ БОЛЫП САЙЛАНДЫ. ОЛАР КІМДЕР?

Уақыты: 24.08.2022
Оқылды: 1454
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жаңадан құрылған Жетісу облысының атынан ҚР Парламенті Сенатына 2 депутат сайланды. Бүгін облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттардың 151 депутаты өз кандидатурасын ұсынған 4 үміткердің арасынан ел мен жерге қалтқысыз қызмет етуді көздеген қос депутатқа дауыс беріп, өз таңдауын жасады. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Облыс орталығындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен сайлаудың алдында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тимур Дәуітов биылғы сайлаудың жай-жапсарын таныстырып өтті. 13 шілдеден 3 тамыз аралығында жүрген кандидаттарды тіркеу шарасына 11 адам өтініш білдірген. Кандидаттардың 8-і «Аманат» партиясының, 1-еуі «Ауыл» партиясының мүшесі болса, 2-еуі партия мүшелігін көрсетпеген.

Осынша адамның көпшілігі уақыт өте келе әртүрлі себеппен өз кандидатурасын қайтарып алып, дәл сайлау күніне 4 үміткер ғана қалыпты. Сонымен, сайлау бюллетеніне Айдар Башбаев, Ғалиасқар Сарыбаев, Амангелді Төлемісов, Берік Тынышбаевтың аты-жөні енгізіліп, халық қалаулыларының дауыс беруіне ұсынылды. Жабық дауыс беру арқылы өз таңдауын жасаған Жетісу облысындағы барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары екі адамның кандидатурасын анықтады.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тимур Дәуітовтың айтуынша, 2017 жылғы 28 маусымда сайланған депутаттың 1 жылдық өкілеттік мерзіміне Айдар Башбаевқа 2 депутат, Ғалиасқар Сарыбаевқа 18 депутат, Амангелді Төлемісовке 107 депутат, Берік Тынышбаевқа 5 депутат дауыс берді. Осылайша Амангелді Төлемісов таңдаушылардың 50%-дан астам дауысын жинады.

Ал, 2020 жылғы 12 тамызда сайланған депутаттың 4 жылдық өкілеттік мерзімі үшін Айдар Башбаевқа 1 депутат, Ғалиасқар Сарыбаевқа 108 депутат, Амангелді Төлемісовке 4 депутат, Берік Тынышбаевқа 2 депутат дауыс берді. Сөйтіп, Ғалиасқар Сарыбаев сайлаушылардың 50 пайыздан астам дауысын алып, озық шықты.

Жиынды қорытындылаған облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлнар Тойлыбаева сөз кезегін жаңадан сайланған депутаттарға берді. Мінберге кезекпен көтерілген Ғалиасқар Сарыбаев пен Амангелді Төлемісов сайлаушыларға ризашылық білдіріп, сенім үдесінен шығуға уәде етті.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Жетісу облысы