ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН, ЖАҢА АТА ЗАҢ: КОНСТИТУЦИЯДА НЕ ӨЗГЕРДІ? МАМАН ЖАУАБЫ

Уақыты: 30.08.2022
Оқылды: 760
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Әрбір қазақстандықтың өмірінде ерекше орын алатын 30 тамыз – ҚР Конституциясы күні ұлттық мүддемен бірге әлемдік қоғамдастық қабылдаған құндылықтарды жариялап, конституционализм негізін, демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет идеалдарын біртіндеп бекітуді қамтамасыз етеді. Оның ең қымбат құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

Жаңа Қазақстанды құрудағы негізгі қадам биылғы 5 маусымда өткен республикалық референдумда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар қабылдаудан басталды. Қазақстан азаматтары конституциялық түзетулерді қолдаған бүкілхалықтық дауыс беру нәтижесінде халық билігінің Жаңа Қазақстанды құруға деген ұмтылысының айқын дәлелі көрініс тапты. Конституциялық новеллалармен Парламенттің, Үкіметтің және жергілікті өкілді органдардың рөлі күшейтілді, заңнамалық процесс жетілдірілді. Парламент Сенаты мен Мәжілісін құрудың жаңа тәртібі белгіленді. Мәжілісте бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутат сайлау алдындағы уәделерін орындамаған жағдайда сайлаушылардың кері қайтарып алу құқығы енгізілді. Халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларда Үкіметке заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Палаталарының бірлескен отырысында дереу қарауға жататын заң жобаларын Парламенттің қарауына енгізу құқығы берілді.

Мұндай заң жобалары Парламентке енгізілген жағдайда республика Үкіметі өз жауапкершілігін сезіне отырып, заң күші бар уақытша нормативтік-құқықтық актілерді қабылдайды. Ондай актілер Парламент қабылдаған заңдар күшіне енгенге дейін немесе Парламент заңдарды қабылдамағанға дейін қолданыста болады. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері жаңа тәртіппен тағайындалатын болды.

Мәселен, енді аталған әкімдерді тек облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астана мәслихатының депутаттары ғана емес, облыс аумағында орналасқан барлық мәслихаттар депутаттарының немесе тиісінше республикалық маңызы бар қалалар мен астана мәслихаттары депутаттарының келісімімен, Республика Президенті тағайындайды.

Бұл ретте Мемлекет басшысы кемінде екі кандидатура ұсынады. Осы өзгерістердің қатарында 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Конституциялық Кеңестің Конституциялық Сотқа айналатынын ерекше атап өткім келеді. Конституциялық Соттың ұйымдастырылуы мен қызметі, азаматтардың Конституциялық Сотқа жүгіну тәртібі әзірленіп жатқан «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық Заңында айқындалады.

Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес, Конституциялық Сот Төрағасын және оның орынбасарын қоса алғанда, 11 судьядан мынадай тәртіппен құрылады: Республика Президенті Парламент Сенатының келісімімен Конституциялық Соттың Төрағасын лауазымға, сондай-ақ 4 судьясын лауазымға дербес тағайындайды, Конституциялық Соттың 3 судьясын тиісінше Парламент Сенаты мен Мәжілісі тағайындайды. Конституциялық Сот Төрағасының орынбасарын Конституциялық Сот судьяларының арасынан Конституциялық Сот Төрағасының ұсынуы бойынша Республика Президенті тағайындайды.

Осылайша, Конституциялық Соттың құрамын қалыптастыруға Мемлекет басшысы мен Парламент Палаталары қатысады. Конституциялық бақылау органының құрамын қалыптастырудың мұндай тәртібі Конституциялық Соттың мемлекеттік билікті ұйымдастыру жүйесіндегі теңгерімді жағдайын белгілеуді білдіреді. Осындай Конституциялық жаңғыру бірқатар конституциялық және өзге де заңдардың қабылдануын талап етеді. Ал, олардың орындалуы Жаңа Қазақстан құрылысының ортақ мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етері анық.

Манон БАДАЛИЕВ,

ҚР Конституциялық Кеңесі аппаратының бөлім меңгерушісі

Нұр-Сұлтан қаласы