ПРЕЗИДЕНТТІ БІР МЕРЗІМГЕ ҒАНА САЙЛАУ - НАҒЫЗ ӘДІЛЕТТІЛІКТІҢ ҮЛГІСІ

Уақыты: 02.09.2022
Оқылды: 1497
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Әркім өз дәуірінің куәгері, болған оқиғаның тікелей жеткізушісі есептеледі. Біз Президент Жолдауынан бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған мемлекеттіліктің жаңаша сипат алуын, елдіктің айқын көрініс табуын байқадық. Жылдағы дәстүрмен халқына Жолдау жариялаған Президенттің айтқан ойлары мен ұсыныстары болашағымыздың баянды болуына жасалған жарқын қадамдардың қатарын толықтырды.

Айтылған ой, берілген тапсырма, ұсынылған оң бастама көп болды. Солардың арасында: «Мемлекетіміздің болашағына тікелей қатысы бар ой-пікірлерімді ортаға салғым келеді. Қазіргі геосаяси жағдайда біз мемлекеттілігімізді біртіндеп нығайтып, реформалар мен жаңару бағдарын нық ұстануымыз қажет. Біз барынша мұқият әрекет жасап, еліміздің ұзақ мерзімді мүддесіне сай жұмыс жүргізуіміз керек. Реформалардың қазіргі қарқынын сақтау, саяси мәселелердің бәрін кейінге қалдырмай шешу аса маңызды», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы көпшіліктің көңіл түкпірінде жүрген Президент өкілеттілігін бір кезеңге және 7 жылдық мерзімге шектеуді ұсыныс ретінде ортаға салып, биыл Президенттің кезектен тыс сайлауы өткізілетінін жеткізді.

Шынында, Президенттің тек бір мерзімге ғана сайлануы нағыз әділеттіліктің үлгісі дер едім. Себебі, кез-келген жанның пенделік пайымын өзгертіп, астамшылығын арттыратын биліктің адамды бұзатыны халқымыздың ұлттық дүниетанымына тән ауыз әдебиетінде айтылып кеткені белгілі. Сондықтан, 7 жылдық шектеу бекер таңдалмаған. Әрине, әрбір басшының ұзақ мерзімдік бағдарламасы, межелеген міндеті болары анық. Ондай стратегияның ұлтқа, мемлекетке, халыққа тиімділігі басым болса, әркім-ақ жалғастырып кетері сөзсіз. Оның үстіне қысқа уақыттың ішінде көптеген игілікті істерді орындау мүмкіндігі бар екендігін Мемлекет басшысы өзі де ұғындырды.

Міне, осындай асыл ұғыммен астасқан Президент ұсынысы көптің көңілінен шықты дер едім. Расында әлемдік аренада басты ойыншы қатарында жүрген мемлекеттер мен елдердің саяси ұстанымына көз салар болсақ, билікті монополизациялау үрдісі белең алып отырғанын байқау қиын емес. Осындай қауіптің алдын алуды көздегенін ескерткен Тоқаевтың талабы қазақы демократияның айқын үлгісіндей естілді.

Ендеше, келер күннің кемел, болашақтың баянды, алар асуымыздың асқақ болуы жолында бірлесе қадам басу бүгінгі біздің міндетіміз. Сол міндеттің үдесінен шығуды нәсіп етсін!

Ызғарбек БЕКТҰРСЫНОВ,

Алматы облысының Құрметті азаматы