ШЕЛЕК АУЫЛЫНДА ТҰРАТЫН ЕР КІСІ 17 ЖЫЛ ОТАСҚАН ӘЙЕЛІН ПЫШАҚТАП ТАСТАДЫ

Уақыты: 08.09.2022
Оқылды: 1237
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылында бұрынғы әйелін бірнеше жерінен пышақтаған ер адам ұсталды.

Полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желіде әйелдің оқиғасы баяндалған жазба жарияланған. Онда жәбір көрген әйел 17 жыл отасқан күйеуі аяқасты қол жұмсай бастағанын айтады. Өзіне қарай мылтықпен оқ атқаннан кейін ажырасқан. Үш баламен жеке үйге шыққан. Бірақ бұрынғы күйеуі көрген жерінде оны ұрып-соғуды жалғастырған. Буындырып өлтіру әрекетінен кейін сот үкімімен бұрынғы күйеуіне оған жақындауға тыйым салынған.

Жәбірленушінің сөзінше, кезекті рет кездесіп қалғанда 22 жерден пышақ жарақатын салған. Әйел дәрігерлердің арқасында аман қалған.

«Мені анамыздың көзінше пышақтай бастады. Анам оны ұстауға тырысты. 22 жерден пышақ жарақатын салды, соның үшеуі өкпеге және бауырға сұғылды», - дейді әйел.

«Аталған қылмыс Шелек ауылында болған. Дерек Еңбекшіқазақ ауданының полиция басқармасында сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы, 3-бөлігі, 99-бабының 1-бөлігі (Адам өлтіруге оқталу) бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуді қамтамасыз ету мақсатында тиісті сараптамалар тағайындалды және барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деді Алматы облысының полиция департаменті өкілдері.

Күдікті белгіленген тәртіппен қамауға алынды. Қылмыстық істі тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"