САРЫӨЗЕКТІҢ ТАНКИСТЕР БАТАЛЬОНЫ ТҮНГІ УАҚЫТТА ОҚ АТЫП ЖАТТЫҚТЫ

Уақыты: 09.09.2022
Оқылды: 1500
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Сарыөзек гарнизонындағы шабуылдаушы құраманың жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес, бөлімнің оқу-жаттығу полигонында танкистер батальонының жеке құрамы Т-72 танкісінің қару-жарағынан күндізгі және түнгі уақыттарда штаттық атыс жүргізіп, әртүрлі қашықтықтағы нысанаға оқ атып шеберліктерін шыңдады.

Шараның мақсаты - әскери қызметшілердің практикалық дағдыларын дамыту, штаттық қару-жарақтан оқ атуды жетілдіру және отты басқаруды сауатты ұйымдастыру.

Оқу-жаттығу полигонында танк экипаждары оқ атудың бірінші жаттығуын орындап, 125 мм зеңбіректен 1500-1800 метр қашықтықта орналасқан «танк», ПКТ қаруынан 500-600 және 900-1200 метр қашықтықта орналасқан «танкке қарсы қол гранатометі» және «автомобильдегі қалдықсыз қару» пайда болатын және қозғалатын шартты нысаналардың «көзін жойып», жақсы нәтиже көрсетті.

Дайындықтың бастапқы кезеңінде экипаж мүшелеріне оқу сыныптарында танктердің экипаждық динамикалық тренажерларынан теориялық сабақтар мен жаттығулар циклі өткізілді. Сонымен қатар, танкистер қарудың материалдық бөлігін, қауіпсіздік шараларын, оқ атуды орындау тәртібін зерделеді. Бұдан өзге оқжатарды салу, танк бөлімшесі мен қару-жарағын жорық жағдайынан жауынгерлік жағдайға ауыстыру жөніндегі нормативтерді пысықтады.

– Бүгінгі өткен штаттық ату жаттығуында біздің батальонның жеке құрамы жауынгерлік қабілетін көрсете білді. Бұл жаттығуда мерзімді қызметтегі жауынгерлер бір жылдық әскери қызметтегі үйренген мамандық бойынша даярлығын іс-жүзінде қолданып, жоғары нәтиже көрсетті, – деді танк батальонының командирі, майор Бақытбек Абдрахманов.

Штаттық оқ ату қорытындысы бойынша аға лейтенант Сейітжан Қобыланұлының ротасы ерекше көзге түсті. Оның экипаждары барлық нормативтерді сапалы әрі жылдам орындап, тамаша көрсеткіштер мен жоғары үйлесімділікті көрсете алды.

Атап айтар болсақ, танк командирі 3-сыныпты сержант Азат Шойынбаев, механик-жүргізуші 3-сыныпты сержант Абай Маназаров, көздеуші-оператор, қатардағы жауынгер Мұса Марқабаевтар үздіктер қатарынан табылды.

Абзал САРТАЕВ,

Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, майор

Кербұлақ ауданы,

Жетісу облысы