ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘСКЕРИ ЖАРЫСТА ҚАЗАҚ САРБАЗДАРЫ БІРІНШІ ОРЫН ИЕЛЕНДІ

Уақыты: 18.09.2022
Оқылды: 1238
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Әрбір мемлекеттің қуаты мен қарымын әскері танытады. Халық­аралық әскер ойындары аясында өткен «Бейбітшілік жауынгері» атты интеллектуалды-кәсіби жарыста қазақстандық әскерилер 1-орынды иеленіп, өз ісінің үздігі екенін танытты.

Арменияның Дилижан қаласында болған әскерилер біріншілігінде қазақстандық команда жарыстың алтын медалін еншіледі. Аға сержанттар Дархан Аслан, Бектөре Назашов, сержант Тұрар Тілегенов және қатардағы жауынгер Назира Әлбосынова Ресей, Беларус және Армения елдерінің жауынгерлері арасында үздік шығып, кәсіби шеберлігін көрсетті. Олардың ішіндегі жалғыз қыз Нәзира Әлбосынова Талдықорғандағы №18386 әскери бөлімшесінің байланыс батальонында келісімшартпен қызмет етеді. Оның әскери жарыстың «Ратник» деп аталатын соңғы кезеңінде үздік нәтиже көрсетуі жеңістің туын жақындатқан.

Атап айтқанда, әскери медбике ретінде жарақат алған адамға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, қашықтыққа жеткізген Нәзира Асхатқызының мінсіз көрсеткіші өз тобын алға шығарды. Яғни, ұрыс даласында жатқан жауынгердің жарасын таңып, қауіпсіз жерге сүйреп шығарудан Нәзира алдына жан салмаған. Қазақ қызының жанкешті еңбегі еленіп, арнайы белгімен марапатталды.

Жалпы, «Бейбітшілік жауынгері» жарысына дайындықты қазақстандықтар биыл жыл басында бастапты. Алғашында еліміздің әскери бөлімдерінен іріктелген жауынгерлер наурыз айынан бастап Қарағанды облысындағы СПАССК оқу-жаттығу полигонында дайындалған. Әр айдың басында, ортасында және аяғында өткізілген қорытынды сынақтан төмен баға алған жауынгер кері қайтарылып, жоғары жетістікке жеткендер қалып отырған. Осылайша халықаралық әскер ойындарына жолдама алған үздіктер Арменияда Қазақстан Республикасының намысын асқақтатып, Туын желбіретіп қайтты.

Бала күнінен спортқа бейім Нәзира Асхатқызы Алакөл ауданының Көлбай ауылында туып-өскен. Мектепті бітірген соң арман қуып, Талдықорғандағы Жетісу мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітіріп шығады. Одан соң облыс орталығындағы №18386 әскери бөлімшесінің байланыс батальонына келісімшартпен жұмысқа қабылданады. Осылайша өмірін әскери салаға бұрған бойжеткен санитарлық ротаның маман-механигі мамандығын меңгереді.

Өз өмірбаяны жайлы әңгімелеген Нәзира Әлбосынова:

– Үйде 4 қыздың ортаншысы болғандықтан қаршадайымыздан әкемізге көмектесіп, бақша мен қорадағы бар жұмысты істей беретінбіз. Мал жайғау, егістік салу, суару, түптеу, өнім жинау секілді ауыр еңбектен қашпадық. Соның арқасында жаман болған жоқпыз. Сондықтан болар, әскери өмірге тез бейімделіп кеттім, – деп өзін қоғамдағы өзекті мәселелер толғандыратынын айтып өтті. – Қазір Отанды қорғау, әскери борышын өтеу сияқты жігіттерге жүктелген міндеттерді қыздар да атқаратын болды. Меніңше одан қысылудың керегі жоқ. Керісінше, әскерге шақырудан бой тасалап, азаматтық борышынан қашып жүрген жас жігіттер ұялсын. Себебі, өткір қылыш секілді қылшылдап тұруы тиіс шағында бозбалалар бүгежектеп, әлсіздік көрсетуде. Тіпті, әскерге әкетіп жатқан жерінен бейнетүсірілім жасап, шулатып жатқан жігіт қаншама?! Осының бәрін әлеуметтік желілер арқылы көріп, біліп отырмыз. Алайда Отанды қорғау, туған жер мен елдің тыныштығын күзету сынды асыл мұратты бір шетке ысырып тастаушыларды көріп қатты қынжыламын. Меніңше, тәрбиені отбасынан бастауымыз керек. Әрбір ата-ана баласының құлағына құя берсе, әскери өмірге құштар жандардың қатары көбейер еді. Әйтпесе, қазіргідей әлемдік алпауыт мемлекеттердің арасында еліміздің жұтылып кету қаупі басым.

Иә, ойланатын, ойландыратын сөз. Әскери өмірдің ыстық-суығына төзіп, жауынгерлік жаттығудан үздік шыққан Нәзира Әлбосынова қазір бір ұл тәрбиелеп отырған ана ретінде ұрпағының тыныштықта, бейбітшілікте өмір сүріп, биік жетістіктерге жеткенін қалайды. Ерлермен қатар жүріп, қазақ әскерінің айбынын асырған келіншектің тілегі қабыл болып, аңсаған арманына жетуіне тілектеспіз.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Жетісу облысы