ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА 83 АДАМ МАС КҮЙІНДЕ КӨЛІК ЖҮРГІЗГЕН - ПОЛИЦИЯ

Уақыты: 20.09.2022
Оқылды: 1266
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Еңбекшіқазақ ауданының тәртіп сақшылары жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қадағалау және бақылау жүргізіп, биыл жыл басынан 18 мыңға жуық жол қозғалысы ережесінің бұзылғанын анықтады.

Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жақсылық Алтынбаевтың айтуынша, көлік жүргізудің тәртібі мен жол жүру ережесін ескермейтіндер көбейген.

– Жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізген 83 адам ұсталды. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер жолынан өтуі тиіс жолаушыға жол бермеген 433 жүргізушіге, жол қозғалысы ережелерін бұзған 2424 жаяу жүргіншіге хаттама толтырды. Одан бөлек, қарсы бағытқа шығып, жол ережесін өрескел бұзған 22 дерек тіркелді. Осының бәрі жол жүру ережесіне немқұрайлы қарағандықтан, – деген тәртіп сақшысы көпшілікке жол ережесін мүлтіксіз сақтау керектігін ескертеді.

Шынында жол жүру ережесін жетік білу адам өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне кепіл болады.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"