ЖЕТІСУДАН 2000 АДАМ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРЫЛАДЫ - ҚОРҒАНЫС ДЕПАРТАМЕНТІ

Уақыты: 03.11.2022
Оқылды: 1314
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті жас сарбаздарды әскерге шығарып салу рәсімін өткізді. Шараға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері қатысты. Мектеп пен арнайы оқу орындарын бітірген жасөспірімдер ендігі ретте Отан қорғаушы болмақ.

Болашақ сарбаздарға патриоттық тәрбие беру маңызды шара. Еліміздің Қарулы Күштері ардагерлерінің жинау пунктіне келіп, жастарға сәттілік тілеуі дәстүрге айналған. Бүгінде ардагерлер жас отан қорғаушыларға  ақ жол тіледі. Әскери борыштарын абыройлы өтеп келулеріне тілектес екенін жеткізді. Өздерінің қызықты оқиғаларын айтып, тәжірибелерімен бөлісті. Ең бастысы әскерге бару  тұлға боп қалыптасудың табалдырығы екенін айтты. Жас жауынгерлердің жігерін жанып, рухтарын көтерді.

- Міне, бүгін біздің балаларымыз, Отан алдында әскери борыштарын орындауға аттанып жатыр. Біз Қарулы Күштер ардагерлері атынан келіп, балаларға тілегімізді айтып, жас сарбаздарға сәттілік тіледік, - дейді Қарулы Күштер ардагері Сарқытбек Қазақбаев.

Биыл әскерге өз еркімен баруға ниет білдіргендердің саны артқан. Әскер сапына облысымыздан мыңға жуық адам шақырылған. Солардың 50-ге жуығы бүгін Қарағандыға аттанды. Алдағы бір жылда олар Әуе қорғаныс күштерінде өздерінің Отан алдындағы борыштарын өтейтін болады.

- Мен Алматы облысы, Іле ауданының тумасымын. Жасым 19-да. Өзім қалаған Әуе қорғаныс күштеріне кетіп бара жатырмын. Соған басынан бері түскім келген. Отан қорғау әрбір азаматтың парызы және де сол парызды мен өтеуге кетіп бара жатырмын, - деді әскерге шақырылушы Әнуар Саматұлы.

Әрбір азамат Отанын қорғауға қашанда дайын болуы тиіс. Биыл 17 мың адам әскерге шақырылды. Ал облысымыздан күзгі шақырылымға 2000-нан аса адам жоспарланып отыр. Айта кетейік, күзгі әскерге шақыру науқаны желтоқсан айының соңына дейін жалғасады.

Талдықорған гарнизонының баспасөз қызметі

Жетісу облысы