Елде тек 3 миллион адамда ғана несие жоқ

Уақыты: 02.04.2023
Оқылды: 1180
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Елімізде экономикалық белсенділігі бар халықтың тек  3 миллионында ғана несие жоқ. Демек, әрбір екінші адамның басында кредит бар. Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, жыл  сайын кепілсіз тұтынушылық несиелер саны айтарлықтай өсуде. Әсіресе, тауар несиесі мен бөліп төлеу нарығында көрсеткіш жоғары.

Жетісу облысының жұртшылығымен кездесуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: «Мен тағы бір күрделі мәселеге тоқталғым келіп отыр. Елімізде көп адам несие алып, қарызға батып жүр. Бұл мәселе мені де қатты толғандырады», – деген еді. Көп уақыт өтпей «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң күшіне енді. Заң қарызға батқан халыққа айтарлықтай көмек береді. Тек, банкрот деп танылған адам 5 жыл несие ала алмайды. Енді алдағы уақытта несиесі бар халықтың саны азаяды деген сөз. 

Біздің айтпағымыз бұл емес. Енді қарызын 90 күннен бері жаба алмай жүргендерге несие берілмеуі мүмкін. Елді несиеге батудан арылту үшін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жаңа қадамға барып отыр. Аталмыш агенттік «Банк, микроқаржы және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын ұсынды. Жоба ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланып, қазіргі таңда 6 сәуірге дейін қоғамдық талқылаудан өтуде. 

«Азаматтардың борыштық жүктемесінің одан әрі өсу тәуекелдерін болдырмау үшін екінші деңгейдегі банктердің, сондай-ақ микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың  қарыздары бойынша мерзімі өткен, берешегі 90 күннен асатын тұлғаларға тұтыну қарыздарын беруді шектеу ұсынылады. Бұл ретте проблемалық берешектің өсуін шектеу және қолданыстағы қарыздар бойынша қарыз алушылардың борыштық жүктемесін төмендету мақсатында қарыз алушылардың берешекті қайта қаржыландыруға, оның ішінде неғұрлым тиімді шарттарда құқығын сақтау қажет», – делінген.  Агенттіктің хабарлауынша, бұл бастама қазақстандықтардың көп қарыздануының алдын алуға бағытталған. 

Аталмыш толықтырулар мен өзгертулер «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы №2444 Заңына бағытталған. Заңның «Банктік қарыз операциясы» деп аталатын 34-бапқа 5-1 тармағын қосу ұсынылды. Онда: «Банктік қарыз және (немесе) микрокредит бойынша мерзімі өткен, берешегі күнтізбелік 90 күннен асатын жеке тұлғаға кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз беруге тыйым салынады. Бұл тыйым кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес жеке тұлғаның банктік қарызын және (немесе) микрокредитін өтеу мақсатында банктік қарыз беру жағдайларына қолданылмайды», – делінген. Яғни, бұл жоба кәсіпкерлерге қатысты емес. Кепілсіз тұтынушылық, тауар несиелері мен бөліп төлеу нарығына арналған.

Осы орайда экономист Ләззат Жанмолдаева көңілге қонымды пікір білдірді. «Бастаманы дұрыс деп есептеймін. Экономикамыздың қозғаушы күші саналатын екінші деңгейлі банктер айналымдағы біраз қаражатынан айырылады. Оған банкроттық деп танылған азаматтарды қосыңыз. Қазір халықтың төлем қабілеті төмен. Оны мойындауымыз керек. Айналып келгенде банктік жүйе экономикаға кері әсерін тигізеді. Кез келген дамыған мемлекетте банктің пайыздық мөлшерлемесі біздегідей көп емес. 2 мен 4 пайыздың аралығында. Бізде ең төменгісі 7 пайыз. Мысалы, несие арқылы үй алып, 20-30 жыл төлейтіндердің пайызы өте жоғары», – деді. Ал заңгер Ақмарал Палмаханова болса: «Заң жобасына көбі қарсы болып жатыр. Мен мұны азаматтардың құқықтарын шектеу деп есептеймін. Борышкердің үш айдан кейін жағдайы жақсаруы мүмкін екенін есепке алуға тиіспіз. Сондықтан атаулы мерзімді қою керек. Несие тарихына жаңарту енгізіп, қайтадан несие рәсімдеуге мүмкіндік беру қажет. Неге десеңіз, оның келешекте басқа да жобалары қаржы талап етуі мүмкін», – деген ойымен бөлісті.

Мамандар халықты қаржылай сауатты болуға шақырады. Алдағы уақытта білместікпен сан соғып қалмаса екен деген тілекте.  Банкке бармас бұрын жан-жақты ойланып, жағдайына қарау керек. Ал дүкенге кіре қалса, алатын заты шынымен қажет пе, соны ескерген жөн. Маркетингтің заңы солай дүкенге барсаңыз әуезді әуен қосылып, келушілерге жақсы көңіл-күй сыйлайды. Ал несиеге немесе бөліп төлеуге алған зат қолға тигенде бірден бақытты күн кешердей әсерге бөлейді. Сондықтан қарызға батпас үшін жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек.
Осы орайда қарапайым халықтың да пікірін сұрап білдік.

Бауыржан Нұржанұлы:
– Заң жобасын толық қолдаймын. Өйткені, несиесін жабу үшін несие алатындар бар. Тіпті, болмашы нәрсе үшін ақша жұмсайтын жандар кезігеді. Жаңадан шаңырақ көтеріп, тойын кредитке жасаған жастар көп. Кейіннен 5-6 жылын қарызын өтеуге арнайды. Той бір күнде өтеді де кетеді. Сол үшін алдымен жағдайға қарау керек. 

Олжас Бақберген:
– Мен қарсымын. Мысалы, көлікті немесе үйіне тұрмыстық техниканы несиеге алды. Құдай сақтасын, өмірде неше түрлі жағдай болады. Ол адам жұмыстан шығып қалуы мүмкін, денсаулығы нашарлап, бар табысы емге кетеді. Ойда-жоқта оқыс жағдай орын алып, сонымен басы қататындар бар. Ал үш айдан кейін жағдайы жақсарса ше? Олар не істейді. Сондықтан заң жобасын әлі де жетілдіру керек.

Айналаңызға көз салсаңыз, банкке қарыз емес адамды кездестіру қиын. Талай адамның өмірі несие төлеумен өтіп жатыр. Кредит өтейтін уақыт келгенде шарқ ұрып, қарыз сұрап жүрген адамдарды да кезіктірдік. Қаржылық сауаты аз адамдардың алаяқтарға алданып қалғанын да күн сайын естіп, біліп жүрміз. Сондықтан елдегі кез келген жайтқа бей-жай қарауға болмайды. Біз мысалға келтірген  жобада «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы», «Микроқаржылық қызмет туралы», «Коллекторлық қызмет туралы» Заңдарға да өзгертулер мен толықтырулар ұсынылған. Сөз соңында айтарымыз, ашық нормативтік-құқықтық актілер порталына кіріп, ашық талқылауға қатысып, өз ұсыныстарыңызды жолдауға әбден болады. 

Мәулен ӘНЕРБАЙ