Жетісу облысында 8-сынып оқушыларын жезөкшелікке салған жеңгетай ұсталды

Уақыты: 03.04.2023
Оқылды: 1317
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу облысында кәмелет жасқа толмаған қыздарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген әйел ұсталды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Sputnik Қазақстан желілік ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Қазіргі кезде қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтың айтуынша, 30 жастағы әйел кәмелет жасқа толмаған екі қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеп қана қоймай, жеңгетайлық жасап, адам іздеген.

"Ол алдау арқылы 8-сынып оқушыларын жезөкшелікпен айналысуға тартқан. Тоғыз ай бойы заңсыз табыс тауып, барлық ақшаны өзіне алып отырған", - деді Нұрмағамбетов ішкі істер министрлігінде өткен онлайн брифингте.

Күдікті Қылмыстық кодекстің 134-бабы, 1-бөлігі (Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту) және 309-баптың 2-бөлігі (Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық) бойынша жауап береді.