"Таудан жаяу асқан": Күдебаевтың ұсталған сәтіндегі сурет желіде тарап жатыр

Уақыты: 28.04.2023
Оқылды: 1188
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Желіде Серік Күдебаевтың ұсталған сәті кезінде түсірілген сурет тарап жатыр, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Zakon.kz дерегін толықтай келтіре отырып.

Әлеуметтік желіде бүгін Серік Күдебаевтың ұсталғаны туралы хабарлама тарады. Бұл ақпаратты ҚР Бас прокуроры Берік Асылов растаған болатын. Желіде енді осы фактіні растайтын сурет те жарияланды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Серік Күдебаевтың ұсталғанын нақтылайтын сурет Kozachkov offside Телеграм-арнасында жарияланды.

Сурет сипаттамасында: "Үйге қайтатын уақыт келді" делінген.

Ал суретте қолы кісендеулі Серік Күдебаевтың қос қолтығынан ҚР ҰҚК қызметкерлері ұстап алыпты.

Айта кетсек, Серік Күдебаевтың ұсталғаны туралы хабарды ҚР Бас прокуроры Берік Асылов растаған болатын. Ол Түркияда ұсталған болып шықты.

Серік Күдебаев 2020 жылдың қаңтарынан бері Алматы облысының полиция департаментінің бастығы қызметін атқарды. 2022 жылдың 18 ақпанында ішкі істер органдарынан өз еркімен босатылған.

2022 жылдың 13 мамырында Серік Күдебаевтың қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылғаны белгілі болды. Бас прокуратураның хабарлауынша, Алматы облысы ПД бұрынғы басшысы "қызметтегі ауыр зардапқа себеп болған әрекетсіздік" деген күдікке ілінген.

2023 жылы 28 ақпанда прокурор Алматы облыстық полициясының бұрынғы басшысы Серік Күдебаевты 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. 31 қаңтарда Серік Күдебаев қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғаннан не үшін кеткенін айтты.

Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев 2023 жылдың 3 сәуіріндегі сотқа келмеді. Осыған байланысты Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланды.

Соңғы мәлімет бойынша, Алматы облысы ПД-ның бұрынғы басшысы Бішкектен Ыстамбұлға ұшып кеткен.

20 сәуірде ҚР ҰҚК бастығының орынбасары Ерлан Алдажұманов Алматы облысы ПД экс-басшысының қалай қашып кеткенін айтып берді. Оның айтуынша, жұмыс нұсқасы – Серік Күдебаев таудан жаяу асқан.

 Сурет: Telegram/Kozachkov offside