Үштөбеден Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару табылды

Уақыты: 24.08.2023
Оқылды: 1040
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу облысында есірткі сатушыдан атыс қаруы мен анашаның ірі партиясы тәркіленді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

“Қарасора – 2023” және “Қару” жедел-профилактикалық іс-шараның аясында Үштөбе қаласында арнайы операция өткізілді, оның барысында 38 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Бұрын бірнеше рет сотталған ер адам есірткі саудасына, сонымен қатар атыс қаруын заңсыз сақтаған және пайдаланған деген күдікке ілінді.

Күдіктінің автокөлігінен тәртіп сақшылары 9Х19 мм калибрлі 9 патроны бар Викинг тапаншасын, сондай-ақ 586 грамм анаша тауып, тәркіленді. Бұл қару Талдықорған қаласында 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланғаны анықталды.

"Ұсталған адам қамауға алынды. Аталған факті бойынша тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 287-бабының 1-бөлігіне (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) және ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігіне (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) сәйкес жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады Жетісу облысы ПД ЕҚҚІҚБ бастығының орынбасары Аян Исабеков.