Сарбаздарға сый-сияпат табысталды

Уақыты: 26.08.2023
Оқылды: 745
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Еліміздің тыныштығын қас қақпай күзететін шегарашылар қызметі аса жауапты. Аптап ыстыққа, қақаған суыққа, қарлы жаңбырға, ақтүтек боранға төтеп беріп, қайыспай елін күзетіп, қырағылық пен төзімділікті өн бойларына серік еткен шегарашылар мейрамы ауданымызда өз деңгейінде аталып өтті.

Биыл ел аумағындағы шегара қызметіне 31 жыл толып отыр. Жауапкершілігі салмақты қызметтің ауыр жүгімен қоса  бабалардың аманатын арқалаған Отан сақшылары үшін сенім биігінен көріну – абыройлы міндет.

Шегарашылар күні қарсаңында егеменді еліміздің іргесін сырт көздің сұғынан,  дұшпанның қаскөй әрекетінен қорғап келе жатқан Екіаша және Басқан бөлімшелерінің шегарашыларын аудан әкімінің орынбасары Алмас Байғұнысов кәсіби мерекелерімен құттықтап, әскери борышын антына сай өтеп жүрген сарбаздарға сый-сияпат табыстады. Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ұлан-ғайыр мемлекеттік шегараны қорғап жүрген шегарашылардың еңбегіне табыс тіледі. Іс-шарада жауапты қызмет иелеріне деген шынайы құрмет көрініс тауып тұрды.

Салтанатты  шара Екіаша ауылдық Мәдениет үйінің мерекеге арнайы дайындаған әсем әнмен көркемделген концерттік бағдарламен жалғасын тапты.

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ,
Сарқан ауданы