Қазақстан адам саудасына қарсы күрес тетіктерін Испаниядан үйренбек

Уақыты: 20.10.2023
Оқылды: 553
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстандық делегация Испаниядағы адам саудасына қарсы күрес тетіктерін зерделеп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

“Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы” Заң жобасын әзірлеген ведомствоаралық жұмыс тобы шетелдердің адам саудасына қарсы күрес жөніндегі заңнамасы мен жұмыс тәжірибесін зерделеп жатыр. Осыған байланысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Ішкі істер, әділет, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдері Испанияда жұмыс сапарымен жүр.

Қазақстандық делегацияның адам саудасына қарсы іс-қимыл тетіктерін зерделеуін Халықаралық көші-қон ұйымы мен АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігі ұйымдастырды. ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін ІІМ алғаш рет әзірлеген “Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы” Заң жобасы бар екенін естеріңізге саламыз.

Заң жобасы: – адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздерін құруға; – кейбір анықтамаларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге; – уәкілетті органдарды анықтауға, ведомствоаралық үйлестіруге және өзара іс-қимыл жасауға; – қарсы іс-қимыл субъектілері болып табылатын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құзыретін бекітуге; – шетелдік сауда құрбандарына көмек көрсетуге; − кәмелетке толмаған жәбірленушілерді қорғауды қамтамасыз етуге; – халықаралық міндеттемелерді орындауға бағытталған.

Сапар барысында қазақстандық делегация мүшелері осы елдің Парламент өкілдерімен, Испаниядағы Халықаралық көші-қон ұйымы миссиясымен, ІІМ, әділет, интеграция, әлеуметтік қамтамасыз ету және көші-қон жөніндегі министрліктерімен, Терроризмге және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі орталықпен, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдарымен кездесулер өткізді.

Фото: көрнекілікке алынды