АДАЛДЫҚ КЕРЕК ӘР ІСКЕ

Уақыты: 02.12.2023
Оқылды: 877
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жемқорлықпен күрес бүгінгі күннің ең өзекті мәселесінің бірі. Бұл тек біздің елді ғана емес саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын  әлемдегі  барлық  елдің  қай-қайсысын  да  қатты  алаңдататыны  анық.

«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп әділдік пен турашылдықты ту еткен ата-бабаларымыздың дара жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуы керек. Арды ойлаған қазақтай текті халықтың ұрпағы мұндай лас іске қол бұлғамағаны абзал. Сондықтан да, әр іске адалдық танытқанымыз жөн.

Бүгінгі таңда жең ұшынан жалғасқан жемқорлық барлық салада кең етек жайып бара жатқаны ащы да болса шындық. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде екенін ұмытпасақ екен. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын анықтап, оның ұлғаюына жол бермеу – сіз бен біздің қолымызда. Қоғамдағы әділдікті, турашылдықты, адалдықты біз орнатуымыз керек.  Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматының азаматтық борышы деп ұққанымыз жөн.

Жалпы, адамды жарылқайтын да, қоғамды көркейтетін де адал еңбек екенін естен шығармайық. Адал еңбекпен тапқан нанның дәмді, құнарлы болатынын біз өскелең ұрпаққа үнемі насихаттаудан шаршамасақ деймін. Жас ұрпақ алдыңғы аға буынға қарап бой түзейді. Сондықтан да біз жастар бойына тазалықты, адалдықты, турашылдықты, әділдікті сіңіруде аянбай еңбек еткеніміз жөн.

Айым ТҮСТІКБАЕВА,
№3  «Балбөбек»  сәбилер балабақшасының меңгерушісі
Фото: gov.kz