Абайлаңыз! Қаржылық пирамида құрығынан қалай құтыламыз?

Уақыты: 12.12.2023
Оқылды: 614
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жыл сайын қаржылық пирамидалар көбейіп, халық қалтасын қағып келеді. Биыл Q-net компанисына Жетісу өңірінің тұрғыны 3,8 миллион теңгеге шығынға батқан. Осындай оқиғалардан арылу жолын Жетісу облысы бойынша экономикалық тергеп-тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Ербол Құрманбаев пен департаменттің аға  жедел  уәкілі Бауыржан Текесбай айтып берді.

Оларлың сөзінше, кез келген мекеме немесе интернет-ресурстардың қаржылық заңсыздықтарға қатысы бар деп күмәндансаңыз «BAIQA, PIRAMIDA!» телеграмм ботын пайдаланып, тексере аласыз.

Айта кетейік, алаяқтықтың алдын алу мақсатында облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері «Q-net», «Amanat drive» және «Elous» компанияларына қатысты тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеріс нәтижесінде Q-net жәбірленушілерді 220 миллион теңгеге сан соқтырғаны белгілі болды. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Талдықорған қаласының азаматтары күмәнді инвестициялық жобаларға тартылған қаржылық пирамиданың жолын кесті.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қаржы пирамидаларының әрекеттерінен азаматтарға келтірілген залал туралы өзекті мәселені көтеріп, олардың жолын кесу бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. Соның аясында қаржы пирамидасының белгілері анықталған сайттар киберқадағалау жүйесі арқылы бұғаттау үшін уәкілетті органға жіберіледі.

«Өңірде аталған алаяқтық белгілері бар шоттардың жазылушыларын анықтауға мүмкіндік беретін аналитикалық жүйе енгізілді. Бұл мақсатты аудиториямен ақпараттық-түсіндіру  жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Жетісу облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті ІТ-құралдарын пайдалана отырып жүргізілген талдау нәтижесінде Талдықорған қаласындағы «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы атқарылған қаржы пирамидаларын әшкерелеп қызметін тоқтатты. Бұл аккаунт иелері қаржы пирамидасын жарнамалап, азаматтарды инвестициялық жобаларға тартумен айналысқан. Біз дереу веб-сайтты бұғаттауға алдық. Егер шаралар қабылданбаса, оның салдары азаматтарға үлкен зиян келтіріп, халықтың әлеуметтік шиеленісіне әкеп соқтыратыны анық», - деді Ербол Құрманбаев.

"Жетісу-Ақпарат"