Жетісу облысында көлікті мас күйде басқарған 600-ден астам жүргізуші жауапқа тартылды

Уақыты: 14.12.2023
Оқылды: 592
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу облысында көлікті мас күйде басқарған 600-ден астам жүргізуші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Жетісу облысының автожолдарында алкогольді немесе есірткілік мас күйінде автокөлікті басқарған 607 жүргізуші ұсталды. Олардың 30-ға жуығы құқық бұзушылықты қайта жасағандары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Соңғы факті Талдықорғанда тіркелді, 14 желтоқсанда Mitsubishi Galant және Mercedez Benz көліктері соқтығысқан. Жол көлік оқиғасына жапондық шетелдік көліктің 36 жастағы жүргізушісі жол бергені анықталды, медициналық куәландыру жүргізушіде алкогольді мас күйдің орташа дәрежесін анықтады. Автокөлік арнайы автотұраққа орналастырылды, ал мас жүргізуші медициналық айықтырғышқа жеткізілді.

– Арнайы деректер базасын тексеру кезінде ұсталған адамның үш жыл бұрын осындай құқық бұзушылық үшін жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды. Енді ер адам ҚР ҚК 346-бабына (Көлік құралын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) сәйкес қылмыстық жазаға тартылуда, – дейді Жетісу облысы ПД ЖПҚБ.

Фото:  Polisia.kz