Енді сабақта смартфон ұстауға заңмен тыйым салынбақ

Уақыты: 15.02.2024
Оқылды: 378
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Еліміздегі оқушылардың білім үлгерімі өзге мемлекеттегі балаларға қарағанда үш жыл артта қалған. Мұндай төмен көрсеткішке бүлдіршіндердің желіде жиі отыруы себеп екенін Сенаторлар айтып дабыл қақты. Осыған дейін ұстаздар да шәкірттердің сабақ үстінде TikTok-қа телміретінін жеткізіп, талай шағымданды. Кейін ол депутаттардың назарын аудартты. Енді сабақта смартфон ұстауға заңмен тыйым салынбақ. 

Күні кеше ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында сабақта ұялы телефондарды пайдалануға шектеу қою, тестілеусіз бірінші сыныпқа қабылдау, балабақшаларға орын беру бойынша бірыңғай кезектілікті қамтамасыз ету жайлы Заңға өзгертулер енгізу ұсынылды. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықты насихаттайтын, діни сипаттағы ақпараттың таралуына жол бермеу және суицидке шақыруды болдырмау шараларын қабылдауды көздейтін нормалар да ұсыныс ретінде қаралды.     

– Бүгінде еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ұялы телефонға байлаулы екені айтпасақ та белгілі. Осы бір қалтафонға жегіліп қалған заманда ойымызды саралап, келешек ұрпақтың бойын тазалауда жаңа заң енгізу ұсынылып отырғаны дұрыс шешім деп ойлаймын. Аталған заң толықтай қабылданысымен ата-аналар мен оқушыларға түсіндірме жұмыс жүргізіледі, – деген ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім комитетінің бас сарапшысы Гүлмира Күлсариева аталған Заңда мектепте мүлдем телефон ұстауға болмайды деген шарт жоқ екенін ескертіп, мұғалім оқу процесінде кейбір қосымшаларды пайдалану керек болса, онда смартфонды қолдана алатынын жеткізді. 

– Үзіліс кезінде телефон пайдалануға шектеу жоқ. Осы бойынша балаларға ұялы телефонмен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыра аламыз. Смартфонның денсаулыққа зияндығын түсіндіріп, соның ішінде физикалық, психологиялық, эмоционалдық тұрғыдан қауіпті екенін айтсақ, екшіншіден, сапалы білім алуға кедергі әкелетінін жеткізуіміз қажет. Сонымен қатар, білім сапасын көтеруге алғашқы қадамды сабақ кезінде сымтетікті шектеумен бастағанымыз жақсы бастама, – дейді орта білім комитетінің бас сарапшысы.

«Мектепте телефон ұстауға бола ма, жоқ па?» деген сауал бұған дейін талай талқыланған еді. Ақырында ұзақ електен өткен дүние Заң жобасы болып бекітіліп, артынша Сенаторлар мақұлдады. 

Айғаным АЙТМҰХАН
Фото: uralskweek.kz