Ел қорғаны

Уақыты: 11.04.2018
Оқылды: 1438
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Республика бойынша көктемгі әскер қатарына шақыру жұмыстары қызу жүргізілуде. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бұл науқанмен белсене айналысуда. Биылғы жылдың көктем айында өңірден 1991–2000 жылы туған 1800-ден астам азамат әскер қатарына алынады.

Бүгінде 300-ге жуық азамат ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімдеріне алынды. Жергілікті әскери басқару органдарының, денсаулық сақтау және құрылымдық күштердің өкілдерінен құралған шақыру және медициналық комиссиясы әскерге қабылданушыларды түбегейлі тексеруден өткізуде. Комиссия мүшелері әр үміткердің  алған білімін, мамандығын, отбасы жағдайын, қызығушылықтарын, спорттағы жетістіктерін назарға ала отырып, денсаулық жағдайына қарай мерзімді әскер қатарына қабылдау туралы шешім шығарады. 
– Жетісу жерінің азаматтары ҚР Қарулы Күштерінде, ҰҚК Шекара қызметінде, Президенттің Мемлекеттік күзет қызметінде, сондай-ақ, ҚР ІІМ Ұлттық Ұланының қатарында  әскери борыштарын өтеп келеді. Әскери бөлім мен мекеме басшылары қабылданған азаматтардың ерік-жігері мен Отанға деген патриоттық сезімдерінің жоғары екенін әрқашан ерекше атап отырады, – деді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы подполковник Талғат Дәулетханов. 
Көктемгі әскерге шақыру науқаны 10 наурызда басталып, 30 маусымда аяқталады. Әскерді жасақтау әдеттегідей аумақтық принципке негізделеді, яғни, әскер қатарына қабылданушы өзге облысқа аттандырылады. Азаматтарды қабылдауда және іріктеуде олардың осыған дейін алған білімдері ескеріледі.

Жанар Ержанқызы,
облыстық қорғаныс істері жөніндегі
департаменттің
 баспасөз хатшысы