АСТАНАНЫҢ ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ НЬЮ-ЙОРКПЕН ДЕҢГЕЙЛЕС

Уақыты: 15.03.2019
Оқылды: 1019
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Астана қалалық мәслихатында өткен басқосуда Елордадағы жол қозғалысының қауіпсіздігіне қатысты мәселелер қаралды. Бұл жайында Астана әкімдігінің ресми сайтында мақала жарияланды.

Соңғы деректерге сәйкес, бас қала қауіпсіз жолдар бойынша алдыңғы қатарда. 2018 жылы Астана жолдарындағы өлім-жітім 2017 жылдың қорытындыларымен салыстырғанда, екі есеге қысқарған. Мұндай мәліметтерді Астана қалалық инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров келтірді.

– 2018 жылдың қорытындыларына сәйкес, жол апаты нәтижесінде болатын өлім-жітім деңгейі 100 мың адамға шаққанда 3,1 пайызды құрады. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен 3,5 есеге төмен. Астанадағы жол қозғалысының қауіпсіздігі Амстердам мен Нью-Йорк қалаларының деңгейінде. Мұндай жетістіктерге Астана әкімдігі құрылымдарының машинамен оқыту, компьютерлік көру сияқты заманауи сандық технологияларды енгізу бойынша жүргізген жұмыстарының арқасында қол жеткізілді, – деп мәлімдеді Ә. Әбдіқадыров.

Спикер қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен ыңғайлылығын қамтамасыз ету Елорда билігі жұмысындағы басты басымдық екендігін атап өтті. Еске салайық, 2017 жылдан Астанада «Сергек» бейне-бақылау жүйесі жұмыс істеп келеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"