"ПОДПОЛКОВНИК ЖАРАҚАТТАНДЫ": ПОЛИЦЕЙГЕ ЖҰДЫРЫҚ ЖҰМСАҒАН ТҰРҒЫН ТҰТҚЫНДАЛДЫ

Уақыты: 20.04.2020
Оқылды: 930
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында блок-бекетте полицейге қарсы шабуылдаған мас жүргізуші ұсталды. Бұл туралы Алматы облысы полиция департаменті хабарлады.

Жүргізуші уақытша ұстау абақтысына оқшауланды. Оған Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерінің бірқатар баптары бойынша жаза қолданады.

- Түнде «Қаскелең-Шамалған» автожолындағы «Алма-8» блок-бекетінде тәртіп сақшылары «ЗАЗ ШАНС» көлігін тоқтатқан. Көлік тізгіндеген 27 жастағы Шамалған ауылының тұрғыны полицейлердің тоқтатқанына риза болмай, соққылар жұмсаған. Тәртіп сақшысы дене жарақатын алған және қызметтік киімі жыртылған. Бұзақы жүргізушіні жөнге келтірген тәртіп сақшылары оған арнайы құралдарды пайдалауға мәжбүр болды. Сөйтіп, қаскүнемді медициналық мекемеге жеткізген. Мединицалық сараптаның қорытындысы оның орта дәрежеде мас екенін дәлелдеген, - деді Қарасай аудандық полиция басқармасы бастығы, полиция полковнигі Асхат Данияр.

Атап өткеніміз жөн, заң бұзушының қолынан Қарасай аудандық полиция басқармасы криминалистика бөлімінің бастығы, полиция подполковигі Айдос Байғазиев зардап шекті. Подполковник бірқатар дене жарақаттарын алған.

Аталған оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының 1-тармағына сәйкес билік өкiлiне күш қолдану дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Ұсталған азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 379-бабына сәйкес төтенше жағдай жарияланған жерде немесе терроризмге қарсы операция жүргізу аймағында жасалған, билік өкілінің заңды талабына бағынбау және ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 608-бабы, яғни, жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқаруы деректері үшін заң алдында жауап беретін болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"