ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ КӨРГЕН ӘЙЕЛДЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 14.11.2020
Оқылды: 891
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының тәртіп сақшылары «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» атты акция шеңберінде «Талдықорған әйелдерді қолдау орталығы» үкіметтік емес ұйымымен бірлесіп, Дағдарыс орталығының қызмет алушыларымен кездесу өткізді. Бұл жайында Алматы облысының полиция департаменті мәлімдеді.

- Кездесуде бүгінгі күні тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерінің өзектілігі кеңінен талқыланды. Осы мақсатта полиция органы, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы айтылды. Орталықта қызмет алушыларға тұрмыстық қатынаста агрессордың құқыққа қайшы әрекеті қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапсыз қалмайтыны түсіндірілді, - деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Мейір Демеубаев. Сондай-ақ, құқық қорғаушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны немесе куәгері болған жағдайда шұғыл түрде «102» нөміріне хабар берілсе, ауыр және қайғылы жағдайлардың алдын алуға болатынын жеткізді. Ондай жағдайда жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін олар Дағдарыс орталығына орналастырылады.

Облыстық полицейлер таратқан ақпаратқа сәйкес, жыл басынан тұрмыстық қатынаста жасалатын құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында полицейлер 4455 қорғау жұмыстарын жүргізген. 541 ерекше талап орнатып, маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емдеу мекемесіне 132 адамды жолдаған. Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болған 17 әйел мен 49 бала дағдарыс орталығына жеткізілген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"