ТАЛДЫҚОРҒАНДА ИНТЕРНЕТ АРҚЫЛЫ ЕСІРТКІ САТҚАНДАР ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 16.11.2020
Оқылды: 978
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында синтетикалық есірткі сатумен айналысқан топ ұсталды. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жүргізілген арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Алматы облысы полиция департаменті есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткілерді заңсыз таратумен айналысақан бір топ адамды ұстады.

- Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу іс-әрекеттерінің кешенін жүргізді, нәтижесінде, бес адамнан құралған топ анықталды. Олардың барлығы Талдықорған қаласының 24-28 жас аралығындағы тұрғындары. Күдіктілер ұзақ уақыт бойы интернет желісі, Телеграмм месенджері арқылы синтетикалық есірткілерді заңсыз таратумен айналысқан. Олар есірткі заттарын жасырын орындар арқылы таратқан, - деп хабарлады Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Данияр Мендебаев.

Күдіктілердің бірінің пәтерін санкцияланған тінту барысында ішінде қоңыр түсті өсімдік заты бар, сатуға дайындалған 250 орам алынды. Сонымен қатар, ақ түсті ұнтақ зат және жасыл түсті өсімдік заты бар екі полиэтилен пакет табылды. Барлық алынған заттар бойынша сараптама тағайындалды.

- Бүгінгі күні күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 1, 3-бөліктері, яғни, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу бабы бойынша іс қозғалды. Барлық күдіктілер уақытша ұстау камерасына қамаққа алынды, - деп толықтырды полиция подполковнигі Данияр Мендебаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан