АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА КАРАНТИН ТӘРТІБІН БҰЗУДЫҢ 1003 ДЕРЕГІ ТІРКЕЛДІ

Уақыты: 19.11.2020
Оқылды: 713
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері карантин тәртібін бұзудың 1000-нан астам дерегін анықтады. Бұл жайында полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Полиция қызметкерлері санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың бұзылуын анықтауда. Барлық тыйымдарға қарамастан, облыс тұрғындары топпен жиналып, жаппай іс-шаралар өткізуді жалғастыруда. Сондай-ақ, тексеру сауда орындарында және әртүрлі салондарда санитайзерлер мен басқа да гигиеналық заттар жоқ екенін көрсетті. Сонымен қатар, бетперде тағу тәртібін бұзу деректері де жиі кездеседі.

- Карантин енгізілгеннен бастап құрамына жергілікті полиция қызметі қызметкерлері енген мониторинг топтары осыған ұқсас құқықбұзушылықтарды анықтау бойынша рейдтік іс-шара жүргізуде. Тек бір аптада карантинді бұзудың 83 фактісі анықталды. Олардың негізгі үлесі сауда үйлерінде, сұлулық салондарында және ойын клубтарында. Медициналық бетперде киюді елемейтін азаматтар тарапынан да заңбұзушылықтар бар. Жалпы, карантин басталғаннан бері 1003 заңбұзушылық анықталды. Барлық анықталған карантиндік нормаларды сақтамау фактілері бойынша тиісті хаттамалар толтырылды, - деді Алматы облысы жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бағдат Әшімов.

Облыс аумағында карантиннің бұзылуын анықтау үшін арнайы құрылған мобильді топтар жұмыс істейді. Тек облыс орталығында демалыс күндері енгізілген локдаунға немқұрайлы қарап, іс-шара өткізудің 3 дерегі тіркелді. Ойын-сауық мекемелерінің иелері жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, келушілерге қатысты әкімшілік сипаттағы шаралар қабылдануда. «Жалпы алғанда, облыс бойынша құрамына полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері кіретін 35 мониторингтік топ жұмыс істейді. Олар карантин нормаларының бұзылуын анықтау бойынша тәулік бойы жұмыс жүргізуде», - деді полковник.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"