ГЕНЕРАЛ-МАЙОР ҮШ САҒАТ БОЙЫ ХАЛЫҚПЕН ТІЛДЕСІП, ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ ОТЫРДЫ

Уақыты: 04.12.2020
Оқылды: 999
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Тұрғындар тікелей эфир барысында Алматы облысының бас полицейіне алғыстарын айтып, қызметіне сәттілік тілеп жатыр. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев апта сайын Instagram әлеуметтік желісінде халықпен онлайн кездесуді әдетке айналдырды.

Полиция департаментінің арнайы парақшасы арқылы жүргізілетін тікелей эфирге әлеуметтік желіні пайдаланушылар еркін қатысып, пікірлері мен сұрақтарын қалдыра алады. Сонымен қатар, полиция генералының "Фейсбук" желісінде жеке парақшасы бар екенін және онлайн кездесуде ватсап желісі арқылы бейнеқоңырау жасау мүмкіндігі қаралғанын ескерген жөн.

- Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын енгізді. Осыған орай мен де, қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінің басшылары да апта сайын тікелей байланысқа шығамыз. Халық сенім білдірген қызметте отырғандықтан, олардың пікірін үнемі назарда ұстаймыз, - деді Алматы облысының бас полицейі, генерал-майор Серік Күдебаев.

Үш сағатқа созылған онлайн кездесу барысында тұрғындар полиция қызметіне қатысты түрлі сұрақтар мен пікірлер білдірді.

- Тікелей эфир барысында Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны, «Есік» газетінің тілшісі Әлішер Матхалықов хабарласып, пәтер ұрлығын кәсіп қылған қылмыстық топты құрықтаған тәртіп сақшыларының нәтижелі еңбегі үшін алғысын білдірді. Полиция генерал-майоры мінсіз қызмет атқарып, жақсы нәтиже көрсеткен тәртіп сақшысына және полицейдің еңбегін бағалаған тұрғынға алғысын білдірді, - дейді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"