ТАЛДЫҚОРҒАНДА БЕС ЖЫЛДАН БЕРІ БОЙ ТАСАЛАП ЖҮРГЕН ҚЫЛМЫСКЕР ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 09.12.2020
Оқылды: 1066
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері ауыр қылмыс жасап, бой тасалап жүрген күдіктіні құрықтады.

Оқиға 2015 жылдың 5 қаңтарында Талғар ауданының Жаңалық кентінде орын алған. Жамбыл ауданының 20 жастағы тұрғыны екі жасөспірімге еш себепсіз пышақ жарақатын салып, денсаулығына ауыр зиян келтіріп, қылмыс орнынан із суытқан.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы, 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді. Тәртіп сақшыларынан бой тасалап жүрген күдіктіге іздеу жарияланып, сот органдары оны қамауға алу туралы санкция берді.

Жедел іздестірудің кешенді шаралары барысында облыстық және аудандық криминалдық полиция жедел уәкілдері күдіктіні Талдықорған қаласында қолға түсірді. Тергеу кезінде осы уақытқа дейін оның еліміздің әртүрлі аймақтарында тұрғаны және ресми жұмысқа орналасуды талап етпейтін жерлерде жұмыс жасағаны белгілі болды.

- Күдікті облыс орталығына бірнеше күн бұрын ғана келгені анықталды. Сотқа дейінгі тергеу кезінде күдіктінің Алматы мен Алматы облысында ашылмаған басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріледі. Қылмыстық іс бойынша басқа деректер ҚР Қылмыстық кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды, - деп хабарлады Алматы облыстық полициясының баспасөз қызметі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан