Өшпейтұғын артына із қалдырған

Уақыты: 18.09.2017
Оқылды: 1908
Бөлім: ТҮПСАНА

Бала кезімнен естіп, санамда сақталып қалған ғибраттың бірі – «әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген даналық сөздер. Тағдырдың біздің отбасымызға салған ауыртпалығынан болар, мен бұл сөздерді ауылымыздағы жанашыр қариялар мен тілеулес апалардан ерте естіп өскен баланың бірімін. Мүмкін, бала кезімде үлкендердің аяушылық ниетпен айтқан сөздері мейірімдірек болып көңіліме жұбаныш орнатқан да шығар. Бірақ өсе келе бұл даналығы керемет астарлы сөздің мәнін жете түсініп, құдіреттілігіне көзім жетіп келеді. Саналы түрде мойындадым. Мен ғана емес, 1961 жылы тосыннан қайтыс болған әкеміз Құмарбектің артында қалған он баласының да пікірі осылай деп сеніммен айта аламын. Балаларының алды енді ғана отау тігіп, кенжесі анасының құрсағында жүрген уақытта осындай жағдайға душар болдық. Ел-жұрт та енді-енді етек-жеңін жинап, бейбіт өмірдің қызығын көре бастаған уақытта менің екі шешем жесірліктің кезеңіне тап болды. Шиеттей он баланы қалай адам етіп шығарамыз деген уайым шешелерімді ғана емес, біздің әулетті білетін ағайынның бәрінің жанына батқанын үлкендерден талай рет естіп жүріп өстік. «Жетімге ауыз берген Құдай нәпақа да береді» демекші, елмен қатар тіршілік етіп, біз де қатарға қосылдық. Есейген көзқараспен зерделеп ойласам, мұндай күнге жетуімізге себеп болған балаларының тағдырына алаңдаған екі шешеміздің аналық тілеуін қабыл алған Алла тағаланың назары болса, екіншіден, әкеміздің көзін көргендер мен серіктес болып бірге жүрген ағайынның көмегі көп болған екен. 

Солардың бірегейі, менің әкемді аға деп сыйлап, ауылымызды көркейту мен шаруашылықты қалыптастыруда бірге жүріп еңбек еткен және біздің тағдырымызды назарынан тыс қалдырмай, жанашыр бола білген азамат – Ыбрайымжан аға Қожахметов екенін ел-жұрт жақсы біледі.
Ыбрайымжан ағаның өзі де тоғыз жасында әкеден де, анадан да айырылып, жастайынан жетімдіктің бейнетін көріп, бұғанасы қатпастан үлкендермен қатар жүріп қиындықтың дәмін татып өскен жан. Өзінің айтуы бойынша, «қандай ауыртпалық көріп, аш-жалаңаш қалсақ та тек елдің ішінде болайық» деп, Сәке әже екеуі жоқтан бар жасап, ағайын-көршінің ортасында жүрген. Соғыстан кейінгі тұрмыс жағдай барлығына бірдей қиындық түсіріп, алқымнан алып тұрса да, ниеті бұзылмаған ауылдастары қара нанды бөліп жеп, барымен бөлісіп, Ыбрайымжан ағаларға да шапағатын тигізіпті. 
Сондықтан да болар, ержетіп, ел басқару дәрежесіне көтерілген кезеңнен бастап-ақ үлкен жүректі Ыбрайымжан ағамыз тек бізге ғана емес, сол кезеңдердегі өмірдің қиындығы басына түскен таныстарының бәріне де қамқоршы болды. 
Ыбрайымжан ағаның өткен өмірі кімге болса да үлгі болары сөзсіз. Үлкендердің ақылына тоқтап, жан қадірін мал аяғынан іздеген жан. Бұл кісіні жан-жақты тану үшін өскен ортасы мен еңбек жолын айта кеткенім артық болмас.
Өмірбаянына көз жүгіртсек, Ыбрайымжан аға он бес жасқа толмастан қолына таяқ ұстап шопан да, жылқышы да болады. Мүмкіндікті пайдаланып оқып үлгерген төменгі сыныптық білімі мен мал шаруашылығының қыр-сырын меңгерген шағында 1950-ші жылы біріктірілген үлкен ұжымдық шаруашылыққа алдымен есепші, сосын қой фермасында меңгеруші болыпты. Ел тұрмысы да оңалып, шаруашылықтар да көтеріле бастаған 1958-ші жылы Ыбрайымжан аға Мәскеу қаласында өтетін Халық шаруа-шылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, көп дүниені танып қайтады. Шаруашылық басқару жүйесіндегі жаңа әдістемелер мен құрал-жабдықтармен танысады. Арада көп уақыт өтпей-ақ талантты Ыбрайымжан аға аудандағы үлкен шаруашылықтардың бірі – С.М. Киров (қазіргі Ә.Қастеев) атындағы ұжымдық шаруашылыққа қарасты, менің өскен ауылым Үлкеншыған бөлімшесінде меңгеруші болыпты. Қойған талапты жауапкершілікпен атқарудың нәтижесінде жүгері өнімін жетілдіріп, мал шаруашылығын дамытып, бау-бақша мен алма бақтарын жүйелендіру, ауылды көркейту мен әлеуметтік саланы қалыптастыруда орасан зор еңбек еткен. Тіпті, бүгінге дейін біздің ауылдағы көзге түсетін әдемі орындар Ыбрайымжан ағаның еңбегінің нәтижесі деп айтылады. 
Бұл кісінің ауылшаруашылық саласындағы нағыз талантты ұйымдастырушы және кәсіби маман болып республикалық және одақтық дәрежеге көтерілген уақыты, өзінің замандастары – екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Н. Н. Головацкий, КСРО Жоғарғы Кеңесінің бірнеше шақырылымының депутаты И. Б. Белалов, бірнеше орденнің иегері Н. С. Сауранбаев сияқты әріптестерімен қатар ұжымдық шаруашылықтың төрағасы болған кезеңге сәйкес келеді. 
Ел-жұртын ұйымдастырып, шаруашылықтағы қой басын 60 мыңға, ірі қа–раны 4 мыңға, құсты 200 мың басқа жеткізіп, жүгері өнімінен 1,5 мың тонна астық алу көрсеткішіне қол жеткізген. Бұл жетістіктер үшін ұжымшарға Еңбек Қызыл Ту ордені берілді.
Ыбрайымжан  аға 30 жылға жуық С.М. Киров атындағы ұжымдық шаруашылықта төраға болып адал қызмет істей жүріп, аяғын жерге тіреп, арқасын еліне тіреген нағыз азамат болған жан. 
Ел арасында үлкен құрметпен «Дала академигі» атанса, халқы үшін атқарған елеулі еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып екі мәрте Ленин, «Құрмет белгісі» ордендерімен және ҚСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Алматы облысының және Панфилов ауданының Құрметті азаматы атанды. 
Ел аманатын арқалап, КСРО халық депутаты және КСРО халық депутаттары сессиясы сайлаған Ұлттар кеңесінің мүшесі болды. 
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп тегін айтылмаған болар. Ыбрайымжан аға шаруашылықтың да, өзінің де қол жеткізген жетістіктері ауылдастарының еңбегінің арқасы екенін мойындап, жария етіп өткен адам. Қолынан келгенше демеу болып, жүздеген жерлестерін әртүрлі деңгейдегі мемлекет және Үкімет наградаларына ұсынды, жерлес қарындастары, үздік жүгері өсірушілер Әдаләт Зайнаудинова мен Күләш Айтжанованы Социалистік Еңбек Ері, ал Рахима Мұзаппарованы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағына жеткізді. Ауылында туып-өскен жүздеген жастардың жоғары оқу орнына түсіп, маман болып оралуларына, қызметке орналасуына жол ашып берді. Ауылдан әскер қатарына аттанған әрбір баланың аман-сау оралуын ата-анасымен бірге тілеп жүрді. Ауылдан өсіп шыққан әрбір азаматтың өмір жолын қадағалай отырып, сол адамның жеткен жетістігіне әкесіндей қуанып, көпшіліктің арасында үлгі етіп айтып отыру ағаның тағы бір ерекше қасиетіне жатады. 
Нағыз еңбекпен шыңдалған Ыбрайымжан ағаның мінезінен, жүріс-тұрысынан немесе тұрмысынан ерекшелену дегеннің белгісі сезілген емес. Қойшымен де, сауыншымен де, диқаншымен де, сушымен де, тіпті, мұғаліммен де бірге жүріп, бірге тұратын. Бәрімен өзін бірдей ұстайтын. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жете білетін басшы болды. Ауылдастарының отбасына түскен ауыр жағдайда өмірінің соңғы күніне дейін өзі шапқылап барып, көңіл айтып, басы-қасында жүретінін ел-жұрты ризашылықпен айтады. 
Ыбрайымжан ағаның осындай жақсылығын көргендердің бірі біздің отбасымыз. Әкем қайтыс болғаннан соң анам Жамалқан сауыншы болып, ағаларым ұжымдық шаруашылықтың әр саласында қолдарынан келетін жұмыстарда жүрді. Ешкімнен кем болмасын, бір тиын тапса да, қатарда жүрсін деп қамқоршы болды. Қиналған сәттерде ақылын айтып, жетпеген уақытта отын-суы мен жемшөпке де қолының ұшын беріп жүрді. Мектепке бас сұққан уақытында біздің оқу үлгерімімізді назарынан тыс қалдырған емес. Ауылға келген сәттерінде үйге соғып, апаммен ұзақ әңгімелесіп, ақыл-кеңестерін аямады. Ал жоғары оқу орнын аяқтап келген сәттен бастап менің бауырларым тікелей осы кісінің қарамағында еңбек етіп, шыңдалды, тәжірибе жинады. Осындай қамқорлық бізге ғана емес, әртүрлі ұлт өкілдері тұратын ауылымыздағы көптеген ағайынға көрсетілді. 
Мен жастайымнан ауылдан тыс жерлерде қызметте болып, тек 2000 жылдан бастап ағайынмен жиі араласа бастадым. Ауылға іссапармен немесе демалысқа келген уақыттарымда міндетті түрде Ыбрайымжан ағаға барып сәлем беріп жүрдім. Тумысынан қарапайым, аса парасатты, ойы да, бойы да жинақы жүретін ағамен құшақтасып, амандасудың өзі бір ерекше сәттер еді. Міндетті түрде дастарқанға шақырып, өзіне ғана тән қоңыр дауысымен айтқан әңгімесі де тартымды шығатын. Ыбрайымжан аға көп ақыл айтуды ұнатпайтын адам, қайта ортада қандай жаңалықтар бар, қарапайым ауыл адамдарының жағдайын жақсартуға не қарастырып жүрсіңдер деген көпшіліктің мүддесін жеткізуге баса көңіл аударатын. «Ауылға келдің – демал, біз сені көп мазалай бермейміз, бірақ төңіректе болып жатқан тіршілікті көріп кет» деп әкелік жолын білдіретін. 
2007 жылдың күзінде Панфилов ауданында Алматы облыстық әкімдігінің қолдауымен Ыбрайымжан ағаның 80 жылдық мерейтойы кең көлемде тойланды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен ағамен қызметтес болған мамандар, аудан және облыс басқарған ел ағалары мен жерлес ақын-жазушылар құттықтап келді. Облыс әкімі Серік Әбікенұлының құттықтау хаты тапсырылып, арғымақ мінгізілді. Аудан өнерпаздарының құрметі көрсетілді. Менің де бағыма ағаның тойында иығына шапан жауып, қолына сағат тағу бақыты бұйырды. 
2009 жылы мен Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қабылдауында болып, Алматы облысының бірнеше аудандарында сайлаушылармен өткен кездесуім және ауылдағы тіршілік жайында көрген-естігендерімді жеткіздім. Ауыл ақсақалдарының Президенттің саясатын қолдап отырғанын, тілеулес болып жүргендерін баяндап, солардың бірі – ауылшаруашылық үздігі, белгілі басшы Қожахметов Ыбрайымжан аға екендігін де айттым. Елбасы Ыбрайымжан ағаның мықты шаруашылық басшысы болғанын білетінін айтып, Жаркент еліне сәлем жеткіз деп тапсырған еді. Мен сол күні-ақ аудан басшысы Ермек Әбілмәжінұлымен хабарласып, Елбасының сәлемін жеткіздім. Көп ұзамай ауылға барған сапарымда Ыбрайымжан ағаның өзіне де әңгімелеп бердім. Елбасына рахметін айтып, маған риза болып, қуанып қалған еді.
Соңғы жылдары сырқаттанып, балалары Қытайға апарып емдетіп келген сәтте көңілін сұрауға барған кезімдегі мына әңгіме есімде мәңгіге сақталып қалды. «Рамазан балам, мен саған ризамын. Жақсы азамат болып өстің. Тек әулеттің ғана емес, еліңнің атын шығарып жүрсің. Мен жалпы Құмарбек ағаның ұлдарына ризамын. Барлығың менің көз алдымда өстіңдер. Есіл-дерттері тек сендерді ойлаған апаң мен тәтеңнің үмітін ақтадыңдар. Сендердің осылай болып қалыптасуларыңа аз да болса үлес қосқаныма өзім де қуанамын. Қожақан, Иса, Өмірхан, Нәби, Дәулет, Мұхтархан бәрі менің қарамағымда қызмет етті. Адал жүрді, адал істеді. Нәбиді өзімнің орныма төраға етіп сайладық. Сендер – келешектерің бар азаматсыңдар. Тағы да сендерге айтар ақылым: әркім өзі шаққан тауы биік болсын деген үміт дүниесінің желкен қайығымен жүреді. Бірақ бос қиялдан гөрі, еңбекке сену керек. Тәуекелдің төресі осы, тауға да шығарады, дауылдан да алып өтеді. Біздің ауылдың балаларының қолы жақсылыққа жетсе, тек еңбектің арқасында ғана жетіп келеді. Мен бұны жақсы білемін. Сондықтан артыңнан ерген іні-қарындастарыңа білгеніңді үйретіп, ақылыңды айтып жүр», – деген аманатын айтып еді.
Ағаның осы сөзін көңілімде ұстап, жыл сайын ауылға барған уақытта, Ыбрайымжан аға өзі салдырған, өзім онжылдықты аяқтаған және бүгінгі күні ағаның қызы Рахилям басшы болып жүрген Әбілхан Қастеев атындағы мектепте оқушылармен кездесу өткізіп, көрген-білгеніммен бөлісіп келемін.
2011 жылдың тамыз айында демалыста жүрген уақытымда Ыбрайымжан ағаның үйіне сәлем бере барып, қоштасар сәтте: «Аға, Сізге сәлем беру міндетіміз ғой, қаншама адам қолыңыздан ұстауды армандап жүр емес пе, тезірек сауығып кетіңіз, еліңізге әлі де керексіз, Сіз сияқты ақылшы бізге керек», – дедім.
Аға ақырындап басын көтеріп, менің қолымнан ұстап отырды да: «Рамазан балам, үлкендер айтатын «мың тал егу жайындағы өсиеттен бір шыбықты отырғызған артық» деп. Мен қолымнан келгенше адал еңбек еттім. Ел-жұртым сыйлайды, рахмет. Осы ақсақал жасыма жеткенше ағайын-туыстың арасында тұрып еңбек етіп, солардың сенімін ақтап, бала-шағасының азамат боп өсуіне көмегімнің тигеніне қуанамын. Ұлтына, жасына қарамастан көшеде кездескендер алғысын айтып, амандасқаны, қуанышты сәттерінде қатардан қалдырмай тойларына құрметтеп шақырып, төріне отырғызғаны, ақыл-кеңес сұрауға келгендері, өзімнің де бала-шағамның көпшілікпен сыйласып өскені мен үшін ең жоғары құрмет. Тату-тәтті болыңдар, сыйласып жүріңдер. Қазақ ата тегінен шеннен аулақ, шекпенге де құмартпаған, сыйлағанның құлы болған ұлы халық. Біздің ауылдың азаматтарына қарапайымдылық жарасады, әкелерің солай болған», – деп ақ батасын беріп, шығарып салған еді жарықтық. 
Бұл Ыбрайымжан ағамен соңғы кездесуім екен. Көп ұзамай суық хабар да жетті. 2011 жылдың 26 желтоқсан күні 85 жасқа қараған шағында аға өмірден өтті.
Бұл – табиғаттың заңы, ал оны мойындау пенденің парызы. Ыбрайымжан ағаның артында қалған ұл-қыздары елге сыйлы, көршімен тату, белгілі азаматтар болып өсті. Аблеким мен Сауыт ағалар – инженер, Бахарам апай мен Тұрсын ағай мұғалім, Марат пен Серік ауылшаруашылығының мамандары. Бүгінгі күні Ыбрайымжан ағаның атындағы үлкен шаруашылыққа иелік етіп жүр. Ал Рахилям қарындасымыздың мектеп басшысы екенін айтып өттім. Бұлардың әрқайсысынан ағаның немерелері өсіп келеді. Марқұм олардың да қызығын көріп кетті. 
Адамның артында қалатын өшпес ізі, ол – жасаған ісі, адал еңбегі, азаматтығы мен жақсылығы. Қанша уақыт өтсе де бұл қасиеттерді әділ бағалайтын ол – Уақыт пен Халық. Ыбрайымжан аға Қожахметов сияқты дана да дара туған Ел ағасы мәңгі есімізде сақталады. Біздің айтарымыз: «Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа, иманыңыз жолдас болсын! Ел-жұртыңыз Сізге риза, Аға!» дей отырып егер де ағамыз тірі болғанда биыл 90  жасқа толар еді деп сағынышпен еске аламыз. 

Рамазан СӘРПЕКОВ,
ҚР Әділет министрлігінің қызметкері.
Астана қаласы.