Алғашқы ректор

Уақыты: 18.09.2017
Оқылды: 2118
Бөлім: ТҮПСАНА

Әр істің басында білікті басшы тұрады. Жетісу мемлекеттік университетінің де алғашқы қазығын қағып, қалыптасып, өзіндік арна салуына мүмкіндік ашқан, осы іске бар тәжірибесі мен білімін жұмсаған жанның болғаны анық. Ол – филология ғылымдарының кандидаты, профессор, университеттің алғашқы ректоры Лениншіл Зиябекұлы Рүстемов. 

Лениншіл Зиябекұлы 1932 жылы 8 тамызда Шымкент облысында Коммуна бөлімінде қызметкерлер отбасында дүниеге келген.  Әкесі Зиябек Рүстемов  Ленин мен төңкерісті жырға қосқан, лениндік саясат идеалдарына барынша сенген коммунист ақын, кенже ұлын Лениншіл деп атаған. 
1953 жылы Лениншіл Зиябекұлы Ортаазиялық мемлекеттік университетін шығыс (иран-ауған) филологиясы мамандығы бойынша тамамдады. Ақсу ауданы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепте орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, Қазақстан ЛКЖО Келес аудандық комитетінің бірінші хатшысы болды. 1958-1962 жылдары ҚазМУ-дің қазақ тілі кафедрасы аспирантурасында білім алды. Кейіннен ҚазССР Жоғары және орта білім министрлігінің жоғары оқу орындары басқармасы бастығының орынбасары, инспекторы қызметтерін атқарып, педагогикалық білім мекемелері басқармасының бастығы, Талдықорған педагогика институтының ректоры, Қазақстан Компартиясы ОК ғылым және білім мекемелері бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ҚазССР ағарту министрінің орынбасары болды. 80-ші жылдары Лаос Халық Республикасының Вьентян университетінде еңбек етті. Орыс тілін зерттеу орталығының басшысы болған кезінде орыс және лаос тілдерін салыстыра отырып, сөздің құрылу мәселелері мен қағидаттарын зерттеді. 1989 жылы әл-Фараби атындағы ҚазМУ-ге қайтып оралып, университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры, шығыстану факультетінің иран-түрік филология кафедрасының бірінші меңгерушісі, факультет деканы болды. Соның ішінде біз оның 1973 жылғы 11 маусымда жаңадан ашылған Талдықорған педагогикалық институтының ректоры болып тағайындалып, оны үш жыл басқарған кезіне тоқталып өтпекпіз. 
«Қайта ашылған жоғары оқу орнының басшысы бола отырып, институтты қалыптастыру ісіне, оқу процесін ұйымдастыруға бар күш-жігерін салып, өзінің зор ұйымдастырушылық қабілетін, алға қойылған мақсатына қол жеткізуде табандылығын көрсетті», –  деп жазылған Л. Рүстемовтің жеке ісінде.
Алғашқы оқу жылында оқу және ғылыми қызмет бес кафедрада жүргізілді: марксизм-ленинизм, физика, математика, тілдер және әдебиет,  педагогика және психология кафедрасы. Институттың 25 оқытушысының ішінде 11 ғылым кандидаты болды. 
Лениншіл Зиябекұлын жақсы танығандар ол кісінің көрнекті ғалым, білікті басшы, талантты ұйымдастырушы, шешен сөйлейтін, тамаша әрі ақкөңіл адам болғанын айтады.  
Ол туралы профессор Б. Дамитов былай деп еске алады: «Л. Рүстемов жинаған ұжым жас болды, оқытушылық жұмыста көп тәжірибелері болмады, бірақ жұмыс істеуге деген құлшыныстары зор болды. Бұл тұста бізге ең алдымен үлгіні ректордың өзі көрсетті. Оның күш-жігері мен табанды еңбегінің, партия обкомының және облыстық атқару комитетінің ауқымды көмегінің арқасында институт алғашқы уақытқа қажетті оқу ғимараттарын, болашақ студенттерге арналған жатақхана мен алғашқы ұстаздар мен қызметкерлер үшін пәтерлер алды... 
Ол бізді оқу жоспарларын, сабақ кестесін құруға, оқу жүктемесін есептеп, бөлуге және кафедраны немесе факультетті басқаруда негіз болып табылатын басқа да көптеген іске үйретті... Ректорға қарап біз институтты жаңа оқу жылына, оқуға түсу емтихандарына ойдағыдай әзірледік, барлық зертханалардың, оқу кабинеттері мен шеберханалардың материалдық-техникалық базасын құрдық. Осы тұста Лениншіл Зиябекұлының аса зор ұйымдастырушылық қабілеті, оның айналасындағылардың жігерін жани білу қасиеті барынша көрініс берді».
Осындай қарым-қатынастардың, ректордың жеке басының ынта-жігерінің, еңбексүйгіштігінің және білімділігінің, жас ұжымның жігері мен еңбекқорлығының арқасында институт бірнеше жылдың ішінде-ақ өзін табысты оқу орны ретінде көрсетті. Институт базасында ірі республикалық шаралар, ғылыми және әдістемелік семинарлар мен конференциялар өткізіле бастады. Институттың танымалдылығының артуына «Жетісу» студенттік музыкалық ансамблінің де ықпалы тиді, бұл ұжымды аз уақыт ішінде тамаша ұйымдастырушы және өз ісінің шебері Ақсұлу Манаспаева құрған еді. 
Профессор Л. Толмачева алғашқы ректор туралы былай деп жазады: «Оның ғылыми қызметінің бұл кезеңі жоғары мектептің маман-түлектерін даярлауға, оқыту әдістемелерін теориялық әзірлеу және практикалық енгізуге, ұстаз еңбегінің бағасын арттыруға, студенттердің бойында ой-өрісін үнемі дамытып отыруға деген қажеттілікті тәрбиелеуге, олардың туған халқының тарихы мен мәдениетіне қызығушылықтары мен құрметтерін арттыруға арналды. Л. Рүстемовтің бастамасы бойынша Талдықорған институтына 1977 жылы туған өлкесі Жетісуды мадақтап жырға қосқан,  ұлт мақтанышына айналған, қуғын-сүргін жылдары өмірден мезгілсіз өткен көрнекті ақын Ілияс Жансүгіровтің аты берілді... Лениншіл Зиябекұлының өзі ректор болып қызмет атқарған кезеңі – бұл шығармашылық қол жеткізген табыстары тұрғысынан оның өміріндегі ең керемет кезең болғанын бірнеше рет айтқан еді». 
Ректордың бастамасы бойынша 1976 жылы филология факультетінің жанынан музыка және ән кафедрасы ашылды, кейіннен ол музыкалық-педагогикалық факультетке айналды. 
Талдықорған қаласындағы Киров көшесінде алғашқы студенттік жатақхананың есігі айқара ашылып, институттың бас оқу корпусы құрылысының алғашқы кірпіші қаланды. 
 1975 жылы қазан айында жүгері жинаудағы ерен еңбегі үшін институт ұжымы Қазақстан Компартиясы Панфилов аудандық комитетінің ауыспалы Қызыл Туымен марапатталды. Ол құнды жәдігер ретінде университет мұражайында әлі күнге дейін сақтаулы. 
Институттың бірінші ректоры облыстың қоғамдық өміріне де белсене араласты. Қазақстан Компартиясының Талдықорған обкомының мүшесі, институт партбюросының мүшесі, еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің депутаты, Қазақстан КП ХIV съезінің делегаты болды. 
Л. Рустемов – көрнекті шығыстанушы-лингвист. Ол  40 ғылыми және ғылыми-танымал брошюраның, мақалалар мен 5 кітаптың авторы. Бүгінгі таңда Лениншіл Зиябекұлының үш еңбегі – «Gazirgi gazag tilindegi arab parsi kirme sozderi», «Arab-iran kirme sozderining gazagsha-oryssha tusindirme sozdigi. Kazakhsko-russkii tolkovyi slovar arabsko-iranskikh zaimstvovannykh slov», «Rahnama yi zaban I farsi» АҚШ Конгресінің кітапханасында тұр. Профессордың басқа да еңбектері кітапханалық каталогтар мен қызметтердің бүкіләлемдік желісі WorldCat сайтында көрсетілген. 
АҚШ Қорғаныс министрлігінің жанындағы қорғаныс мәселелеріне байланысты Орталық ғылыми және техникалық ақпараттар қоймасының сайтында Л. Рүстемовтің мақаласына мынадай аннотация берілген:  «Лениншіл Рүстемовтің  2700 сөзден тұратын мақаласы – Ауғанстанның өткені мен қазіргісін баяндайтын екінші мақаласы болып табылады. Автор сәуір айында Кабул және басқа қалаларға кеңестік Достық қоғамы делегациясының мүшесі ретінде барған. Оның мақаласы «Меридианы дружбы»» журналының тұрақты айдарында жарияланды. Рүстемовтің мақаласының басым бөлігі Ауғанстандағы төңкерістен кейінгі білім беру жүйесіне арналған».
2003 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласындағы Әуезов ауданының «Ақбұлақ» ықшамауданында Асфальтная көшесінің қиылысындағы 2-ші көшеге Лениншіл Зиябекұлы Рүстемовтің есімі берілді. Қазірде университеттегі студенттік аудиториялардың бірі филология ғылымдарының кандидаты, профессор, көрнекті шығыстанушы-лингвистің атында. Университет ректоры, профессор Қуат Баймырзаевтың бұйрығымен өткен жылдан бастап ЖМУ-дің Құрмет кітабы енгізілген, оның алғашқы бетіне Лениншіл Зиябекұлы Рүстемовтің есімі жазылған. 
Университет кітапханасының қорында «Өнегелі өмір» сериясы бойынша «Қазақ университеті» баспасында жарық көрген Д. Рүстемов туралы бір ғана кітап бар. Шын мәнісінде республикалық газет-журналдардың бетінде бұл кісі туралы жарық көрген мәліметтер өте аз. Осыған орай кітапта замандастары мен туыстарының естеліктері берілген. Онда өмірін қоғамға, ғылымға арнаған зиялы ғалымның өмірі мен еңбек жолы, адами қасиеті толықтай қамтылған деуге болады. 
Қытай философы Лао Цзының «Егер адам өмірден өтсе де есте қалса – демек, ол тірі» деген сөзі бар. Лениншіл Зиябекұлының есімі қазір де жадымызда, сондықтан да ол мәңгілік жасай бермек, оның қалдырған өсиет-өнегелерінен үйренеріміз мол. 
Университеттің алғашқы ректоры туралы әңгімемді аяқтай келе, бүгінде өзінің 45 жылдығын атап өтіп жатқан Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті Жетісу өңірінің ғана емес, бүкіл еліміздің ғылым және білім саласындағы көшбасшыларының бірі болып жүргенін айта кеткен жөн. Біздің ғылым және білім орталығымыз туралы Америка, Еуропа, Азия елдері біледі. Ал осындай биік дәрежеге жетуінде университет негізін қалаған алғашқы ректор еңбегінің ізі жатыр.

Клара Тажиева, 
І. Жансүгіров атындағы ЖМУ мұражайының директоры.