Қазақ тілінде сөйлемейтін жастардан қорқамын

Уақыты: 19.09.2017
Оқылды: 1615
Бөлім: ТҮПСАНА

«Көпті көргеннен сұра» демекші, айтары көп ақсақалдарымыздың арамызда жүргені көңіл қуантады. Олардың әңгімесін естіп өскен баланың  кейін жолы ашық боларына сенімім мол. Осы орайда, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының және Шоқан Уәлиханов атындағы академиялық сыйлықтың лауреаты Телғожа Жанұзақовпен аз-кем әңгімелескен едім.

– Аға, алдымен 90 жасыңыз құтты болсын! Жасыңызға жас қосылып, денсаулығыңыз мықты болсын дегім келеді. Әңгімені тоқсан жыл бұрын дүниеге келген туған топырақтан бастасақ. 
– 1927 жылы 15 шілдеде Нарынқол ауылында дүниеге келдім. Әкем Жанұзақ Сатаев, шешемнің аты Бүбиша. Ағайынды Әбдіманап, Телғожа, Телман атты үш ұл едік. Күләй атты қарындасымыз болды. Жетіжылдықты Нарынқолда, онжылдықты Жалаңашта оқыдым. 1947 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының филология факультетіне түсіп, оны 1951 жылы аяқтадым. 
– Неге қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдадыңыз?
– Мектепте оқып жүргенімде маған қазақ тілі мен әдебиетінен Әкімқожа Сәдіров, Мұстафа Жүнісов деген ұстаздар сабақ берді. Солар мені осы пәнге қызықтыра білді ғой деймін.
– Ғылым жолына қалай келдіңіз?
– Аспирантураны бітірген соң  Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтына қызметке тұрдым. Сөйтіп, ғылыми жолым басталды да кетті. 1961 жылы «Қазақ тіліндегі кісі есімдері» деген тақырыпта кандидаттық, 1976 жылы «Қазақ ономастикасының негізгі проблемалары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғадым.
– Осы уақытқа дейін қанша ғылыми еңбек жаздыңыз?
– Олардың жалпы саны – 475. Мұның 32-сі монография, 12-сі кітапша. Тағы мен жасауға қатысқан 35 сөздік бар. Қалғандарының бәрі ғылыми, ғылыми-көпшілік және публистикалық мақалалар. Бұл мақалалардың 20-сы шетелдік басылымдарда басылды.
– Әлі де басылмай жатқан еңбектеріңіз бар шығар?
– Бар. Олар: «Қазақ ономастикасы», «Қазақ ономастикасының негіздері», «Халықаралық географиялық терминдер» және «Этимология древних топонимов Казахстана». Бұлардың бәрі көлемді монографиялар.
– Шетелге шығып көрдіңіз бе?
– Шетелге саяхатқа, демалуға барған емеспін. Мамандығыма (ономастикаға) байланысты Краков (1978), Лейпциг (1984), Хельсинки (1990) қалаларында болып, халықаралық конгресстерге қатыстым, баяндамалар жасадым.
– Сіздің негізгі ғылыми-зерттеу нысаныңыз қазақша айтқанда кісі есімдері (антропонимика) мен жер-су атаулары (ономастика). Жаңа бір сөзіңізде «35 сөздікті жасауға қатыстым», дегенді айтып қалдыңыз. Бұл салаға неге бардыңыз?
– Тіл білімі институтына алғаш келген жылы басшылар маған «Тіл білімі терминдерінің орысша-қазақша сөздігін» жасауды тапсырды. Жасап шықтым. Кейіннен (1966 ж.) ол сөздік институт директоры          І. Кеңесбаев екеуміздің атымыздан басылып шықты. Содан бастап институтта сөздік жасалса болды, өз мамандығымды тоқтата тұрып, сөздікші ретінде мені соған апарып қосатын болды. Сөйтіп, 1 томды, 2 томды, 10 томды, 15 томды «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін», «Абай тілі сөздігін» және орысша-қазақша, қазақша-орысша сөздіктерді жасаушылардың бірі болдым.
– Сіздей ұстаздан тәлім алам деушілердің санында шек жоқ шығар. Шәкірттеріңіз көп болар?
– 15 кандидат, 3 ғылым докторын даярлап шығардым. Бәрі де өз мамандықтары бойынша Қазақстанның әр аймағында қызмет істеп жүр.
– Баяғыда Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтында С. Аманжолов, Н. Сауранбаев, І. Кеңесбаев, М. Балақаев, А. Ысқақов, Ғ. Мұсабаев сияқты ғылым корифейлері болушы еді. Қазір солардың орнын басатын кімдер бар?
– Тек Ә. Қайдар мен Р. Сыздықованы ғана айта аламын. Қалғандары ол деңгейге әлі көтеріле қойған жоқ.
– Мансапқа қалай қарайсыз?
– Әрине, адам сол атақ-дәрежеге лайықты болса, оның артықтығы жоқ. Бірақ әр уақытта солай бола бермейді. Атақ-дәрежесі дардай, ал өзі түкке тұрмайтын адамдар өмірде аз кездеспейді. 1989 жылы Қазақ ССР ҒА-ның корреспондент-мүшелігіне конкурсқа түстім. Өтпей қалдым. Соған дейін мен мұндай атақты ғылымға сіңірген еңбегіне қарап береді деп ойлаушы едім, сөйтсем олай емес екен. Оған кімнің ақшасы көп, кімнің танысы бар, сол өтеді екен. Сондайға ыза боласың.
– Қатты қуанған немесе қатты қайғырған кездеріңіз болды ма?
– Адам болған соң ондай-ондай болады ғой... Докторлық диссертациямды жазып бітіп, диссертациялық кеңеске өткіздім. Белгісіз себептермен  басшылар қорғатпай 2 жыл ұстады. Қатты қайғырдым. Қорғағаннан кейін  құжаттарымды Мәскеуге жібердім. Жарты жыл ішінде бекіді. Қатты қуандым. Өйткені маған дейінгі қорғағандар диссертациясының бекітілуін 4-5 жыл күтетін.
– Неден қорқасыз?
– Қазақ тілінде сөйлемейтін, әдебиетті оқымайтын, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді сақтамай-     тын жастар көбейіп келе жатыр. Қазақ тілінің, қазақ мәдениетінің келешегі қалай болады деп содан қорқамын. Қазақтың әні екеш әніне көңіл аударып көріңізші. Айғай, аттан, шыңғыру... Әннің бұрынғы нәзіктігі, саздылығы, көңілге әсерлілігі жоғалып бара жатқан сияқты.
– Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз?
  Құдай қосқан жарым Нариман Смайылқызымен 1953 жылы танысып, 1956 жылы үйлендік. Екі ұлымыз бар. Үлкеніміздің аты – Еркін, кішісі – Жарқын. Екеуі де үйленген, отбасылы. Еркіннен Ернар деген немереміз бар. Қазір Қытайда оқып жүр. Қазақ, орыс, қытай тілдерін жақсы біледі. Жарқыннан екі немереміз бар: Зарина және Санжар. Зарина оқуын біткен. Дубайда қызмет істеп жүр. Ал Санжар – студент. Ұлыбританияда оқиды. Ақыры отбасым туралы  айтқан екенмін, түгел айтайын. Жұбайым Нариман – орыс тілінің маманы, педагог, филология ғылымының кандидаты, профессор. Көп жыл бойы Алматы университеттерінде орыс тілі кафедрасының меңгеруші болып қызмет атқарды. Басында мен орыс тілін, ол қазақ тілін нашар білетінбіз. Бірімізге біріміз үйретіп жүріп, қазір екеуміз де екі тілді еркін меңгеріп алдық. Менің орысша жазған кітаптарымды редакциялайтын да, машинкаға басатын да Нариман. Ол менің өмір бойғы жәрдемшім, қолдаушым, ақылшым болды. Менің осы дәрежеге көтерілгенім Нариманның арқасы. Мені ғылымға қойып,  үй ішінің барлық ауыртпалығын өз мойнына алды. 
– Сіздердің жолдарыңызды қуған ұрпақтарыңыз бар ма?
– Екі ұлымыз басқа мамандықты таңдады. Қазіргі бар үміт немереміз Ернарда. Жоғарыда айттым ғой, ол үш тілді бірдей меңгерген деп. Оқуын бітіріп елге келсе, мүмкін біздің жолымызды қуар деп, тілеуін тілеп жүрміз.
– Олай болса, Телаға, Алла тілеулеріңізді берсін! Бастарыңыз аман, дендеріңіз сау болсын! Уақытыңызды бөліп, әңгімелескеніңіз үшін сізге көп рахмет. 

       Байынқол ҚАЛИҰЛЫ.
Алматы қаласы.