Заңгердің жолы жіңішке, жүгі ауыр

Уақыты: 25.09.2017
Оқылды: 1741
Бөлім: ТҮПСАНА

 

Заң ғылымдарының докторы, Д. Қонаев атындағы Еуразиялық заң ака­де­миясының ректоры Өмірәлі Шакарапұлы Жалаириды көзіқарақты жұрттың бәрі біледі. Ол кісінің бұрынғы еңбектерін айтпағанның өзінде тәуелсіз мемлекетіміздің құ­қықтық негіздерін қалауға қосқан үлесі өзінше бір төбе. Қазір ҚР Президенті жа­нындағы Құқықтық саясат кеңесінің мүшесі. «Құрмет» орденінің иегері. Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері.

Жетпіс бес жастың асқарына көтерілген заңгердің ел-жұртына айтары аз емес. Әңгімелері қызықты да өнегелі. Жинақтаған мол тәжірибесі – жастар үшін өз алдына бір мектеп. Ендеше, заңгер ағамыздың жан сырына құлақ түрейік.

– Өмірәлі аға, сіз қазір айтулы ғалым, қабырғалы қайраткерсіз. Сөз жоқ, бойыңызға күш берген, ойыңызға қанат бітірген қасиетті туған жер. Оның ауасынан бір жұтпай, көк шалғынына аунамай, бұлағынан сімірмей көңіл шіркін көншімес. Әңгімемізді осыдан бастасақ.

– Қанша жасқа келсе де адам туған жерін сағынудан танбайды. Сол кездердің мөлдір естеліктері жадыңнан кетпейді. Кербұлақ ауданында Беріктас деген ауыл бар. Бұл ауыл – менің кіндік қаным тамған жер. Әкем – Шакарап, анам – Жақсыбала. Солардың қуанышы болып дүниеге келіп, тоғыз айға толыппын. Сол күні біздің үйге әкемнің немере әпкесі Жібек келеді. Бұйымтайын айтады.

«Айналайын бауырларым, бастарың жас, көретін қызықтарың алда. Ал мен жалғыз қызым Тұрашқа қарап отырмын. Оны жақсы білесіңдер. Ал, заманның қаталдығы мынау. Баласы жоқ әйелді Қарағандыдағы  – ФЗО-ға әкеткелі тұр. Сондықтан, менің сендерден сұрайтыным, бесіктегі мына ұлды бауырыма салыңдар. Бәлкім, осы жаманның аяғы құт болатын шығар?!» – дейді.

Ата дәстүрден аса алмайтын әке-шешем не десін, ақсақалдардың ұйғаруына көніп, мені ол кісілерге береді. Сөйтіп, құжаттағы тегім  Өмірәлі Қажыбайұлы Қопабаев болып алдағы күндерге қарай қадам басқан екенмін.

Менен кейін Қалиахмет деген інім туады. Бірақ, жазмыштан озмыш жоқ деген осы! Қалиахмет бес жасқа келгенде шетінеп кеткен. Енді баяғы Жібек әпкем секілді әкем ол кісілерге барып өз ұлын қайтаруды сұрапты. Сөйтіп екі әулетке ортақ ұл болдым. Екі ауылдың арасын шаңдатып өскен балаға айналдым. Әпкемнің аузына құдай салған шығар деймін, Қажыбай мен Тұраштан сегіз бала өрбіді. Мәуелі бәйтеректей жайқалды.

Қатар жатқан ауылдар – Төңкерісте, Беріктаста, Шұбарда, Рудник Көксуда бірде қазақша, бірде орысша оқып, 1963 жылы аттестат алдым. Ол кездегі мұғалімдердің болмыстары өзгеше. Талабы зор, білімдері мықты. Бізді шыңдап, шынықтырып, арман жолына түсірді. Мәселен, бастауыш сыныпта сабақ берген Хамитов ағай, математикадан сабақ берген ұстазым Ольга Павловна Будащенко, химик апайымыз Валентина Дмитриевна Сильченко секілді ізгі жандар мамандықтарының асқан шебері еді.

– Дұрыс айтасыз, аға. Бәрі мұғалімдерді сіздей бағаласа қандай ғанибет?! Қоғам түбінде осы көзқарасқа табан тірейді деп сенеміз. Сонымен, ендігі жолыңыз қай бағытқа бұрылды? Заңгер болу таңдауы ойыңызға қайдан келді?

– Қуаныш есімді сыныптасым кездесіп қалып «Өмірәлі,  Шымкент қаласына барып, сондағы институтқа құжат тапсырайық» деді. Келістік. Алайда, бір себептермен ол ауылдан шыға алмады. Сондықтан, сол жылы жоғары оқу орнына баруды мен де доғардым. Сәті түскенде, ауылдағы сегізжылдық мектептің директоры қолқа салып, қолыма ұсыныс хат берді. Аудандық оқу бөліміне жіберді. Ол мамандардың аз кезі. «Шырағым, математикадан сабақ беру оңай емес», – деді оқу бөліміндегі Әсемқұл ағамыз. Содан кейін мені барынша тексерді. Нәтижесінде сынақтан сүрінбей өттім. Егер қараша айында әскери міндетті орындауға кетпегенімде несібем мектептен бұйырар ма еді, кім біледі?!

Бурят жерінің Ачинск қаласында әскери борышымды өтедім. Әуе қорғанысы саласында жүрдік. Ай мен күнде тоқтау бар ма, бәрі сырғып өте шықты. 1967 жылы Талдықорған Алматы облысынан бөлінді. Сол кезде әскери комиссариатқа жұмысқа тұрдым. КПСС мүшесі болғаным, сержант шенін алғаным кәдеге жарады. Одан кейін облыстық ішкі істер басқармасына шақырылдым. Жастайымнан орыс жазушысы Лев Шейниннің «Тергеушінің жазбаларын», Кемел Тоқаевтың «Сарғабанда болған оқиғасын» қызыға оқығаннан шығар, маған милицияның өмірі қатты ұнады. Алайда, өмір деген қызық қой. Жеңгең Қашипа Рахымбекқызы Дарханбаеваның арқасында заңгерлікті таңдауға тура келді. Оған қуанбасам, ешқашан өкінген емеспін.

– Сонда қалай, жеңгеміз үлкен қызметкер болды ма әлде сізді жолдан бұра алатын басқа себептері бар ма? Соның қызықтарына тоқтала кетсеңіз.

– Оның қызығы мынада, махаббат милицияны да жуасытады екен. Талдықорғанның есепші қызы аяғымнан тік тұрғызды. «Бір-бірімізді ұнаттық, оған айтар уәжім жоқ. Бірақ милицияның қатарында жүре берсең, жолымыз түйіспеуі мүмкін. Сондықтан, он ойланып, жүз толғанып дұрыс таңдау жаса», – деп қалыңдығым қарап отыр. Шыны керек, сондағы халім қуанарлық емес еді.

Өмірде не болмайды?.. Кейде орайы келе қалған бір сәттіліктер адамды қиындықтан құтқарады. Тура солай болды. Ішкі істер басқармасына жастарды оқуға шақырған екі жолдама келіпті. Біреуі – Волгоградқа, екіншісі – Алматыға, ҚазМУ-ге. Алматы маған бұйырды. Жұмыстан қол үзбей жүріп емтихандарды ойдағыдай тапсырдым. Қалыңдығым да, мен де оған шексіз қуандық. Алайда, бір жайсыз оқиға күлкімізді сап тыйды.

– Сені үзіліссіз оқуға жібермейміз. Дереу сырттайға ауыс. Дұрысы осы. Облыстық басқарманың паспорт бөліміне бастық етіп тағайындаймын, – дейді полковник Тоқпанов. Сөзімді құлағына қыстырмады. Илігетін түрі жоқ. Қалыңдығым Қашипаға берген уәдені ойласам маңдайымнан суық тер бұрқ ете түседі.

Алайда, құдай оңдайын десе бәрі болады екен. Полковниктің еңбек демалысына шыға қалғаны. Орынбасары өтінішіме бірден қол қойды. «Менің зайыбым заң факультетінде оқытушы. Сондықтан мән-жайды жақсы түсінем. Жолың болсын, оқы!» – деді қолымды қысып.

1969 жылы біз шаңырақ көтердік. Ағайын-туыс, қайын жұрт бәрі жабыла көмектесіп, жолы болған студентке Көктөбенің етегінен шағын баспана сатып алып берді. Іле-шала Айгүл қызым дүниеге келді. Сөйтіп, әулет тарапынан маған зор сенім жүктелді. Енді университет сабағын үздік оқымауға хақым жоқ.

– Не десеңіз де айтқаныңызда тұрыпсыз. Жоғарыда сүйенері жоқ, қарапайым шаруаның отбасынан шыққан сіз секілді ауыл баласының аспирантурада қалуы айтулы оқиға. Талап пен қайрат, білім мен еңбек биікке шығаратын негізгі баспалдақ деген рас-ау. Қалай ойлайсыз?

– «Үйі бардың  күйі бар» – дейді ғой. Жаман болса да шағын баспананың аспирантурада оқуыма септігі көп тиді. Пәтер іздеп сабылмайсың. Оқу-тоқумен алаңсыз айналысасың. Менде бос уақыт болмайтын. Кітаптан бас көтеруге мұрша жоқ. Аспирантураға әрең қол жеткізудің жуапкершілігі осылай ширықтырды.

Университетті үздік бітірген болатынмын. Бір күні деканымыз мені өзіне шақырады. «Ректорат та, деканат та еңбегіңді ескереді. Егер аспирантураға қалып, ғылымға бет бұрғың келсе қолдаймыз. Бірақ, аспирантура Қарағанды университетіне қарасты. Екінші жол – республиканың Ішкі істер министрлігіне тергеуші болып барасың. Өйткені саған жолдама берген сол мекеме. Отбасыңа барып асықпай ақылдас, таңдауыңды айт», – деді.

Отбасымда ақылдасатын жалғыз адам бар, ол – жеңгең. Екеуміз шешім таба алмай қиналдық. Біз үшін Қарағанды соншалық қиын емес. Бірақ, жалғыз ұлын жыраққа жіберіп әке-шешем үйінде қалай отырады?! Ал, тергеушілікке келсек, оны айтудың өзі артық. Оу бастан-ақ бізге ұнамаған қызмет.

Ақыл-кеңес сұрасақ деген тағы бір адамдар болды. Олар – атақты химик, ғылым докторы, академик Әбікен Бектұровпен зайыбы медицина ғылымдарының докторы Райхан Сәтпаева. Кәдімгі Қаныш Сәтпаевтің немере қарындасы. Қазақ «Құласаң – нардан құла» деген ғой. Тәуекелге бел будық.

Сенгеніміз – ол кісілермен көршілік қатынасымыз бар. Саяжайы біздің баспананың маңында. Ары өткен, бері өткенде үлкен кісілерге сәлем береміз. Мәртебеміз биік деп шіренбейді. Ілтипат білдіріп, балаларындай қарсы алады. Барып жағдайымызды айттық. Әбікен аға қолымды құшырлана қысты. Райхан әпкеміз ерекше қуанды.

– Сен білесің бе, Өмірәлі?! Аспирантураға жете алмай жүрген адамдар қаншама?! Олардың ішінде министрдің, академиктің де балалары бар. Бәрі үздік бітіргендер. Бірақ қисыны келмейді. Қандай жақсы, саған жол ашылып тұр. Айтпақшы, Қарағандыда қанша уақыт болады екенсің? – деді Райхан әпке.

– Үш жыл.

– Бәрекелді! Онда ойланбай аспирантураға бар! – деді бұйрық раймен.

Біз үйімізге қанаттанып қайттық. Сонымен қатар жақсы бір жаңалық естідік. Оқу үдерісі Қарағандыда емес, Алматыда өтеді екен.

– Міне, ғылымның табалдырығынан аттады деген осы. Басы дұрыс істің жалғасы берекелі болады. Оқу сізге таң емес, ізденістерге белсене кіріскен шығарсыз?

– Күні ертең қорғалатын кандидаттық диссертацияның тақырып нобайы да белгіленді. Тіпті ғылыми жетекші де тағайындалды. Ол кісі – әкімшілік құқықтық қызметтің маманы, заң ғылымдарының докторы, профессор, сырттай оқитын факультеттің деканы Сұлтан Досымбеков екен.

Алайда, сеніп барған Сұлтаным маған тіксіне қарады. Шаруаның отбасынан шыққандар заңгер ғалым болып жарытпайтын шығар деп ойлады ма екен, кім біледі? Сөйтті де ғылыми жетекші болуға құлқы жоқ екенін айтты. Мен тұйыққа тірелдім.

Қысылған кезде жеңгең Қашипаның техникумда директор болып істейтін Мықтыбек деген бауыры есіме түсті. Көмекке сол кісіні шақырдым. Мықтыбек Қазақ ССР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Қали Біләловты жақсы таниды екен. Қали ағасы университет ректоры Өмірбек Жолдасбековке телефон шалыпты. Сондай іс-әрекеттің арқасында Сұлтан Досымбеков мені өзі іздеп тапты. Анау күнгі мінезінің бірі жоқ. Сөзі де, көзі де жайдары. «Ой, жолың болғыр, қалжыңды түсінбейді екенсің. Бүгіннен бастап бірлесіп жұмыс істейміз. Айтпақшы, Қали Біләлов сенің кімің?!» – деді. «Бізге құда болады», – деп мен де өтірікті соғып жібердім. Таңғалатын түк жоқ, кейде мына дүниеде осындай оқиғалар да болып жатады.

Ғылыми ізденістер бір-біріне жалғасты. Мәскеуден бастап Ресейдің біраз қалаларын шарладым. Жинағанымның бәрін сүзгіден өткіздім. Талдадық, сараптадық. Оны деректермен, дәйектермен салыстырасың. Жазғаныңның ішінде өзіңнің пікірің, кішкентай болса да өзіңе тән жаңалығың болуға тиісті. Ғылымның басты серті осында.

Кандидаттық диссертациям «Облыстық атқару комитеттерінің өзіне бағынбайтын жоғары өнеркәсіп орындарымен қатынасы» деген тақырыпты қамтыды. Ол кезде өзі Қазақстанда, билігі Мәскеуде болатын біраз кәсіпорындар бар еді. Мәселен, Алматыдағы АЗТМ, Тараздағы фосфор өндіретін зауыт, тағы басқалары. Солардың жергілікті билікпен байланыстары қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеп, оны ғылыми еңбегімде жан-жақты көрсеттім. Әкімшілік құқық пен шаруашылық құқықтың арасалмағын таразыға салып өлшедік. Сөйтіп 1979 жылы Заң ғылымдарының кандидаты атандым.

Енді мына қызықты қараңыз, мен Қарағандыға біржолата бармайтын болдым. Ішкі істер министрлігінің тергеушісі де болмадым. ҚазМУ-дің Заң факультетіне оқытушы болып біржолата орнықтым. Болашақтың көкжиегі қиялдан арманға айналып, нақты кескіндерімен анық көріне бастады.

– Өсиет сөздерде «Сенің кім екеніңді айтайын, алдымен жолдасыңды көрсет» деген тіркес бар. Сол айтқандай студенттік, әріптестік ортаңыз жайлы  сұрасақ  сөкеттігі жоқ шығар.  Бұған  не  дер  едіңіз?

– Не деймін, қуана жауап беремін. Өйткені курстастарымның арасында осалы жоқ. Олай болатын себебі – біріншіден, біздің ұстаздарымыз үнемі биіктен көрінетін. Екіншіден, студенттер сайдың тасындай іріктеліп, білімге сусап келген жастар. Университетте оқып жүрміз деген дәрежеге өздерінің лайық екендерін дәлелдеуге тырысады. Үшіншіден, заңгерліктің парасаты мен жауапкершілігін олар тереңнен ұқты. Нәтижесінде, бәрі өз саласының мықты мамандарына айналып, халқына қалтқысыз қызмет етті.

Солардың бір-екеуіне тоқталайын. Тізімнің ең басында Игорь Иванович Рогов тұр. Қазір Конституциялық Кеңестің төрағасы. Соған қарамастан курстас ретіндегі, әріптес ретіндегі араласымыз баяғыдай. Алматыға жолы түсе қалса, маған соқпай кетпейді. Пікірлеріміз бір арнада тоғысады. Біздің Академияда заңдарға қатысты неше алуан халықаралық форумдар, конференциялар өтеді. Соның басы-қасында жүретіндердің бірі өзіміздің Игорь Иванович. Олар студенттермен кездеседі, соларға арнап лекциялар оқиды. Мұндай шаралардың бәрі академия үшін де үлкен пайда.

Сол сияқты, Алматы қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары болған Сейдолла Сүлейменовты, бірқатар облыстарда прокурорлық қызметтерді абыройлы атқарған Мұхамеджан Пакирдиновті, Мұқан Қалиевтерді, ҚР Жоғарғы Сот судьясы атанған Сансызбай Раимбаевті, Ибрагим Тоқболатовтарды мақтанышпен атағым келеді. Соза берсек мұндай адамдар көп. Бәрі менің курстастарым.

– Бәрекелді! Мұндай әңгімеге тәнтіміз. Біз де марқайып қалдық. Сонымен қатар, шәкірттеріңізді де білгіміз келеді. Басты ұстанымыңыз туралы сұрасақ дейміз.

– Өзіміз тәрбиелеп ұшырған түлектер –  еңбегіміздің жанды көрсеткіші. ҚазМУ-де жүріп оқытқан шәкірттерімнің көбі қазір қоғамдағы бір-бір тұлға. Ойымыздан шықты, үмітімізді ақтады. Егер, өсірген бақшаң жеміс берсе, қалай қуанбайсың?! Сол шәкірттерімнің ең басында ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми, ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтар тұр. Үлкен лауазымды қызметтерді атқарып жүрген Талғат Донақов, Ерлан Тұрғынбаев, Рашид Жақыпбеков, Асылжан Мамытбековтер де үлгілі азаматтар.

Бүгінгі Заң академиясын бітіргендер алдыңғы толқын ағаларының жолын жалғастырды. Павлодар облыстық экономикалық сотының төрағасы Мәди Рысбеков, Жамбыл облысы әділет департаменті бастығының орынбасары Шыңғыс Айнақұлов, Алматы қаласы Әскери сотының төрағасы Жанат Жайлаубаевтар соның мысалы. Қаламгерлердің «Шерағаның шекпенінен шықтық» дегені секілді, олар ұшқан ұясын, түлеген ортасын мақтан етсе, бізге сол да жетеді. Шәкірт таңдауда қателеспеу – қоғам үшін де, адам үшін де ең үлкен жетістік.

Заңгердің жолы жіңішке, жүгі ауыр. Ол – қоғамдық жүйені дұрыс реттеуге қатысады. Ол – адам тағдырын таразыға салады және оны зор жауапкершілікпен атқарады. Баптар мен ережелер – мемлекеттік нұсқау. Басшылыққа алатын негіздер. Алайда, заңгердің сана-сезімінде ұят пен ардың жалауы желбіреп тұрмаса бәрі бекер. Сондықтан, заңгерліктің бірінші ұстанымын тазалық дер едім. «Тура биде туған жоқ». Заңның үстемдігі сақталған жерде ардың үстемдігі сақталады. Ешкім жазықсыз жапа шекпейді. Өркениетті мемлекеттер осыған қалыптасқан. Амандық болса, біз де соған жетеміз.

Екіншіден, заңгер өз саласын терең меңгеруі керек. Заңның баптарын жатқа айту оның бір ғана белгісі. Заңгер – жүректің дауысын тыңдай алатын қасиетке ие, адам жанының инженері болуға тиісті. Көзіңе қарап көкірегіңде не жатқанын сезе білу оның міндеті. Әрине, мұндай дарын бәріне бірдей бұйыра қоймас. Дегенмен, «болмаса да ұқсап бағуды» заңгерлер үнемі есіне ұстайды деп сенемін.

Үшіншіден, заңға жүгінген тараптардың бәрі еліміздің азаматтары. Олардың құқығы толық сақталуы керек. Нағыз заңгердің ұстанымдары осылай болады. Шәкірттеріме лекция оқыған сайын бұл сөздерді қайталап отырғанды ұнатамын.

– Сіз Конституцияны реформалау бойынша жұмыс істейтін топтың мүшесі болдыңыз. Осы жұмыстардың барысында не сезіп, не байқадыңыз?

– Конституция – мемлекеттің төлқұжаты. Оны ашып қарағандар Қазақстанның саяси, экономикалық, әлеуметтік сипаттарын толық таниды. Салалық заңдардың бәрі Конституциядан тарайды. Сондықтан, оның өмір дамуына сай болуы қажетті категория.

1991 жылы біз жаңа өмірге қадам бастық. Конституциядағы «Компартия – билеуші партия» деген бап жойылды. Шаруашылық нарықтық қарым-қатынастарға енді. Осынау өтпелі кезеңде Конституциялық  Заң ұғымы қалыптасты. Біз соған сүйендік. Ал, 1993 жылы Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданды. Солай десек те, ол кеңестік мазмұннан толық арыла алмады. Жоғарғы Кеңес баяғыша жұмыс істеп тұрды. Даму қарқынымызды жаңа заманға сай ететін заңдар баяу қабылданды. Осыдан барып қажеттіліктер мен өзекті мәселелер туындады.

1995 жылы 30 тамызда қазіргі Конституцияны бүкіл халық референдум арқылы дауыс беріп бекітті. Мемлекеттің үш билігі – Парламент, Үкімет, Соттың құқықтары мен міндеттері нақтыланды. Оларды бақылап отыру құзыреті Президенттік басқаруға жүктелді. Бұл қоғамды алға жылжытатын үлкен күшке айналды.

Қазақстан – жас мемлекет. Жас мемлекет дамыған сайын түлейді. Қоғамдық қатынастардың жаңа түрлері пайда болады. Сондықтан шығар, Конституцияға үш мәрте өзгерістер енгізуге тура келді. Мәселен, Парламент депутаттарын партия арқылы сайлау жолға қойылды. Енді Президент өзіне қарасты құзыретті биліктердің бірқатарын Парламент пен Үкіметке берді. Елбасымыз уақыт талабын дер кезінде түсінді. Бұл – эволюциялық жолмен демократиялық үрдіске ауысудың басты белгілері.

Конституцияны реформалауға арналған жұмыс тобының мүшесі ретінде ойлар мен пікірлерімді комиссия отырыстарында бүкпесіз ортаға салдым. Елдің, жұрттың, қауымның көкейіндегі сөздерін билікке жеткізуге тырыстым. Сондағы риза болғаным, Елбасымыз халықтық пікірлерді мұқият тыңдады. Және дұрыс түсінді.

– Өзіңіз басқарып отырған Еуразиялық заң академиясының қалай құрылғанын білгіміз келеді. Мұндай қажеттілік неден туды?

– Біздің мемлекет – құқықтық мемлекет. Солай болғаннан кейін даулы мәселелердің бәрі тек заңның аясында шешілуге тиісті. Сондықтан заңгер кадрлардың көп болғаны жақсы. Сапасы да көңілден шығатын болуы керек. Осы мәселе мені жиі толғандыратын.

Соның кілті бір күні табылды. 1993 жылы Мәскеуде халықаралық үлкен жиналыс өтті. Оған ТМД елдерінен жоғары оқу орындарының ректорлары, декандар, білікті заңгерлер шақырылды. МГУ-де Анатолий Кененов деген профессор досым бар еді. Маған шақырту жіберіпті. Алайда, мен секілді кафедра меңгерушісі ол стандарттың санатына кірмейтін. Сәтін салғанда, деканымыз Елеген Қайыржанов форумға бармайтын болып, орнына мен кеттім.

Одан ұққан басты жаңалығым, ТМД елдерінде заңгерлер дайындайтын жекеменшік оқу орындары пайда болыпты. Мәскеу университетінің жанынан колледж ашылыпты, А. Кененов досым соның проректоры екен. Жоспар, жобаның бәрімен таныстым.

Алматыға келген соң ниет білдірген проректорларды, кафедра меңгерушілерін құрылтайшы ете отырып, біз де заң колледжін аштық. Ол кейін дербес институт, университет болды. Қазір академия. Ағамыздың өзімен ақылдаса отырып Дінмұхамед Қонаевтың есімін оқу орнына бердік. Қазір академияны алыс, жақын шетелдердің бәрі таниды. Германиядағы Потсдам университетінде түлектеріміз білімін жетілдіріп жатыр. Академияда 100-дей ғылым кандидаты, 20 ғылым докторы жұмыс істейді. Философия докторы дәрежесін иеленуге мүмкіндіктер бар. Келешегіміз бұдан да биік.

– Енді мына бір мәселеге ойыссақ. Елбасымыз «Рухани жаңғыруды» ізгілікті идея етіп көтерді. Оның заңға қатысты тұстары қандай болу керек?

– Қазақ – ежелден іргелі ел. Тақыр жерге пайда болған халық емес. Далалық жағдайда өмір сүріп отырып-ақ басқару институттарын қалыптастырды. Қазақтың тәртіпке бағынуы, оны сақтауы, ұрпақ тәрбиелеуі талай жұрттан жоғары тұрмаса, төмен болмады. Абақты салмауы, тұтқын ұстамауы соның бір дәлелі.

Бұлай дегенде, кемшіліксіз еді деп түсінуге болмайды. Телі мен тентектің жүрмейтін жері жоқ. Қазақ соларға дер кезінде тыйым салды, қылмыстың алдын алды. Оның кесімі мен шешімі билер талқысында белгіленді. Мәселен, ұрлық істегенге жетерлік деңгейде айыппұл салынды. Одан зорына құн төлеттірді. Осы арқылы есердің есін кіргізді. Дала заңдарының кейбір тұстарын қайта жаңғыртқанның пайдасы жоқ емес.

Қарап отырсақ, қазір адамды қылмыстан сақтау қиын, соттау оңай. Бір қой ұрлаған бейбақ соры қайнап түрмеде отыр. Сондықтан, өзімізде бар ежелгі билер сотын қолданысқа енгізген дұрыс па деп ойлаймын. Дауласуды жауласуға ұластырмай, екі тарап сотқа дейін татуласса оның несі жаман? Әрине, бұған ауыр қылмыстарды жатқызбау керек. Осы мәселені алқалы жиындарда айтып жүрмін. Түбінде кәдеге жарап қалатын шығар.

– Білетіндер сіздердің әулетті «Заңгерлер отбасы» дейді. Оның мәнісін өзіңізден естігіміз келеді.

– Бұлай деудің толық қисыны бар. Мені милиция болудан құтқарған Қашипа жеңгең кейін өзі де заңгерге айналды. Балаларым да осы жолды таңдады. Айгүл – заң ғылымдарының кандидаты, Талдықорғандағы Ө. Жолдасбеков атындағы құқық және экономика академиясында проректор. Назгүл – Астанада, «Самұрық-Қазынада» бас заңгер. Жазира – заң ғылымдарының докторы, Алима – заң ғылымдарының кандидаты. Екеуі де осында, академияда сабақ береді. Күйеубалалар да заң саласында. Немерем Дархан Мырзабек МГУ-дің төртінші курс студенті. Ол да болашақ заңгер. Міне, «Әке көрген оқ жонады» деген осы.

Шүкір, маңдай терім босқа төгілмепті. Еңбектерім еш кеткен жоқ. Ұрпақтарым орнымды басты. Шәкірттерім мақтанышыма айналды. Елім дамыды. Одан артық не керек?! Осындай олжамен жетпіс беске жету – үлкен бақыт!

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Болат МӘЖИТ.