Латынға көшу қисыны

Уақыты: 16.11.2017
Оқылды: 1196
Бөлім: ТҮПСАНА

«Рухани жаңғыру – ел ертеңінің бастауы» тақырыбында Ақын Сара мәдени жастар орталығында зиялы қауым өкілдерімен кездесу өтті. Жиында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев жастарға өзінің ақыл-кеңесін айтып, өмірлік тәжірибесімен бөлісті. 

Кездесуде талғарлық  сазгер  Камнұр Тәлімұлы домбырамен жастарға арнау орындады. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Абылай Қармысов жастардың жүрегіндегі Отанға, туған елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту қазіргі күннің басты мәселесі екенін жеткізді. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының маманы Жанат Медетбеков қандай мамандық таңдаған дұрыс, қазіргі кезде қай мамандыққа  сұраныс көп екендігін сөз етті.  «Рухани керуен» мүшелеріне жастар латын әліпбиі жайында сұрақтар қойып, өз ойларын айтты.
Елбасы  Н. Назарбаев өзінің кезекті Жолдауларының бірінде: «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттық тілге айналдырады», – деген болатын. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашатынын айтты. Бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады. Жастар ел болашағы үшін қабылданған  маңызды шешімге қолдау білдіріп, жақсыны үйренбекке ұмтылуы тиіс.
«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта, коммуникация, сондай-ақ, ХХІ ғасырдың ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктерін айқындайды»  деп Елбасы айтқандай, латын әліпбиіне көшу – заман талабы.


Фариза РАХМЕНОВА,
Ақын Сара мәдени-жастар орталығының директоры.
Ақсу ауданы.