ҰЛЫ ДАЛАНЫ ЖЫРЛАДЫ

Уақыты: 27.11.2017
Оқылды: 1174
Бөлім: ТҮПСАНА

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармаcының ұйымдастыруымен жазба ақындар арасында «Ұлы даланың рухани жаңғыруы» атты мүшәйра өтті. «Туғанда дүние есігін ашады өлең», – деп хакім Абай текке айтпаса керек. Өмірін өлеңмен өріп, сырлы сөзбен кестелеген қазақ елі үшін жыр әлемнің де алар орны ерекше. Дәл осы жас ақындар додасын тіл басқармасының ұйымдастыруын сөз қадіріне деген құрметі деп түсінген жөн.

Мүшәйрада басқарма басшысы  Айдар Башбаев сөз алып: – Байқауды әдейі жас ақындар арасында өткіздік. Себебі, жастар – біздің болашағымыз. Рухани құндылықтарды әспеттейтін,  мәртебесін көтеретін осы қыз-жігіттер. Бүгінгі рухани құндылықтарды ертеңге жеткізетін жазба әдебиетшілер. Абайлар мен Мұқағалилар да сіздердің араларыңызда. Ендеше, сөз шеберлері, іске сәт!  «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» демекші,  жарыста оза шығуларыңа тілектеспіз,– деді Айдар Карбозұлы.

Жыр-доданың негізгі мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы рухани құндылықтарды ұрпаққа өнеге ету, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру. Байқауға барлығы 20 ақын қатысты. Шарт бойынша  әр ақын екі өлеңнен оқиды. Біріншісі – ұлттық рухты, қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталса, екіншісі – еркін тақырыпта, яғни, ақынның өз қалауындағы өлең оқылады. Қазылар алқасының мүшесі Ерлан Жүністің айтуынша, іріктеу кезінде ақынның сөз қолданысына, ой тереңдігіне, көркемдік ерекшелігіне, шығарманы жатқа оқу шеберлігіне, сахна мәдениетіне, киім үлгісіне мән беріледі. Сондай-ақ, ақынның шығармашылықпен тыңғылықты айналысуына, әдебиетке қосып жүрген үлесіне де назар аударамыз, – дейді ол.  Облыс әкімі баспасөз қызметінің маманы, ақын Сағыныш Намазшамова, респуб- ликалық мүшәйралардың жүлдегері Ерлан Жүніс, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Оспанұлы қазылық етіп, жиырма жүйрік қатысқан жыр-додасында шымыр шумақпен өрнектеліп, шұрайлы ой маздатқан, шынайы ақындықтың жолына түскен дара таланттар топ жарды. Атап айтсақ, ата басылым «Жетісу» газетінің тілшісі Мұхтар Күмісбек бас жүлдені қанжығасына байлады.

Отан.

Сөзімнің тоқетері,

Саған деген сезімнің  жоқ өтемі.

Сен барда сезіледі қызға ары,

Жігітке жүректілік  тән екені.

Отан.

Осы сөз ең дұрысы,

Сен барда қоңды тұяқ, өңді кісі.

Бабалардың қанында бұрынғысы,

Балалардың қолында ендігісі.

Отанға деген перзенттік махаббатын осындай отты өлеңмен өрнектеген Мұхтар ақынның жыры жүрекке шуақ құйғаны анық. Бірінші орын  «Жетісу» газетінің тілшісі Қозыбай Құрманға бұйырды. Қозыбай туған жерге деген сүйіспеншілігін жыр-тамшыларымен былай жеткізіпті:

Атасам оны, жүрекпен жазам мың-миллионыншы жыр атын,

Мына кеш ақын, шайыр боп кетер шайы жібектей мына түн.

Туған жер үшін – топырақ үшін тамыры иіп жол алған,

Ұрпаққа біздің тұлпардың берсе-ау мұратын!

 

 Туған жер сенің атың деп жаздым, затың деп жаздым сөзді осы,

Сағындыр мені, сарылып күткен: «келе ғой, құлыным, тез деші».

Тамыры сенің топырағыңа сіңген мен жалғыз емен едім ғой,

Адал да емес, өзіңдей маған тірлікте мынау өзгесі!

Ойлы өлең. Жүректен шыққан жыр жүрекке жетті.

Марапаттау сәтінде бас жүлде алған (70 000 теңге) жас ақын Мұхтар Күмісбек бір шаңырақтың астында еңбек етіп келе жатқан, өзінен бірер көйлек бұрын тоздырған ағасына інілік пейілін білдіріп, алдыңғы толқынға жол беріп, өзіне тиесілі жүлдесін Қозыбай Құрманға табыстады. Біз бұл көріністі ұпай жинау үшін емес, кейінгі толқынға үлгі ретінде жасаған мәрттік деп қабылдадық. Өз кезегінде Қозыбай ақын да өз жүлдесін (60 000 теңге) ізбасар інісі Мұхтарға берді. Әдемі көрініс, жарасымды сыйластық. Ұзағынан болғай.

Жалпы мүшәйраға бұдан бөлек әрбір жеңімпазға 2 екінші (50 000), 3 үшінші орын   (40 000) және 6 ынталандыру (20 000) сыйлығы табысталды.

Осылайша ақындар додасы өз мәресіне жетті. Жастар тіл, жер, тарих мәселесіне дендеген екен.  Ендігі шаруа соны шыңдау. Бұл орайда тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бастамасы құптарлық.  Игілікті шара жалғасын таба бергей!

Гүлжан ТҰРСЫН