АМАНАТҚА АДАЛДЫҚ

Уақыты: 27.11.2017
Оқылды: 1863
Бөлім: ТҮПСАНА

Ұлтты сүю деген – құндылықтарды қастерлеп, салт-дәстүрді дәріптеп, ел мен жердің киесін кетірмеу. Соларды жаңғыртып, жасартып, бабадан қалған мұраны баланың санасына құйып, қадіріне жете білу. Оған қоса ата-бабаның аманатына адалдықпен қарау да өз халқыңа деген сүйіспеншіліктен туындайтыны анық. Әр жас өзін ұлтжандымын деп санаса, осы аталған қасиеттерге лайық болғаны абзал. Мен жалындаған жастардың бойынан осыны көргім келеді, – деген ойын ортаға салды  «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Жұматай Оспанұлы.

Алаш арыстарының бірегейі, қазақ поэзиясының қайталанбас жарқын тұлғаларының бірі, «Құлагер ақын» атанған ұлт мақтанышының есімін арқалаған Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде өткен «Жаныңда жүр жақсы адам» атты кездесуде Жұматай Оспанұлы арыстардың өмірінен сыр шертіп, бабалар аманаты мен олардың қасиетін, ерлігін студенттерге баяндады. Сонымен қатар, бүгінгідей құндылықтар құлдырап бара жатқан уақыттағы келеңсіз жайттарды тілге тиек етіп, ақын Мағжан Жұмабаев сенім білдірген жастардың қайсар да білімді, ұлттық уызға тойып өскен, ел мен жер болашағы үшін қолынан келгенін аянып қалмайтын азамат болуына тілекші екендігін жеткізді. Сондай-ақ, өмірін өлеңге айналдырған ақын жастарға тағылымы мол жырынан шашу шашты. 
Ал, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, облыстық Бикен Римова атындағы драма театрының қоюшы суретшісі Қарлығаш Шалабаева студенттерге сурет өнерінің қыр-сырын баяндап, қаламынан туған туындыларды таныстырды.
Аталмыш білім ордасының жаратылыстану-техникалық факультетінің ұйымдастыруымен өткен бұл шарада Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Нұрбақыт Теңізбаев пен каратэден әлем чемпионы, Талдықорған каратэ орталығының директоры Мерей Сүйінов сөз алып, білімгерлерге жетістіктер мен жеңістің басы бүгіннен басталатындығын, еңбексіз асқар шыңға құлаш ұру мүмкін еместігін әңгімелеп берді. Сонымен қатар, спорт саңлақтары ұлттық па-         триотизмнің негізі ел абыройын асқақтату жолында тер төгуде екендігін білімгерлерге  жеткізе білді.
Тағылымды жүздесу соңында студенттер көкейдегі сауалдарын қойса, кеш қонақтары сұрақтарға тұшымды жауап берді. Сонымен қатар, жаратылыстану-тахникалық факультетінде оқып жүрсе де қазақ өнерін өнерпаздардан кем дәріптемейтін Аида Имашова, Лимара Зиятаева, Бекзат Байдүйсен сынды талантты студенттер әуелете ән салып, домбыра мен қобыз сынды ұлттық аспаптардан күй төкті. Ал, шараның өтуіне мұрындық болған ЖМУ-дің аға оқытушысы, педагогика ғылымының магистрі  Жемісжан Иманғазинова қорытынды сөз алып, ғибратты әңгіме үшін кеш қонақтарына деген алғысын жеткізді. 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ