Ұлттық өнер асыл қазына

Уақыты: 27.11.2017
Оқылды: 3108
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазір еліміздің барлық өңірінде Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындайтын тағылымды іс-шараларды жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар қызу жүруде. Рухани жаңғырудың басты тетігі ұлттық рух пен өнердің ара жібінің үзілмеуінде жатыр. Оның соңы патриотизмге, туған жеріне деген сүйіспеншілікке ұласады. Туған жерге тағзым ету, ұлтымыздың мәдениеті мен тарихына, салт-дәстүріне құрметпен қарап, оны үнемі насихаттап отыру – патриотизмнің жарқын көрінісі болмақ. Осы мақсатта таяуда  Ұзынағаш орта мектебінде аудан оқушылары арасында «Туған жер, саған арнаймын» тақырыбында қолөнер көрмесінің байқауы өтті.

Байқаудың басты мақсаты – қылқалам мен қолөнер шеберлерінің өнерін насихаттау, жас дарындарға қолдау көрсету және жастардың туған жерімізге деген патриоттық сезімін ояту болатын. Көрмеге байқаудың шарты бойынша әр мектептен бір оқушыдан қатысып, барлығы 41 өрен өз бақтарын сынады. Олар «Ағашты және металды өңдеу», «Көркем тоқулар», «Қағазбен жұмыс жасау шебері», «Моншақтан жасалған бұйымдар», «Тоқыма», «Тоқыма матадан жасалған бұйымдар», «Былғары бұйым», «Киіз үй бұйымдары» бағыттары бойынша жұмыстарын көпшіліктің назарына ұсынды.
Байқаудың негізі шартының бірі болғандықтан әділқазылар көрмеге қойылған бұйымдардың эстетикалық жағынан орындалу сапасына, жұмыстың күрделілігіне, сонымен қатар дизайнына көбірек мән берді. Әсіресе, барлық түйіні қолдан жасалған, ұмыт бола бастаған, бірақ жас шеберлеріміздің арқасында қайта түлеп, заманауи нақышта жоғары деңгейде орындалған бұйымдардың қасына топталған қызықтаушылардың саны көп болды. 
Нәтижесінде І дәрежелі дипломмен Б. Қыдырбекұлы орта мектебінен Эльнура Абдрахманова, жетекшісі Гүлнар Кебекова, Үңгіртас  орта мектебінен Нурсолтан Рауан, жетекшісі Болатхан Мирас, Қазыбек бек орта мектебінен Айғаным Мұханбетова, жетекшісі Зәуреш Айдарбекова марапатталды. ІІ дәрежелі дипломға Ұзынағаш орта мектебінен  Ержан Есім, Гүлдана Жеңісқызы, жетекшісі Ажар Телғазиева, Жайсан орта мектебінен Диас Берік, жетекшісі Ғалия Сапақова қол жеткізді. ІІІ дәрежелі дипломды Үлгілі орта мектебінен Алтынай Хусайн, жетекшісі Мирлан Боранбаев,  Жангелді орта мектебінен Аида Берікқызы, жетекшісі Айгерім Қаршығаева, Саурық батыр орта мектебінен Меруерт Тілеуберді, жетекшісі Индира Жайлаубекова, Ақсеңгір  орта мектебінен  Бақдәулет Ерсін, жетекшісі Нүсібай Думан  иеленді. Басқа қатысушыларға да сертификат табыс етілді. 
Ардақ Сатова,
Жамбыл аудандық білім бөлімінің әдіскері.