Жауапкершілік жүктейді

Уақыты: 15.01.2018
Оқылды: 1552
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған міндеттер мен мақсаттарды орындауға байланысты аймақтық Сараптамалық кеңесі өзекті мәселелерді талқылап, көпшілікке таныстырумен айналысады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша облыстық Сараптамалық кеңестің отырысын кеңес төрағасының орынбасары, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры міндетін уақытша атқарушы, заң ғылымдарының кандидаты Мұхтар Төлеген ашып, жүргізіп отырды.

“Дөңгелек үстел” форматында өткен жиында қаралған алғашқы мәселе – Сараптамалық кеңестің жаңартылған құрамын таныстыру және жаңа міндеттер туралы модератор өзі баяндап, көпшілікке «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай өз ойын білдірді.
Алқалы жиында қаралған екінші мәселе – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша аймақтық Сараптамалық кеңестің биылғы жұмыс жоспарын бекіту бойынша облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі, аймақтық кеңестің «Атамекен» кіші бағдарламасының үйлестірушісі Ғабит Тұрсынбай, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, аймақтық кеңестің «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасының үйлестірушісі Әміре Әрін көпшілікке бағдарламаның маңыздылығын түсіндіріп, баршаға жүктелген жауапкершілік жүгін салмақтады. Сондай-ақ, жаңадан ашылған «Рухани жаңғыру» орталығының жұмысына табыс, сәттілік тіледі.
Кеңес отырысында қаралған үшінші мәселе – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауын талқылау бойынша философия ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Қасабек сөз алып, Жолдауда қамтылған тақырыптар жайында кеңінен әңгіме қозғады.

М. Әсетұлы