Дін қызметкерлері марапатталды

Уақыты: 29.01.2024
Оқылды: 635
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерлеріне бағдарлық баяндамасын жолдап, 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялаған еді. Осыған орай облыстың бас имамы Керімбек Сәрсембайұлының төрағалығымен облысқа қарасты аудан-қала имамдарымен алқалы жиын өтті.

Шара барысында облыстың бас имамы дін қызметкерлеріне ҚМДБ берген тапсырмаларын жеткізіп, нақты нұсқаулар жүктеді. Атап айтсақ, «Ізгі қоғам», «Дін мен дәстүр», «Діни оңалту», «Оқу ағарту» «Уағыз насихат және ихсан» атты бес бағыт бойынша атқарылатын шаралар талқыланды. «Жылдағы дәстүр бойынша аталмыш бес бағыт бойынша кең көлемде жұмыс істеуді көздеп отырмыз», – дейді Керімбек Дәуітов.

Алқалы жиында облыстың бас имамы жыл бойы жоғары деңгейлі қызмет атқарған имамдарды ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің атынан Алғыс хаттармен марапаттап, бағалы сыйлықтарды тарту етті.

Айта кетейік, былтырғы «Ислам және ізгі қоғам» жылында облыста аталмыш 5 бағыт бойынша көптеген игі шаралар атқарылды. Жаңадан 3 мешіт ашылды. «Tawaf Travel» қажылық компаниясы арқылы ұмраға 14 адам, үлкен қажылыққа 7 адам барып қайтты. Қалалық «Нұр» мешіті 1000 адамға кеңейді. Сонымен қатар, көптеген қайырымдылық жұмыстар істелді. Атап айтсақ, 106 отбасына баспана берілді. 4 мыңнан астам отбасына қайырымдылық жәрдемақы табысталды. Облыстың зекет өкілі «Жыл волонтері» атанды.

Сонымен қатар, құранды толық жаттап шыққан қарилар Ариман мен Даниярға ұмраға жолдама, 300-мың теңге қаржылай сыйлық және ұстазы Нұрбол қариға шипажайға жолдама берілді.  

Дін қызметкерлерінің сауапты һәм жауапты жұмысы биыл да осы бес бағыт бойынша жалғаспақ. «Ең жақсы адам – адамдарға пайдалы болған мұсылман» деп хадистерде келгендей, қоғамға пайдалы, адамдар арасында сыйлы болуды баршамызға Алла тағала нәсіп етсін!

Айдар ҚАЛИЕВ