Түркістандықтардың тартуы

Уақыты: 20.04.2018
Оқылды: 1537
Бөлім: ТҮПСАНА

Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде игі шара өтті. Кәсіптік мерекені әріптестерімен бірге бөлісу үшін Түркістан қаласындағы Тарихи-мәдени-этнографиялық орталықтың өкілдері арнайы келді. Олар «Киелі өлке мұралары» атты ұлттық зергерлік бұйымдардан тұратын көшпелі көрме ұйымдастырды. Қасиетті жерден әкелінген жәдігерлер мереке шырайын кіргізіп, кеш мазмұнын одан сайын байыта түсті.

Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Есік» қорық-музейінің директоры Гүлмира Мұхтарова түркістандық әріптестеріне ризашылығын білдіріп, ұлттық мұраларымызды ұлықтау ортақ іс екеніне тоқталды.

– Есік өңірі мен Түркістан – қазақ халқы үшін қасиетті де киелі орындар. Сол арқылы біз тереңде жатқан тарихымызды танып, асыл бабаларымыздың ерліктері мен өрліктерін жас ұрпақтың бойына сіңірудеміз. Бүгінгі көрме Рухани жаңғыруға қызмет ететін игі іс, – деді Гүлмира Райылқызы. Сонымен қатар, музей директоры жыл сайынғы дәстүр бойынша бірқатар БАҚ өкілдері мен туризм саласындағы мамандарды музей ісіне қосқан үлестері үшін арнайы дипломдармен марапаттап, сый-сияпат көрсетті.

Өз кезегінде сөз алған Тарихи-мәдени-этнографиялық орталықтың жалпы экскурсиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Омар Жексенбаев аталған көрменің мәні мен мазмұнына қысқаша тоқталды.

– Бүгінгі көрмеге орталық қорындағы 100-ге жуық құнды жәдігер топтамасын ұсынып отырмыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, біз «Есік» музейіне кілең күмістен құйылған зергерлік бұйымдар әкелдік. Өйткені, алтын сіздерге таң емес. «Алтын адам» шыққан өңірге алтын бұйымдар алып келу артық болар деп ойладық, – дейді Омар Абдоллаұлы.

         Көпшілік көрмеге қойылған жәдігерлерге зер салып, назар аударды. Мұндағы қыз-келіншектерге арналған алқа, сырға, шолпы, бойтұмар, жүзік және білезік пен қапсырмалар әдемі де сәнді. Сондай-ақ, үй тұрмысында пайдаланылған астау, кесе қап, мүйіз торсық сияқты қолөнер бұйымдары да өте шебер жасалғаны бірден байқалады. Ондағы әрбір ою-өрнек тек сән үшін ғана емес, астарына үңілген адам онда терең мән жатқанын анық сезеді. Өткен ғасырлардың суреті көз алдыңда тұрғандай әсерге бөленесің.  Көрмені тамашалауға келгендер ұлттық мәдениетіміздің бай мұрасына тағы да бір қаныға түсті.

Шара соңы «Есік» қорық-музейі ұйымдастырған Наурыз мейрамына ұласты. Жиналған көпшілік музей ауласына тігілген қазақ үйден наурызкөже ішіп, ұлттық ойындардың көркін қыздырды. Бір сөзбен айтқанда, шараға қатысқандар рухани байып қайтты.

Болат Мәжит

Еңбекшіқазақ ауданы