БІР МАҚСАТ – БІР МҮДДЕ

Уақыты: 19.08.2018
Оқылды: 1716
Бөлім: ТҮПСАНА

Еліміз өркендеп, кемелдену биіктеріне көтерілген сайын «Мәңгілік Ел» идеясы өзінің мақсат-мұраттарын айқындай түседі. Бұл – татулық пен тұтастықты қамтамасыз ететін басты фактор. Оның негізі Елбасы Н. Назарбаев көрсетіп берген Рухани жаңғыруда екенін қоғам жақсы түсініп отыр. Осыған орай аталған елдік мәселені қалың бұқараға ұғындыру, оның ішкі иірімдеріне терең үңіліп талдау жасау жұмыстары тәжірибемен ұштасуда. Шелек ауылында өткен «Ұлтаралық келісім және қоғамдық сананы жаңғырту» атты жиын – соның бір дәлелі. 

Ауыл әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынды облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жаныс Сапарғалиев ашып, жүргізіп отырды.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының  «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» атты бірінші тарауында әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың негізгі бағыттары айқындалған. Оның ішінде бүгінгі шараның мақсатына келетін ұлттық бірегейлікті атап көрсетуге тиістіміз, – деді Жаныс Құдайбергенұлы. 
Кездесудің арнайы қонағы, «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дос Көшім көпшілік алдында өз пікірін ортаға салып, ой бөлісті. Жұрттың көкейінде жүрген сұрақтарға тұшымды жауаптар қайтарды. Ол мемлекетіміздегі біртектілік мәселесіне тоқталды. Әрине, қоғамның бір мақсатқа бірігуі аса қажетті. Өзіміз айтып жүрген қазақстандық патриотизмнің негізі де осы біртектілік мәселесіне келіп тіреледі. Десек те, көпұлтты мемлекетте оны тез арада қа-       лыптастыру оңай емес. Бұл – бәрімізден үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Оның шешуі жетекші ұлттың көшбасшылығына байланысты. Рухани жаңғыру – соның кілті.
– Ұлттық біртектілік дегеніміз не? Бұл – тілек пен ниеттің бірігуі. Отанымыздың болашағының жарқын болуын қамтамасыз етуге барша халықтың атсалысуы. Ортақ тарихымыз бен ортақ мәдениетімізді тереңнен меңгеру. Осы арқылы татулығымыз бен бірлігіміз одан сайын нығая түсетіні анық, – деді Дос Көшім. 
Аталған кездесудің басты ерекшелігі, жаңа көзқарастарға басымдықтар берілуінде. Осы арқылы тың серпілістерге жол ашылмақ. Оны жиналған қауымның жылы қабылдағаны да сондықтан.

Болат МӘЖИТ
Еңбекшіқазақ ауданы