Маңғыстау маңғаз дала, мәңгі мекен

Уақыты: 19.08.2018
Оқылды: 4237
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақтың қай өңірін алсаң да бауырына құпиясын бүгіп, мені танып-біл дегендей сыр жасырып жатады. Алтайдан Атырауға дейінгі киелі мекеннің тарихын түгендеп біту мүмкін емес шығар. Әйтсе де қазақ елі көмескі тарихтың әр бетін парақтап, құндылықтарын жарыққа шығаруда. Осындай игілікті істің біріне Алматы облысының журналистері де атсалысты. Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жетісулық бір топ журналистер Батыс Қазақстан өңіріне блок-тур ұйымдастырды. Төрт облысты аралап қайтқан тілшілер тобы үлкен әсермен оралды. Олай болса, сол сапардағы көргеніміз бен көңілге түйгенімізді баяндап көрейік.

Алатаудың баурайынан аттанған тілшілер тобы батысқа қарай бет алды. Жол ұзақ болғанымен барлығының көңілі жай. Бұрын естігеніміз болмаса, Батыс Қазақстан аймағына алғаш рет бара жатқанымызды жасырмаймыз. Қасиетті мекенге табанымыз тиетін болды деп қуанышымыз қойнымызға сыймай келеді. «Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық» деген бар. Оның үстіне, Алаштың ақмаңдай ерлерін тудырған киелі мекенді көрудің өзі бақыт емес пе?! Жүрдек пойыз зулап келеді. Әр стансыға бір тоқтап, жаңа қонақтарды таныстырып келе жатқандай. Тоғайлы, нулы жерден асып, сары далаға бет түзедік. Өркеш-өркеш құмдар. Жантағы мен жусан иісі мұрын жарады. Аспан айналып жерге түскендей сары құммен қосылып, күйдіріп барады. Бірақ көңіл тоқ. Санамызда сан мың сауал. Бабалар мекенінің тарихына қанықсақ, рухани сусынды молырақ сімірсек деген ниетіміз басым.
Осылай ойға шомып, әр нәрсені көкейге түйіп жүріп, үш тәулік дегенде Маңғыстау облысына келіп жеттік. Түн ауа Бейнеуге тоқтадық. Біздің алғашқы аялдайтын нүктеміз – осы жер. Сапарымыздың басы. Сары құмның ортасынан орын тепкен Бейнеудің тарихы тереңде екен. Маңғыстауда 362 әулие бар дегенді естігеніміз бар. Сол бабаларымыздың басы осы жерден басталады. Таңмен таласа біз де жолға шықтық. Жол бастаушымыз – Бейнеу аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Болат есімді жігіт. Өзі де ақжарқын, әңгімесі де мазмұнды, сол жердің тарихына да қанық. Атаның салтын, әдет-ғұрыпты қатты қастерлейтіні көрініп тұр. «Алғашқы баратын жеріміз Бекет атаның мешіті. Сапарымыз оң болсын. Әулие атаның басына зиярат етіп, ары қарай жалғастырамыз», – деді.


Бейнеудің оңтүстік-батыс жағынан 20 шақырым жерде орналасқан Бекет атаның жерасты мешітіне бардық. Бекет ата төрт мешіт салғызыпты. Олар Оғыланды, Бейнеу, Жем, Тобықтыда орналасқан. Біз көрген мешіттің көрінісі киіз үй іспеттес. Төбесі күмбез. Үлкен тауды қашап жасалған. Кіреберіс бөлмесіне атаның ұрпақтары жерленген, тақтайша орнатылыпты. Үстіңгі қабатына қарай, тауды қиялай шықсаңыз ескі қорымдар бар. Ол жерде атаның туған ағасы Меңдіғұл жерленген. Ал мешіттің ішкі құрылысы көрген адамды таңғалдырады. Алғашқы бір бөлмесі тар болғанымен қалған екі бөлмесі кең. Сол заманда намаз оқып, шәкірттерді тәрбиелеген. Кейін кеңес кезеңінде қиратылған. Әйтсе де Алланың үйі емес пе, солақай саясат қанша тырнағын батырса да  түбегейлі жойылып кетпеген. Кейінгі ұрпақтары сақтап қалуға тырысқан. Бүгінде мемлекеттің қорғауында. Расымен де адам қызығарлық. Сары даланың арасынан шұрайлы жерге орналасқан. Маңайында шөл дала болса да  атаның мешіті тұрған жер көкмайса және биік талдар өсіп тұр. Дәл қасында құдығы бар.
Жалпы, Маңғыстау өлкесінде су тапшы. Ал мешіттің қасындағы құдықтан су шығып тұр. Суы да мөлдір, ішуге жарамды. Ел аузында сақталған деректер бойынша, Бекет ата 40 жас шамасында осы мешітті ауыл балаларын оқыту және жолаушылардың тынығып, құлшылық жасауы үшін салдырған деседі. Бекет ата – қалмақтарға қарсы соғысқан батыр, табиғатта сирек кездесетін көріпкел, ұлы ағартушы, сәулетші, халық әулие тұтқан кісі болған. Бекет Мырзағұлұлы 63 жасына қараған шағында өмірден өткен. Сүйегі Үстірттің Маңғыстау жақ ойысындағы өзі тұрғызған Оғыланды мешітінде жерленген.
Атаның мешітіне алыс-жақыннан зиярат етіп келуші көп. Маңайына арнайы демалыс орны, тамақтанатын асхана, түнеухана, намазхана салыныпты. Атамыздың Бәйтелі дейтін ұлынан тарайтын алтыншы ұрпағы Қалымбегі Тәшов бүгінде мешіттің шырақшысы болып отыр. Жиырма бір жылдан бері осы жерде отырған атамыздың айтуынша, Бекет ата мешітіне  тіпті Ресейден келетіндер бар. Олардың барлығы дертіне дауа іздеп келеді, көбісі жазылып кетіп жатқан көрінеді.


Бұдан кейінгі сапарымыз ХІХ ғасырда салынған алып ғимараттардың бірі Көркембай мешітінде жалғасты. Бұл өлкеде мешіттің көбісі жер астына, тауды қашап тұрғызылады екен. Ал мына мешіт кәдімгі тастан қаланып салынған. Көлемі үлкен. Байырғы қалпы еңселі болса керек. Қазір шөккен. Десе де сырын бермей, алыстан менмұндалап тұр. Бұл да кеңес кезінде теперіш көріп, жабылған ғимараттың бірі.
Көркембай мешітінің архитектурасы көз тартарлық. Төрт қабырғалы, ішіндегі бөлмелері – 26. Олар бір-бірімен жалғасып жатыр, бірінен-біріне өтуге болады. Төбесінде 38 күмбезі бар. Оның 18-і үлкен күмбез. Ортасында имамның бөлмесі. Ортасында тастан өрілген бағана бар. Құбылаға қарай бет түзеп намаз оқитын ихрамы бар. Имамның бөлмесінде тұрып сөйлесеңіз, қалған 26 бөлмеге   қасыңызда сөйлеп тұрғандай естіледі. Акустикасына адам таңданады. Қабырғаларында түрлі ойықтар бар және кітап сөрелері де ойылып жасалған. Бұл Бейнеу кентінен 40 шақырым оңтүстікке қарай орналасқан. Атеистік заманда, қазақтың зиялыларын қынадай қырып жатқанда Көркембай Бектұрлыұлы да елден қуылған. Ол осы мешітте шәкірт тәрбиелеумен, халықты сауаттандырумен айналысқан. 1928 жылы бұл мешітті кеңес билігі жауып тастаған. Маңайында көнеден қалған құдығы бар. Тереңдігі 15-20 метр. Бұл аймақта құдық төрт бөлікке бөлінеді екен. Біздің көргеніміз «шыңырау құдық» деп аталады. Ел аузында құдық жайлы аңыз көп. Соның бірін баяндай кеткен жөн.
Ертеде  қай жерде тәтті судың көзі бар екенін білетін қасиеті бар Бейнеубай деген кісі болады. Жай адам емес, қасиет дарыған әулие кісі болса керек. Бірде оған сол өлкенің бай манабы: «Бәленше мал беремін, құдық қазып бер», – деп қолқа салады. Ақысына келіскен Бейнеубай құдығын қазып, ішуге жарамды суын шығарып береді. Бірақ еңбек еткен адамның ақысын жеп, келіскен малын бермей қояды. Осыдан кейін бай құдықтан бір тамшы су да ала алмапты. Шелегі толып келе жатқанымен дәл аузына келгенде төгіліп кететін көрінеді. Ақ дегені алғыс болып тұрған бай жалшыларын ішіне түсіріп қанша тексерсе де еш кінәрат таба алмапты. Ақыры Бейнеубайға жасаған қиянатын мойындап, келіскен ақысының үстіне айыбын қосып беріпті. Сол кезде құдық қазған Бейнеубай құдыққа бір түсіп шығыпты да өз жолымен кете барыпты. Мұнан кейін құдықтың суы шығып, халық игілігіне пайдаланған көрінеді.
Түстен кейін біздің бағытымыз Бейнеу ауданына қарасты Тұрыш ауылына ойысты. Ол жерде Барақ батырдың кесенесіне ат басын тіредік. Тарихта аты белгілі Барақ батырдың кесенесі Тұрыш ауылынан оңтүстікке қарай 15 шақырым жерге орналасқан. Өркеш-өркеш құмды асып, батырдың басына әзер жеттік. Күннің ыстығы мен жолдың қиындығы біраз әбігерге салды. Он бес шақырымды артқа тастап батырдың басына жақындағанымызда алыстан мұнартқан ақ күмбезді көзіміз шалды. Биік төбенің басына жерленген екен. Кесенесі 1992 жылы қайта жөндеуден өтіп, жергілікті ұлу тастан қаланған. 1993 жылы үлкен ас беріліп, кең көлемде аталып өтіпті.
Барақ Сатыбалдыұлы 1743–1840 жылдары өмір сүрген. 97 жас жасаған әйгілі батыр. Кіші жүз қазақтарын ұлт-азаттық көтеріліске бастап, Табын руынан шыққан батыр. Үстірттің Сам құмында дүниеге келген. Барақтың есімі 18 жасында әйгілі болған. Ол торғауыт батыры Алакөбікті жекпе-жекте жеңіп, елдің көзіне түседі. ХVІІІ ғасырдың 70-ші жылдарына дейін шөмішті табын руын бастап, Еділ мен Жайық арасында қалмақтармен соғысқан. Сырым Датұлының Ресей отаршыларына қарсы соғысына да белсене атсалысып, даңқы елге жайылады.
Сол төбенің етегінде Барақтың ұлы Асауға да тағзым жасадық. Жалпы халық Барақ пен Асауды біріктіріп, Асау–Барақ деп атайды екен. Сол кездегі жыраулар жырында жырланған әкелі-балалы батырлар «Асау–Барақ» өлең ұйқасына қарай аталып кетсе керек. «Атым әкемнің алдына шығып кетсе де өлсем әкемнен төмен жерлеңдер» депті батырдың ұлы. Аманатқа қиянат жасамайтын текті ұрпақ әкесінен төмен жерлепті. Кезінде Батыс пен Шығысты, Азия мен Еуропаны жалғаған Ұлы Жібек жолы да осы Бейнеу ауданын қиып өткен. Тұрыштан солтүстік-батысқа қарай 20 шақырымдай жерде «Керуен сарайының» орны бар. Талай сыры құм астына көмілген ескі қаланың орны көмескіленсе де келген адамды қызықтырмай қоймайды. Қабырғасына қаланған қызыл кірпіштері мүжілсе де жарты бөлігі қалған. Бөлмелері көп кең сарай ертеде өркениеттің болғанын аңғартады. Арнайы су жүру кәріздері болған. Мұны 2011 жылы қазба жұмыстары жүргізген кезде анықтаған. ХVІ ғасырдың екінші жартысы мен ХVІІ ғасырдың басында саудагерлерге арнайы салынған.  


Дәл осы сарайдан бес шақырым жерде «Ақпанның үйігі» деп аталатын қорымды көрдік. Бұл б.з.д. V-ІV ғасырда салынған деген дерек бар. Сарматтар ғибадатханасы деп аталатын бұл жерде әлеуметтік дәрежесі жоғары көсемдер жерленген. Бұған дәлел, қазба жұмыстары жүргізілгенде бес адамның сүйегі, алтыннан істелген әшекейлер табылған. Алтын әшекейлер Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» бұйымдарымен бірдей. Бүгінде алтын бұйымдар арнайы мұражайда сақтаулы тұр. Қорымның биіктігі 7-9 метр. Зерттеу жұмыстары толық аяқталмаған. Әлі де зерттеуді қажет етеді.


Қойнауы құтқа толы Бейнеу ауданы көненің көзіндей боп бізбен сыр бөлісті. Аз да болса тарихынан сыр ақтарып, рухани сусынымен шөлімізді басты. Кешқұрым Бейнеумен қош айтысып, жолға шығып кеттік. Ертесіне Маңғыстаудың киелі жерін аралауды бастап кеттік. Алғашқы сапарымызды Адай атаның басынан бастағанды жөн көрдік. Маңғыстаудың ең биік нүктесі саналатын Отпан тауға бет алдық. Ақтау – Таушық – Шетпе тасжолының бойындағы Жыңғылды ауылыменен Тұщыбек санаторийінің ортасын жарып, сол қапталдағы биік таудың етегіне келіп тоқтадық. Биік таудың басындағы ақ күмбезден бұрын  тау етегінде орналасқан Қалнияз Шопықұлының бейітіне бардық. Бұл кісі 1816-1902 жылдары өмір сүрген. Адай руынан шыққан жырау әрі батыр. Сол кезде жауға шапқан батырларды өзінің рухты жырымен қуаттандырып  отырған екен. 1870 жылдары аласапыран заманда Маңғыстау көтерілісіне қатысқандардың бірі. Жыраулығымен бір танылса, батырлығымен тағы көзге түскен баһадүр.
Сол алмағайып заманда көтерілісшілер жеңіліске ұшырап, халық бас сауғалап кетеді. Қазақтың қаймағын қырып, бас көтеретіндерін қудалауға салған кезде Қалнияз жырау да тәжік жеріне аууға мәжбүр болады. Тәжік жерінде жүріп, елім-жерім деп талай жырды дүниеге әкелген бірегей тұлға. Кейін тәжіктің Гиссар деген қаласында дүние салып, 112 жылдан кейін 2015 жылы Отпан таудың етегіне сүйегі қайта жерленеді.
Мұнан кейін Отпан таудың басына шықтық. Бұл тау кезінде хабаршы тау атанған. Биік таудың басына от жағып, бір-біріне белгі беретін болған. Адай ата кесенесіне дейінгі көтерілетін баспалдақтың саны – 362. Ол осы өңірдегі 362 әулие атаның құрметіне арнайы жасалған екен. Оның алдында үлкен кейуананың ескерткіші қойылып, барлық анаға деген құрметтің белгісі деп атап көрсетілген. Ал Адай атаның кесенесі ақ тастан тұрғызылыпты. Кесененің екі жағына Адайдың екі ұлы Құдайке мен Келімбердінің құрметіне мұнара тұрғызылыпты. Жалпы «Адай ата Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің негізін қалаған идея авторы – елімізге еңбегі сіңген қайраткер, белгілі ақын Сабыр Адай. Кесененің қасына көк түріктің ұрпағының символы ретінде көк бөрі мен қазан іспеттес «Ұран оты» деп аталатын ескерткіш бой көтерген. Оның жан-жағына сегіз ошақ кейпінде арнайы бағандар орнатылған. Оның да өзіндік маңыздылығы бар. Адайдың екі ұлынан тараған сегіз баланың белгісі екен. Бүгінде сол сегіз баладан тараған ұрпақтар жыл сайын кезектесіп, Көрісу күні бірлік отын тұтатып, үлкен ас береді екен. Алып кесене өзінің әсемдігімен көз тартады. Биік таудың басынан орын тепкен киелі орын, шын мәнінде, танымдық-тарихи жер. 115 жыл өмір сүрген Адай ата жерленген жерден топырақ әкеп осы жерге көмген.


Мұнан кейінгі барған жеріміз Түпқараған ауданындағы Таушық кентінен 25 шақырым жерде орналасқан Шақпақ ата жерасты мешіті болды. Маңғыстау жерінде жер астында орналасқан 9 мешіт бар. Солардың бірі Х-ХІІІ ғасырларға тиесілі Шақпақ ата мешіті. Біз атаған 362 әулиенің бірі осы Шақпақ ата. Осы тұста ел аузындағы аңыз әңгімені айта кеткен жөн.
Қалмақтар елді шауып, қазақ ауылын қанға бөктіреді. Бұған төзбеген қазақтар қол жинап, қарсы шығуға бекінеді. Осы кезде Шақпақ ата өзінің мешітін салып жатады. Таудың жақпарын қашап жұмысын істеп жатқан Шақпақ атаға батырдың бірі келіп: «Қол жинап жатырмыз, қалмаққа қарсы шабамыз, қолға қосыл», – дейді. Осы кезде алаңсыз жұмысын істеп жатқан Шақпақ ата  «Сендер жүре беріңдер, арттарыңнан қуып жетемін», – деп жауап қатады. Бұл қолға қосылатын адамның сөзі емес деп келген батыр кері бұрылып кетеді. Қазақтар соғысып жатқанда оң жақ қапталдан бір дүлей күш келіп, қалмақтардың бір бүйірін талқан етеді. Алдында ақ киім киген батыр жауды жайпап өтіп, қалмақтың қалың қолын қырып салады. Қалмақтар кері шегініп, қашып тынады. Сонымен жауға жалғыз шапқан Шақпақ ата қайта келіп, жұмысын жалғастыра береді. Жеңіспен оралған қазақ батыры Шақпақ атаға келіп: «Ау, батырым, сенсіз де жеңіске жеттік», – деп уәжін айтады. Осы кезде Шақпақ: «Е, дұрыс екен, бірақ қырғын соғыста жаудың оң жақ бүйірі талқандалды ма?» – деп сұрайды. Батыр: «Иә, мың қол ерткен бір батыр асқан ерлік көрсетіп жауды жапырып өтті. Бірақ батырдың кім екенін аңғара алмадық», – деп жауап береді. Бұл Шақпақ атаның өзі болатын. Жауға шапқанда жалғыз өзі мың қол болып шабатын көрінеді. Осындай әулиелік қасиеті болған деген ел аузында аңыз бар. Тіпті, үстіне бұлт үйіріп әкелетін және тырнақтарын бір-біріне жақындатқанда от шығатын қасиеті де болған.
Міне, осындай тылсым күшке ие Шақпақ ата бала тәрбиелеп, мешіт салған ірі тұлға. Шақпақ атаның мешіті тіптен ерекше. Жазда салқын, қыста жылы. Борлы жартаста салынған мешіттің ішінде үш үлкен бөлмесі бар. Қабырғаларында арабша жазулар ойылған. Онда Құран аяттары мен хадистер, түрлі аңдардың бейнесі салынған таңбалар бедерленген. Мешіттің ішін аралап жүріп таудың басқа тұсынан сыртқа қарай шығып кеткеніңді байқамай қаласың. Мұнда да көп адам жерленген. Ескі қорымдар жетерлік. Олардың бастарына құлпытастар қойылып, шағатай, араб тілдерінде жазылған белгілері бар. Қожа Ахмет Яссауидің ізбасары болған. Академик А. Медоевтің айтуынша, Шақпақ ата ІХ ғасырда өмір сүрген. Ал Бартольдтің пікірінше, сопы 1312-1342 жылдары билік еткен Өзбек ханның тұсында ғұмыр кешкен деседі.
Бұдан кейін Сарытас шығанағына таяу маңдағы Сұлтан үпі мешітін тамашаладық. Бұл да жерасты мешіті. Тау қыртысына салынған мешіттің маңайы құдды бір бақ ордасындай. Басында бұлағы, қазылған құдығы бар. Түрлі ағаштар өсіп тұр. Бұл ғибадатхананы археологтар  ХІІ-ХІІІ ғасырға жатқызады. Жартасты ойып салған мешіт 11 бөлмеден тұрады. Мешіттің ішіндегі екі сырық ағашы шаншылған дөңгелек тастың ортасына Сұлтан үпі жерленген. Шырақшының айтуынша, Құл Сүлейменнің баласы делінеді. «Баһрғани» жазбасының иесі және су апатынан сақтайтын қасиеті болған. Жұрт теңізге шыққанда осы кісіге сыйынып шығатын көрінеді. Ел аузында да бұл кісі жайлы талай аңыз бар. Шапанымен бір тартып, теңізге кетіп бара жатқан адамдарды құтқарған деген әңгімені сол жердегі тұрғындардың аузынан естідік.
Осылайша Маңғыстаудағы талай киелі жерді көріп, бабаларымыздың басына зиярат еткен сапарымыздың екінші бөлігі Сұлтан үпі мешітімен аяқталды.

(Жалғасы бар)

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ
Маңғыстау облысы