Тегіңді тану тектілік

Уақыты: 29.08.2018
Оқылды: 3781
Бөлім: ТҮПСАНА
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ең алдымен тарихи жадымыздың жаңғыруына кең жол ашып отыр. Соның нәтижесінде Мәңгілік Ел болуды мақсат тұтқан өршіл ұрпақ ретінде Ұлы Даламыздың дара тұлғаларын, дана кемеңгерлерін түгендеп, ұлттық қасиеттерімізді қастерлеуге қапысыз ден қоя бастадық. Тамыры терең тарихын танитын ұрпақтың ғана ертеңі ерен, келешегі кемел болмақ. Осы орайда өткеніміз оралып, кеткеніміз келіп, кемелдігіміз кемерінен асқан осындай шұғылалы уақытта қарт тарихтың ақтаңдақ беттерін ақтарып, рухы асқақ асыл бабаларымызды ғасырлар қойнауынан бүгінгі күннің төріне шығара бастадық. Соның бірі тектілігінің тамыры тереңде жатқан, бір атаның ғана емес, жері бай, жұрты берекелі рулы елдің көшін бастап, ұрпағына ұлағатты жол қалдырған Жарты бабамыз еді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының: «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ», – деген тегеурінді сөзін ақиқатқа айналдырып отырмыз. Шынымен де осынау алып даладағы кез келген рулы елдің ата тарихы мен баба жолына қарағанда басын төмен салып, ұялуға қақысы жоқ. Біз де «Жеті атасын білмеген ер жетім, жеті ғасыр тарихын білмеген ел жетім» дегізбей, керісінше, өткенінен өнеге ала білетін еңсесі биік ел екенімізді көрсетіп, жаратылысы бөлек Жарты бабамыздың рухын асқақтатып, есімін ұрпақ санасында мәңгі сақтау мақсатында игілікті істі қолға алған едік. Әңгімені әріден бастағанымыз дұрыс болар.
 
Жеті атасын білген ер... 
 
Аспантаудың ақиығы, мұзар шыңның мұзбалағы атанған алдаспан ақынымыз Мұқағали Мақатаев өзінің «Мен Үйсінмін» деген өлеңінде:
Ортадан да, кішіден де кішімін!
Ұлымын деп көрсетпеген қысымын.
Ел басына екі талай күн туса,
Екі інімнің найзасының ұшымын!
Мен Үйсінмін! 
Ұлы десең, ұлымын!
Кісіліктің, кішіліктің құлымын.
Бөлінбеген еншім даяр, екі інім
Желпілдетіп жетіп келсе тұлымын! – деп рулық шеңберден шығып, ұлттық тұтастықты жырлап кетті емес пе?
Ақынның жырына арқау болған Үйсінге басымызды біріктіру қасиетті бабамыз Бәйдібектен басталады.
Бәйдібек Қарашаұлы – қазақтың атақты биі әрі батыры, ханы да болған. Бәйдібек бабамыздың өмірі, заманы, өскен ортасы жайлы тарихи деректер негізі – Қазақ елінің шежіресі, ел ішінде сақталған аңыз-әңгіме және әйгілі шығыс зерттеушісі ғалым-этнограф Н. Аристов пен   Ш. Уәлиханов жазбаларында баяндалады. Бұл деректер бойынша Бәйдібек – Қазақ халқының ел болып құрылуында үлкен орын алатын ежелгі Үйсін бірлестігіне кіретін Албан, Суан, Дулат, Сарыүйсін, Шапырашты, Ысты, Ошақты ру-тайпаларының түпкі атасы. Өз заманында көшпелі елдің басын біріктіріп, елді, жерді сыртқы жау шапқыншылығынан қорғауды ұйымдастырушы және бастаушы, ақылшы қолбасшы болған аса ірі тарихи тұлға. 
Бәйдібек әулетінің бір тармағы – кіші әйелі, тарихта Домалақ ана атанып кеткен Нұриланың жалғыз ұлы Жарықшақтың үш баласының бірі Албан ата жайлы бірауыз сөз айта кеткеніміз жөн шығар. Жалпы Албан қазақ халқын құраған Ұлы жүз құрамындағы ежелгі ірі тайпалардың бірі. Көне жазба тарихи деректерге сүйенсек, Албан атауы  көне түріктік – «Алып тау елі» деген мағына береді. Албандар V ғасырдан бүгінге дейін Жетісуды мекен етіп келеді.
Шежіреден сыр шертіп, тарихтан толғап, бүгін есімін ұлықтап отырған Жарты бабамыз – Сүйерқұлдан тарайтын төрт баланың кенжесі. Албан тайпасындағы белгілі үлкен рулардың біреуі. Үлкені Шоған бабамыз 1584 жылы Шыршық өзені бойында өмірге келіп, 1642 жылы 58 жасында дүниеден өткен. Шоған Абыздың Албан еліндегі, тіпті Ұлы жүз ішіндегі аса құрметті ақылгөй адам болғандығы жайлы ізгі де игілікті істері әлі күнге ел аузында сары майдай сақталып, айтылып келеді. Біз ел болып, есімізді жиып, көздеген мұратымызға – әр нәрседен жақсылық тауып, әр жаратылыстан хикмет сезетін осындай кісілердің ізгі қасиетінің арқасында жеттік. Кешегі бабамыз Бәйдібек айтқандай:
Бір кісінің баласындай,
Бір қолдың саласындай болу, –  асқақ арманымыз!
Сүйерқұлдан тараған Досалы, Шоған, Қожбанбет пен Жартының ешқашан еншілері бөлінбеген. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», – деген қағиданы берік ұстанып, күні бүгінге дейін береке-бірлігі, жарасымды тірлігімен өсіп-өніп, өркендеп, еңселі ел болып келеді.   
Бүгінгі ұрпақтары ас беріп, ескерткіш орнатып, есімін тағы бір жаңғыртып отырған Жарты бабамыз туралы ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер көп. Солардың бірінде бабамыз дүниеге айы-күні толмай ерте келеді. Әкесі Сүйерқұл уақытынан бұрын өмірге келген перзентіне көңілі алаңдағанымен дәстүр бойынша ауыл молдасын шақырып, балаға ат қойғызады. Молда шала туған баланың бітіміне қарап отырып: «Нышанды сәби екен, жай адам болмас. Қалай болса да бір мұсылманға байып, көбейіп жатырмыз ғой, аты «Мұсылманбай» болсын», – дейді де азан айтып, атын қояды. Қазақы ұғымда шала туылды дегенімен ауыл молдасы айтқандай, нышанды сәбиге тіл тимесін деген ырыммен өз атымен айтпай Жарты атап кетеді. Бала кәмелет жасқа толар-толмаста әкелері Сүйерқұл жасы жетіп, о дүниеге аттанады. Сол сәттен бастап Жартыны ағасы Қожбанбет қамқорлығына алады. Жиырма жасқа толар-толмаста албан еліндегі дуалы ауыз, айтулы билердің бірі болған Қожбанбет ағалық парызын өтеуде осы інісіне өте ықылас-мейірімі түсіп, жақсы көріп, аялап өсіреді. Екі сөзінің бірінде: «Жартым менің, Жартым, артымнан ерген халқым», – деп еркелетіп отырады екен. Әкесінен қалған мал мен басқа ие болып, ділмәр-шешендігімен, мол кісілігімен, әділет сүйгіштігімен ел ішінде абыройы тез өсіп келе жатқан ағасы Қожбанбеттің аялы алақаны мен қамқорлығының арқасында Жарты бабамыз да аға өнегесімен есейіп, кәмелет жасқа толып, үйленетін мезгіл де келеді. Ағалары Қожбанбет би мен Шоған абыз алыс-жақыннан қыз айттыра бастайды. Қожбанбет пен Шоғанның қадірін білетін іргелес дулат еліндегі Қошқарбай дейтін бай  қызының қалауымен екі жасқа батасын береді. Осылайша Ақбике ару мен Жарты бақытты ғұмыр кешеді. Олар бірнеше қыз бен Айдабол, Жандабол есімді екі ұлды болады. Ұлдың кішісі Жандабол үйленбей тұрып, жаугершілікте қаза табады. Айдаболдан Әзет, Нәзет деген екі ұл дүниеге келеді. Әзетінен – Солтанкелді, Таңатар, Нәзетінен – Еспер, Қанай деген ұл туады. Бұлар ел аузында «төрт жарты» деп аталады. Осы «төрт жартыдан» бүгінгі үлкен ұрпақ өсіп-өніп, іргелі елге айналып отыр. Орта ғасырда өмір сүрген өзге де тарихи тұлғалар сияқты Жарты баба да өмірі мен қызметі арнайы хатқа түспегенімен халық ауыз әдебиетіндегі бейнесі жақсы сақталған тұлға.
Шоған Абыз бен Досалы бабаларымыз Жарты атамызды Қожбанбеттің қамқорлығына бергеннен кейін олардың еншісі бөлінбей бірге жүріп, өсіп-өнген деседі.  Ағайынды екеуінің мал-жаны ортақ, тіпті ен-таңбасына дейін бір болыпты. Мәселен, Қожбанбет малы ауырып тұра алмай қалған жағдайда, не болмса әрбір төлі туған сайын «бұл Жартымның малы, Жартының бәсіресі» деп бір құлағын ұшынан кесіп тастай береді екен. Содан ел ішінде «Қожбанбеттің кесік ені» деген белгі қалыптасқан-ды. Кейін бұл Қожбанбет-Жартыға ен-таңба болып, бертінге дейін сақталыпты. Тіпті, Жарты атамыз отау құрғанда құлағы кесік малдың бәрін еншісіне бөліп бергенде малы өріске толған бай болып шыға келіпті. Сондықтан атына «бай» сөзі қосылып, «Жартыбай» атанған деседі дария кеуде қариялардан жеткен әңгіме желісінде.
Шежіре деректеріне сүйенсек, халқымыздың ата салт дәстүрі бойынша Сүйерқұл қарияның қара шаңырағы Жартының үйінде сақталып қалған.  Бұл күнде сол қара шаңырақтың иесі болған бабамыздың өз кіндігінен тараған отыз мыңнан астам ұрпағы бар. Жер тарихын бедерлесек, қойнауы құтты Қарадала Жарты баба ұрпақтарының қазығын қаққан қасиетті қара шаңырағы. Ошағының орны, керегесінің ізі қалған осы топырақта Жарты бабамыздың есімін ұрпақ жадынан өшіріп алмай, қайта оның аңызға толы ғұмырын насихаттау үшін еңселі ескерткіш орнаттық. Бұл бастаманы жас буынның тарихын біліп, тегін танып, ата-бабасын ұлықтай отырып, бойына отаншылдық рухты сіңіруге бағытталған игі іс десек, асыра айтқандығымыз емес.
Ата тарихымыздың қатпарлы қалың беттерін парақтасақ, бабамыздың текаталары, түпаталары – қарадан шығып хан болған, сегіз қырлы, бір сырлы, жаужүрек батыр әрі отауызды, орақ тілді шешен, бүкіл халқының қамын жеген, ел сенімін ақтаған, жоғын жоқтаған, мұңын мұңдаған жандар болғанына көз жеткіземіз.            
Ғасырлар бойы осынау Ұлы Даламызда ел басына екіталай күн туып, ері етігімен су кешкен, аты ауыздықпен су ішкен, қилы заман, қиын кезеңдер өткені жадымызда әлі жаңғырып тұр. Сондай алмағайып замандардың бірі жоңғар шапқыншылығынан соң Жарты ұрпақтары көп жылдар бойы Іле өзенінің солтүстік бөлігін мекендеп келсе, одан кейінгі XIX ғасырдың орта шенінде Іленің  оңтүсігіне орналасқан. Содан бастап байырғы атамекендері – Үйсін тауының Қарадаласы, Сұңқар,  Дардамты,  Добын, Сарыбұлақ, Тастықара, Шарын, Сарытоғай, Сарышыған және Темірлік өңірлерін ен жайлаған.   
Албанның Айт тармағы, Сүйіндік атасынан тараған, азулы ақын Көдек  Байшығанұлы «Албанның баласы» атты жыр жолдарында:
Албанның бел баласы екеу екен.
Туылып Шыбыл менен Сары да өткен. 
Ар жағы Алматы мен Шелек, Түрген.
Баласы Қызыл, Қоңыр ары кеткен. 
Сарының бел баласы екеу екен,
Сүйерқұл мен Таубұзар нәнің өткен. 
Сүйерқұл қызыр шалған төрт баласы,
Екеуі қоныс алған арғы беттен.
Досалы, Шоған деген екі ұлына,
Байынқол, Үш Қақпақтың тауы жеткен, – деп Қожбанбет пен Жартының ұрпақтары Үйсін тауының арғы бетіндегі қасиетті Қарадаланы мекен еткенін нақтылай түседі.  
Ертеректе Жарты руы бірыңғай бір өңірде отырса, кейін жер жағдайының тапшылығына әрі күнкөріс қамына байланысты олар енді екіге бөлініп тұрақ тепкен. Еспер, Қанай бұрынғы атажұрты тау етегінде қалса, Солтанкелді мен Таңатар аталары Ілеге жақын далалы алқаптарға қоныстаныпты. Осыдан келіп «Қыр Жартысы» және «Ой Жартысы» деген атау қалыптасқан-ды. Қыр Жартысы атанған Еспер, Қанай ұрпақтары Сұңқар мен Дардамты әлі күнге дейін қатар қоныстанып келеді. Ал Ой Жартысына келетін болсақ, бұлардың негізгі мекенжайы Шарын өзенінің төменгі ағысы. Өзеннің батыс бөлігіндегі Күркілдек, Қаратұма, Саршыған – шығысы Тасқарасу. Сартоғай мен Шарынның Ілеге құйғанға дейінгі екі араны кейде бөлек, кейде араласып Солтанкелді мен Таңатарлар тұрады. Демек, судың бір жағында Таңатар болса, екінші жағын Солтанкелділер иемденген. Мұндағы елдің күздеу, қыстауы Қарадала мен Іле бойы болғанымен, халықтың біраз бөлігінің жайлау қоныстары сонау Қарқара мен Талды өңірлері екен. Біраз бөлігі Кетпен тауын, кейде одан да асып Шалкөде жайлауына келетін болған. 
Шежіреге сүйенсек, Жарты руының ең көбі Таңатар ұрпақтары және олардың топтасқан бөлігі де Сарытоғай төңірегі. Осы атадан тараған Сырлыбай ұрпақтары Ақсай мен Темірлікті қоныс етсе, Жақас әулеті Сұңқардың тік аяғындағы орта бөлік – Добын, Сарыбұлақтан орын алған екен. 
Жалпы Жарты руының өмірі де қазақ халқының басынан өткен сан-салалы күрделі тарихпен бірге ұштасып келеді. ХХ ғасырдың басындағы Кеңес үкіметінің сұрықсыз саясаты белең алып, бейбіт елді жаппай ашаршылық пен қырғынға ұшыратқан тұста Жартылардың да бір бөлігі ел асып Қытай жерінде бас сауғалауға мәжбүр болды. Сондықтан бүгінгі таңда Қытай еліндегі қандастарымыздың ішінде Жарты ұрпақтары да өсіп-өніп отыр. Ол туралы 1903 жылы Қарадаладағы Ұзынтамда дүниеге келген, 1932 жылы асыра сілтеушіліктің залалымен Қытайға қоныс аударуға мәжбүр болып, 1934–1958 жылдар аралығында ағартушылықпен айналысып, мұғалім, мектеп директоры, аудандық оқу, мәдениет бөлімдерінің меңгерушісі, халық кеңесінің хатшысы сияқты қызмет атқарған Шарғын Алғазыұлының жырында жиі айтылады. Ақын:
Қожбанбет, Жарты, Айт-бозым,
Албанның ұлы көлемі.
Қоңыр-қызыл, Алжанмен,
Қанаттас жүрген ел еді, – деп сол жердегі ағайынның ынтымағын жырлайды.
Сүйерқұл бабамыздың төрт ұлының бірі Жарты атамыз тегін адам болмағаны жайлы ел аузында сақталған әңгіме аз емес. 
Албан елінде жиі айтылатын: «Жарты аман болса жалпы аман», – деген нақыл сөз бар. Бұл нақыл қазақ шежірелері үлгілерінде шегеленген, сан ұрпақтың санасында бекіген, бүгінгі күні қазақты құраған іргелі тайпалар арасында өзіндік қайталанбас орны бар, тарихымызда бедерлі де айшықты ізі қалған Жарты бабамызға деген сый-құрметтің айқын көрінісі болса керек. 
Міне, осындай тұлпардың тұяғындай,  сұңқардың қияғындай, алтынның сынығындай Албан атамыздың бесінші ұрпағы Жарты бабамыз қазақтың қадірлі де қастерлі азаматы болуы кездейсоқтық емес, табиғи заңдылық.
Мемлекет және қоғам қайраткері, ақын-драматург, Алматы облысының Құрметті азаматы, жерлесіміз Нұрлан Оразалиннің:
Қарадала – күй қанаты талмайтын,
Жібек жолы ғасырлармен самғайтын.
Сақ, Ғұндар мен Үйсіндердің көзі бұл,
Шығыс пенен Батысты үнсіз жалғайтын, – деген сырға толы жырларын өскелең ұрпақ жаттап өсуде. Сол Қарадала деп аталатын киелі мекен ата-бабамыздың табанының ізі жатқан жер. Осыдан қозыкөш жердегі төбешіктер астында Сақ пен Ғұндардың сүйегі жайғастырылған обалар бар. Ол Алматы облыстық мәдениет және мұрағаттар басқармасының бақылауында тұрған Ұйғыр ауданына тиесілі 28 тарихи-археологиялық ескерткіштердің бірі. Ескерткіш туралы және оның орналасқан жері туралы жергілікті өлкетанушылар әлі зерттеп толықтыра жатар. Тек қасиетті даламыздың киесін қашырмай, Нұрлан ақын жырлап өткен бабалар жатқан обалар ордасын да көздің қарашығындай сақтап, болашаққа жеткізсек екен дегіміз келеді.
 
Ескерткіш   елдіктің белгісі
 
Ұлы Даланың бір пұшпағы          
қасиетті Қарадаланың төрінде мемориал-ескерткіш орнату қазақ ұлтының бір бөлшегі саналатын рулы елдің атасы Жарты бабамызды ғана насихаттау емес, осы арқылы қазақтың қай түкпіріне барсақ та кездесетін адуынды, айбынды бабалар жолын ұрпаққа өнеге ету. Алдаспан ақын Мұқағали ағамыздың:
Бабаларым, рахмет сендерге,
Балаларың болмасын деп көр кеуде, – деп басталатын өлеңінде:
Сыр ашпайды сенің құла түздерің, 
Сыр ашпайды тау-тастағы іздерің. 
Сенің бүкіл болмысыңның тағдырын, 
Домбыраңның пернесінен іздедім. 
Іздедім де, сәттерімде, түңілген, 
Тастап кеткен аңызыңа жүгінгем. 
Жүгінгем де, қайта туғам, тірілгем: 
Тарихымды жазудамын  бүгін мен, 
Бабаларым, сенің Ана тіліңмен!  – деген ғаламат жолдар бар. 
Осы өлеңдегідей тәуелсіздігіміздің арайлы таңымен бірге тарихымызды түгендеп, қайта жазып, өткенімізді тірілтіп, өшкенімізді жағу басты борыштарымыздың бірі. Шонжы ауылының шетінде бой көтеріп, айналасы сая баққа айналатын бұл мемориал-ескерткішті туған жерге, өскен елге тағзым ретінде әрі кейінгі ұрпақ өткенін, шыққан тегін ұмытпасын деген оймен тұрғыздық. Саябақтың жұмысын  келешекте одан әрі дамыта береміз. Бабалар Ұлы Даланы тегін қорғаған жоқ. Ұрпағымыз өсіп-өнсін, еңбек етіп, ел болсын деді. Әр ауылдың шетін осылай саябаққа айналдырып, адамдарға қолайлы, тұрмысқа лайықты қып жасасақ, нұр үстіне нұр емес пе?! «Түп-тұқиян тоғайын» болашақта сан түрлі жеміс өсетін мәуелі баққа айналдыратын абат мекен болсын дедік. Кетпен тауының баурайында дүниеге келген Қожбанбеттің Ағымсарысынан тараған би-шешен Нақысбек Жалпетекұлы:
Әуелі Құдай жерге береді, 
Жердегіні елге береді. 
Елдегіні ерге береді, 
Ерге бергенде төккен терге береді, – деген екен. Жарты баба кесенесі сәндік үшін ғана емес, ұрпақтары тағылым алу үшін қолға алынған игі іс. 
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деген. Сондай ұлтымыздың дара тұлғаларының бірі, еліне суықта пана, ыстықта сая болған  Жарты бабамыз екені рас.
Бабамызға арналған ескерткішті бастамас бұрын оның бірнеше жобасын саралаудан өткіздік. Соңында Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, жерлесіміз, суретші-мүсінші Елдос  Елмұратұлы Бексұлтанның ұсынған туындысы бастамашыл топтың таңдауына ие болды. Сол жоба бойынша жай ғана ескерткіш емес, мемориалдық кешен тұрғызуды жоспарладық. 
Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тағылымды сөз бар. Осы мемориалдық кешенді тұрғызуға қаржылай көмегін аямай үлес қосқан бауырларымызға елдің атынан алғыс айтамыз. Себебі «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін» дейтін аталы сөзге арқа сүйеген халықпыз ғой. Алла тағала берген мол несібесін құзғындай астына баспай, сұңқардай айналасына шашып жейтін атымтай азаматтар Жарты бабамыздың ұрпақтарынан көптеп табылды. Елден алғыс алған осындай азаматтар көбейе берегей деп тілейміз! 
Мемориал кешеннің іргетасын қалардың алдында Бәйдібек бабамыздың мәңгілік мекенінен бір уыс топырақ әкеліп, осы мемориалдық кешеннің астына шаштық. Бұлай істегендегі мақсатымыз – өңірдегі ұрпақтарынан дана бабамызға жасаған құрметі болсын деп есептедік. Жасалған тақтаның бір қанатына Бәйдібек бабамыздың басына орнатылған мәрмәр тастағы ұрпақтар шежіресін айнытпай көшіріп, кейінгі жастар көріп жүрсін деген ниетпен ойып жаздырдық. Жалпы бабамызға арналған мемориалдық кешен туралы ҚР МОМ Антропология және этнология орталығының ғылыми қызметкері, ескерткіштанушы Жалаледин Әлиханұлы Шәйкен:
«Ұлы жүз, Албан тайпасының ішіндегі Жарты руының түп атасы Жарты баба рухына арналған «Жарты баба» мемориалодық кешені (Алматы облысы, Шонжы ауылы. Авторы Елдос Бексұлтан) ерекше сәулет ескерткіштерінің қатарына жатады», – деп бағалаған. 
Ескерткіштің дәл ортасында жапырағын жайған бәйтерек бейнеленген. Бәйтерек – әлемдік ағаш. Барлық аңыздық дәстүрлерде, соның ішінде қазақ мифологиясында нақты түпкі терек, Ана-терек кейпінде берілген. Ол  әлемдік ағаш ретінде барлық үш деңгейін – аспанның тоғыз немесе жеті қабаты болып есептелетін жоғарғыны, ортаны, әлемнің тоғыз немесе жеті қабаты болып есептелетін төменді байланыстырады. Оның жекелеген бөліктері өзімен дербес әлемдердің бөліктерін танытады: тамыры – жерасты әлемі, ұшар басы – жоғарғы әлем, бұтақтары мен жапырақтары – ортаңғы әлем. Ал терек сөзінің этимологиясы (нұсқалары: дарақ, дарау, дара, тарақ) – өмір деген мағына береді. 
Жарты баба ескерткішінде бәйтерек бейнесінің берілуі бүгінгі бейбіт, тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан ұрпақтардың ата-баба рухын құрметтей отырып, ұрпақтар үндестігін, ата-баба жолы мен дәстүрін жалғарыстырғандығын көрсетеді. Ескерткіштің сол жағындағы қанатта барыс бейнесі берілген. Барыс бейнесіне  «Қазақстан – 2030» ұзақмерзімді даму стратегиясының «Қазақстан мұраты» бөліміндегі көптеген халық үшін тектілік пен мықтылықтың символы саналатын қар барысына айрықша сипат берген. 
Барыс – өзіне тән тектілігімен, алғырлығымен, жасқануды білмейтін батырлығымен, батылдығымен, айлалығымен дараланады. Ол ешкімге бірінші болып шабуыл жасамайды әрі тікелей соқтығыстардан бойын тартып жүреді. Бірақ өзінің еркіндігі мен тұрағына, ұрпағына қатер төнген жағдайда ол басын тігіп, бойындағы барын салып қорғайтын болады. Барыс бейнесі гносеологиялық тұрғыдан арғы тегі біздің бабаларымыздың дүниетанымына, адамгершілік мұраттарына барып ұласады. Сондықтан Жарты баба ескерткішіндегі барыс бейнесі әрбір қазақ руының біртұтас ұлттық мұратын дәріптейтіндігінің белгісі. 
Ескерткіштегі қыран бейнесі мемлекеттік Туымыздағы қыранның мәнімен егіз. Күн астында қалықтаған қыран мемлекеттің қуат-күшін, оның егемендігі мен тәуелсіздігін, еркіндігін, биік мақсаттар мен жарқын болашаққа деген ұмтылысын танытады десек, ескерткіштегі бейне де бүгінгі Жарты баба ұрпақтарының бейбіт өмір жолындағы ортақ мұратын көрсетеді. Тағы бір үлкен символикалық мәні бар нысан – 4 шырақ түріндегі бағандар. Ол төрт шырақ төр сөзінің өзіндік мәнімен үйлесіп жатыр. Ең алдымен дүниенің төрт тарапын білдерді. Төрт саны мифологиялық түсінік бойынша тұрақтылық, тұтастық мағынасын береді. Бұл «төрт құбыласы тұтас болсын», «тең болсын», «төрт түлігі сай болсын» деген  тілектермен үндеседі. 
Ескерткіштің негізгі өзегі ретінде берілген «Жарты аман болса, жалпы аман» деген нақыл сөз қарға тамырлы қазақтың бір-біріне деген құрметі мен ұлттық тұтастығының терең тамырлы бастауларын паш етіп тұр. 
Жалпы алғанда «Жарты баба» мемориалдық кешені Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында қойылған міндеттермен тікелей үндесіп отыр. Түптеп келгенде коғамдағы көптеген  әлеуметтік-экономикалық құлдыраудың алдын алудың маңызды шарттарының бірі руханиятты көтеру. Қоғамның рухани дамуы оларға тарих, әдебиет, өнер, халық даналығы, салт-дәстүр,  мәдениет, ғылым, білім арқылы берілетіндігі даусыз. Сондықтан жаңадан бой көтерген «Жарты баба» ескерткіші осындай елдік мұратты жүзеге асыруға зор үлес қосатын маңызды қадамнан туындаған. 
 
Жарты баба шежіресі
 
Бабасының атағы таудай, баласы қандай екен?» – деген сұрақтың болуы заңдылық. Сол үшін азан айтып қойған аты – Мұсылманбай, ал ел арасында Жарты атанып кеткен асыл бабамыздан тарап, бұл күнде тәуелсіз еліміздің еркін қанат жайып, еңсесін тік ұстауына сан-салада еңбек етіп жүрген бірқанша азаматтарды атап өткенді жөн көріп отырмын. Публицист-жазушы, жалынды журналист, қарымды қаламгер Тельман Жанұзақов, жас кезінен қолына қаламын алып, осы жолда өмірі зая кетпеген Баққожа Мұқай, филология ғылымдарының докторы, профессор Телғожа Жанұзақ, жазушы-журналист, ұзақ жылдар еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» бас редактордың орынбасары, бас редакторы, вице-президенті болған, бұл күнде осы басылымның кеңесшісі Жанболат Аупбаев, жазушы Дәнеш Ахметов, филология ғылымдарының докторы, профессор, Шерубай Құрманбайұлы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сұлушаш Нұрмағанбетова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ахманов, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, осы мемориал-ескерткіштің авторы  Елдос Елмұратұлы, дәстүрлі әншілер, халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары Тілеулес Құрманғалиев пен Ардақ Балажанова, ақын-журналист Нұрлан Қалқа мен облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Ұлбосын Бөрібайқызы, және облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Ақпарат саласының үздігі Жұматай Оспанұлы мен жеті жасында Жетісудан өлең құсын ұшырып, алты Алашқа таңдай қақтырған бала Жамбыл – біз бүгін рухын асқақтатып, есімін ұлықтап, санамызда жаңғыртып отырған Жарты бабамыздың ұрпақтары. Бұл тізімді тізе берсек, тегіне тартқан Жарты бабаның текті де өнегелі, өнерлі де өрелі ұрпақтары жалғаса бермек. Алдарыңызда баяндама жасап отырған өзім де осы Жарты бабаның бір бұтағымын. 
Бабамыздың рухына арналып ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, ас беріліп, ат шаптырып бәйге жасаумен қатар сиясы әлі кебе қоймаған «Жарты баба шежіресі» үшінші рет толықтырылып, жарық көрді. 
Шежіре – қазақ халқының қоғамдық сана-сезімінен туған, бір буыннан екінші буынға, атадан балаға, үлкеннен кішіге ауысып жұртшылық құлағына сіңген халық мұрасы. Шежіре жөніндегі халық арасындағы ұғым, ол ата тарату, оны жазуға болмайды, аражік ашылып кетеді деген тар өрісті мағынада түсінетін кісілер көптеп кездеседі. Ал шынына келсек, шежіре ықылым заманнан мағлұмат беретін, белгілі бір ұлттық қауымның шығу тарихының таралуын, дамуын зерттейтін  ғылымның бір саласы.
Әр халықтың, әр рудың өз тегін, қайдан шыққанын білуге құштарлығы, өзінің түп-тамырын тереңнен тартқысы келетіні тым әріден келе жатқан танымдық ұмтылыс.
Міне, сондықтан шежірені жинау ісі өте ұқыптылықты қажет етеді. Өйткені, күллі қазақты айтпағанның өзінде бір ру шежіресі туралы әркім әртүрлі айтады. Қазақ шежіресінде бірыңғай дұрыс шежіре тарихы әлі жоқ десек те болады. Ел ішінде шежіре тарихын жазу мен шұғылданып жүрген адамдар да шамалы. Бұл жерде  «Әркімге өзінің жазғаны дұрыс, басқаның жазғаны бұрыс», – деген тұжырым жасау ағаттық.
Шежірені жазған автор өзінің нұсқасын ғылыми тұрғыдан дәлелденген деп айта алмас. Өйткені, шежіреде жеке бір автор жоқ және болуы да мүмкін емес. Шежіренің авторы – халық.
Сондықтан шежіреде әр жерде жүрген туғандардың аты-жөнін, қай атадан тарағанын жинап жазу өте қиын да уақытты көп керек ететін тірлік. Өйткені жастар емес, жасы келген туыстар да өзінің арғы атасын атауда екі-үш атадан әрі аспай, қай жерде  қай атаға барып қосылатынын білмей жатады. Міне, мұндай жағдайда шежірені толық жазылды деп айту қиын. Мұның себебі көне тарихымыз бен ауыз және жазба әдебиетіміздің кеңес дәуірінде терең зерттелмегендігінде. Кеңестік кезеңде халқымыздың әдет-ғұрып, салт санасын тануға, ру шежіресін зерттеуге тыйым салынып келді. Мұның өзі халықтың төл тарихын ұмыттыруды көздеген саясат болатын. Ұлттық әдебиет пен мәдениет, тарихи мұралар талауға түсіп, құнды еңбектер құмға сіңген судай ғайып болып, жоғалып жатты. Кезінде жазылған немесе сақталған мұраларды көрсетуге, ауызша таратуға да қорықтық. Соның салдарынан ұлттық санамызды дәріптейтін салт-дәстүрлеріміз бірте-бірте ұмытыла бастады. Көне тарихты жетік білетін адамдар саны азайды. Шежіре айтушылардың қаймағы әлі бұзыла қоймай тұрған кезде қолымыз жазуға, сызуға жеткен сияқты еді. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарынан соң басталған секемшіл саясатымыз бұл саланы тіпті ойсыратып кетті. Сөз таниды дейтін көзі қарақты адамдар қуғын-сүргінге ұшырады. Жойқын ашаршылықтың құрбаны болды. Бұдан кейін де талай жылдарға созылған халықтың көне тарихына, әйгілі адамдарына деген салқын көзқарас шежіре жайын одан ары тұралатты. Шежіре тарқатуды өзіміздің «саяси қайраткерлеріміз» коммунизмге бет алған бағытымызға үйлеспейтін қиғаш шаруа, ұлтшылдық пен рушылдықты қоздыратын іріткі деп қарады.
Құдайға шүкір, өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілтіп берген бүгінгі жаңаша ойлау кезеңі шежіреге кәдігімгідей көңіл аударуға мүмкіндік беріп отыр. Ол да басқа елдердегі сияқты тарихымыздың бір тармағы екендігі ашық айтыла бастады. 
«Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген ізгі қасиеттерді қайта тірілтуіміз керек. Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен қатаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес», – деп Елбасымыз атап көрсеткендей, бүгін, міне, тәуелсіз елде есімізді жинап,  Ұлы Даланың ұлы бабаларына деген кейінгі толқынның  құрметін көрсетіп, есімдерін ардақтайтын дәрежеге жеттік.
Жарты ата шежіресі елді ірітуге емес, керісінше біріктіруге, қалың қазақтың әрбір руының өзіндік айшықты орнын көрсетуді мақсат етіп отыр. «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» деген аталы сөздің мәнін ұрпағымызға аманат ету жолында қолға алынған игілікті қадам. 
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тағылымы зор, тәрбиелік мәні мол Жарты баба ұрпақтарының ұйытқы болуымен салынған «Жарты баба» мемориалдық кешені мен «Түп-тұқиян тоғайы» атты саябағы Мәңгілік Ел болу жолындағы ізгі мұраттардың бірі болып қалмақ. 
 
Ызғарбек Бектұрсынов,
облыстық мәслихаттың 
депутаты, Алматы облысының және Ұйғыр, Райымбек, Балқаш аудандарының 
Құрметті азаматы