КӨНЕ ЗАМАН КҮМБІРІ

Уақыты: 10.09.2018
Оқылды: 1393
Бөлім: ТҮПСАНА

   Есте жоқ ескі заманнан сыр шертетін Таңбалы шатқалына барудың сәті тағы түсті. Алматы – Бішкек күрежолымен жүріп отырып, Тарғап ауылынан өткен соң Дегерестің тұсынан Қопаға қарай бұрылдық. Бұл жол Қопа теміржол бекетінен асқаннан кейін жусан иісі аңқыған бетегелі белдермен Аңырақай жазығына апарады. Талай жыл ойқы-шойқысы шығып жатқан жолдың өткен жылы жөнделгеніне мұндағы жұрт дән риза. Жаңадан асфальтталып, жол бойына бірнеше суөткел көпірлер салыныпты. Қарабастау ауылынан өткеннен кейін «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының аумағы басталды. Ұлы Дала еліндегі аты әлемге әйгілі тарихи орынның бірі осы – Таңбалы шатқалы. 

 

   Ежелгі Жетісуды әр кезеңде мекендеген бағзы жұрттың тұрмыс-тіршілігінен, наным-сенімінен хабар беретін мұралар жиынтығы Алматы қаласынан 170 шақырым солтүстік-батыста орналасқан. Бұл төңірек Мәтібұлақ селолық округіне қарайды. Қорғалатын аймақтың жалпы ауданы 3800 гектарды құрайды. Оның 900 гектарына археологиялық орындар кіреді, ал аралық бөлігін 2900 гектарда орналасқан Бүкіләлемдік «Мәдени мұра» тізіміне енген ескерткіштер алып жатыр.  Сонымен қатар, ескерткіштің аралық аймағына жалғасқан «Таңбалы» сапаршы орталығы үшін 24 гектар жер телімі бөлінген. Бұл ғимаратта мекеменің бас кеңсесі орналасқан.
   Бұл аумақ бейне бір ашық аспан астындағы алып көрме іспетті. Таңбалы шатқалы есте жоқ ескі заманнан қалған жәдігерлердің көп шоғырлануымен ерекшеленеді. Сонысымен де бірегей. Мұнда әртүрлі дәуірге тән жүзден астам ескерткіш бар. Олар – қола дәуірінен бастап біздің заманымызға дейінгі ғасырларды және кейінгі жыл санауымызды қамтыған қоныстар, молалар, ертедегі тас қашалған орындар, петроглифтер және табыну ғимараттары. Бәрі үш мың жыл бойы осы жерді мекендеген ертедегі және кейінгі кездегі халықтардың тарихын нақтылы көрсететін археологиялық кешенін құрайды. Мұндағы негізгі жәдігер – жақпар тастар бетіндегі үш мыңға жуық петроглиф. Жартасқа қашап салынған сансыз суреттер галереясы негізінен қола дәуіріне тән.
ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген осынау баға жетпес құндылықты сақтау үшін 2003 жылдың қазанында Үкімет қаулысымен «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы құрылып, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ғылыми қызметкерлермен бірге қорықшылар, инженерлер, экскурсоводтар және туристік бағыттар бойынша гидтерді біріктірген штат бірліктері бөлінді. Қарабастау елді мекенінде сапаршы орталығы салынып, онда тастағы суреттердің нақты көшірмелері мен бейіттерді қазу кезінде табылған қыш құмыра, ыдыстар мен тұрмыстық бұйымдар, тағы басқа жәдігерлер көрмеге қойылды. 
   Қарабастаудағы бас кеңсе ғимаратында спутниктік байланыс орнатылған. Қазіргі заман талабына сай құрал-жабдықтармен, қорықшылар дүрбімен, мініс аттарымен қамтылған. Қорық-мұражайдағы мамандар туристерді қабылдап, туған өлкенің өткенінен, рухани әлемінен әсерлі әңгіме өткізеді. Таңбалыға шетелдіктер де көптеп келеді. 
   Бастама көп ұзамай қолдау тауып, «Таңбалы» мұражайы БҰҰ Даму бағдарламасының 13 млн. 597,5 мың теңге грантын иеленді. Сол қаржыға әрқайсысы алты қанатты бес киіз үй алынып, осы жаздың басында «Таңбалы» қорық-мұражайында туристерді қабылдайтын этноауыл салтанатты жағдайда ашылды. Сондай-ақ, мұнда этноауылды және осындағы күзетшілер үйін электр қуатымен жабдықтау үшін күн сәулесі мен желден қуаттанатын 5 киловаттық дербес электр стансысы орнатылды. Этноауыл осылайша Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының Қазақстандағы бөлімшесінің қолдауымен биоалуантүрлілік пен экожүйелерді сақтау жобасы аясында жүзеге асырылды. Аңырақай жазығының шатқалды шетінде қаз-қатар тігілген  алты қанатты ақшаңқан үйлер алыстан көзге шалынады. Бүгінде қорық-мұражайды тамашалауға келгендер алдымен осында аялдап, таңбалы тастарға саяхатын қазақтың ұлттық салт-дәстүрімен танысудан бастайды. Керегелі киіз үйлердің іші ұлттық бұйымдармен жабдықталған. Сонымен қатар, мұнда туристерге ұлттық тағамдардан дәм татып, тынығатын мүмкіндік те қарастырылған.
   Абай Сәдуақасұлы басшылық ететін ғылыми-зерттеу және мәдени-рухани мекеменің негізгі міндеттерінің бірі – мұражай қорын сақтау. Мұражай қызметкерлері жыл сайын ескерткіштерді тиімді қорғау мақсатында бақылау-барлау жұмыстарын жүргізіп, жаңадан табылған археологиялық мұраларды есепке алып, оларды бүлінуден қорғау мақсатында іс-шаралар атқарады. Тізімге алынған әрбір ескерткіш ұлт байлығының рухани қазынасы екені анық. 
   Ескерткіштерді түпнұсқа қалпында сақтау – қазіргі таңда өзекті мәселенің бірі. Көптеген тарихи-мәдени мұра адамдардың жауапсыздығынан өзгерістерге ұшырап, кейбір жағдайда жойылып кету қаупі төніп отырады. Қазақ елінің басынан өткен аумалы-төкпелі замандарда құнды жәдігердің қаншасы тоналғаны белгісіз. Қолды болмаған қорымның бүгінге жеткені санаулы ғана. Уақыт табы да тасты өз дегеніне салып, тау жыныстары жарылып, кей тұстары мүжіліп тұр. Ашық далада ыстық-суықтан, жауын-шашыннан тастағы суреттің көбі көмескіленген. Осы орайда жергілікті тұрғындардың да тарихи-мәдени мұраларды зақым келтіруден қорғауға үлес қосқаны құба-құп. Ескерткіштерді сақтау елдің, бүтін халықтың баға жетпес асыл қазынасы екенін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, өз елінің өткеніне жанашырлықпен қарайтын ұлтжанды етіп тәрбиелеудің маңызы зор. Бұл мақсатта оқушы экскурсиялары ұйымдастырылып тұрады.
   Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, зерттеу және насихаттау мемлекеттік деңгейде атқарылып жатқан іс. Мұражайдың жартас суреттерін қалпына келтіру және ғылыми зерттеу, қор сақтау бөлімі осы бағытта тыңғылықты жұмыс істеу үстінде. Мамандар жыл сайын археологиялық зерттеулер арқылы Таңбалы аумағынан жартас суреттері мен қорған-қабірлердің, тұрақтардың орнын тауып, зерттеп, тізімге алып келеді. Ғылыми қызметкерлер биыл Таңбалы шатқалынан бөлек Аққайнар, Шамалған маңдарындағы археологиялық орындарда зерттеу жұмыстарын жүргізіпті.  
   Таңбалы шатқалы алты топқа бөлініп, әр топ бойынша туристерге көрсету бағыттары белгіленген. Оны түгел аралап шығуға шамамен төрт сағаттай уақыт кетеді. Қорық-мұражай аумағында автокөлікпен жүруге тыйым салынады. Өйткені, механикалық көлік дүрілінің өзі құнды жәдігерге әсер етуі мүмкін. Сондықтан келушілер көлігін тұраққа қалдырып, жаяу барады. Шатқалдағы тарам-тарам сүрлеумен жүріп отырып, бағзыдан қалған бірегей мұраны қолмен ұстап, көңілге түюдің әсері теледидар мен кітап-журналдан көргеннен әлдеқайда өзгеше. Жартас бетіне қашалған өнер туындылары ежелгі бабалардың ой-санасы, тіршілігі, қоршаған ортамен байланысынан мағлұмат береді.
   Мәселен, тастағы “Күн басты” мен “Ай басты” суретте екеуін айнала он екі адам қоршап, билеп жүр. Неше мың жылдар өтсе де композиция анадайдан көзге анық көрінеді. Күнге табынушылардың саны дәл 12 болуы тегін болмаса керек. Жылдың 12 айдан тұратынын, адамның жасы 12 жыл сайын бір мүшелге толып отыратынын Ұлы Далада ғұмыр кешкендер баяғыдан-ақ топшылаған-ау деген ойға жетелейді. Сол сияқты бұғы, қабан, таутеке, бұқа, құлан бейнелері, топталып аң аулау сәті, жылқыны жүгендеп міну, ту ұстаған салт атты, екі дөңгелекті арба жегілген түйе сияқты көріністер өте ертеде бедерленген. Кейінгі түркі дәуірінде жаңартылған кескіндер де кездеседі. Әр суретте белгілі бір мазмұн бар. Отандық ғалымдардың пікірінше, Таңбалы шатқалындағы петроглифтерде қазақ өнер тарихының, қазақ философиясының бастауы жатыр.

Серік САТЫБАЛДИЕВ.