БАЛДЫРҒАНДАРДЫ ҚУАНТТЫ

Уақыты: 11.09.2018
Оқылды: 1155
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» жобасы бүгінде патриоттық тәрбиенің негізгі өзегіне айналып отыр. Ол арқылы азаматтардың туған өлкеге деген ыстық ықыласын арттырып, ауылға көмек қолын ұсынатын жомарт жандардың қатарын көбейту көзделген.
Мұндай жандар Ескелді ауданында да аз емес. Солардың бірі «Хильниченко и К» КСС-нің басшысы Виктор Хильниченко. 
В. Хильниченконың аудан игілігі үшін жасаған қамқорлығы көпке үлгі. Оның табысты дамып келе жатқан ірі ауылшаруашылығы кәсіпорны жылма-жыл қыруар қайырымдылық шарасын атқарып келе жатқаны аудан тұрғындарына кеңінен мәлім. Міне, күні кеше ғана 100 бүлдіршінге есігін айқара ашып, пайдалануға берілген «Радуга» балабақшасы да осының жарқын айғағы болса керек. Бұл мақсатқа ол 100 миллион теңгеден астам қаржы жұмсап, жалпы көлемі 1200 шаршы метр аумақты алып жатқан бұрынғы кітапхана ғимаратын толығымен қайта жаңғыртып, күрделі жөндеуден өткізді. Аудан орталығы Қарабұлақ ауылында өткен бұл балабақшаның ашылу салтанатында аудан әкімі Бағлан Тәнекенов құттықтау сөз сөйлеп, өте маңызды нысанның іске қосылып отырғанын баса айтып, осындай игілікті істің ұйытқысы болған шаруа қожалығының басшысы Виктор Хильниченкоға зор алғысын білдірді.
– Бала тәрбиесінде және оларды болашаққа дайындауда балабақшаның алар орны ерекше. Елбасы Н. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді 2020 жылға дейін мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз етіп, олардың ерте дамуына бірыңғай стандартты бағдарламаларды енгізу керектігі ерекше көрсетілген. Осыған орай біздің ауданда да бірқатар жұмыс атқарылып келеді. Бүгінгі күннің көрсеткіштеріне сәйкес аудан бойынша бүлдіршіндердің мектепке дейінгі мекемелермен қамтылуы 93,4 пайызды құрап отыр. Алдағы уақытта Бақтыбай ауылында 90 орынды және Қарабұлақ ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 320 орынды балабақшаның құрылысы жоспарлануда. Сонымен қатар М. Байысов ауылында жеке кәсіпкер В. Агиенко 90 орынды балабақшаға арналған ғимаратын мемлекет игілігіне қайтарып бермекші. Аудан бойынша мектепке дейінгі мекемелердің толық қамтылуы 100 пайызды құрайтын күн де алыс емес, – деп тоқтала кетті аудан басшысы.
 «Хильниченко и К» серіктестігінің  әлеуметтік жобасы арқылы бой көтерген бұл балабақшаның ғимараты толығымен заманауи талапқа сай. Балабақша ауласындағы балалардың ойын алаңына да ерекше көңіл бөлінген. Бүлдіршіндерге тек білім мен тәрбие ғана беріп қоймай, олардың спортпен айналысуына да баса назар аударылған. Бір жыл ішінде жұмысы қарқынды жүргізілген балабақшаға қаржы мол құйылып, оның құрылысына тек сапалы материалдар қолданылған. Балбөбектегі жиһаздар да Алматы қаласының беделді фирмаларынан сатылып алынған.
Бүгінде мектепке дейінгі мекемеге 20-дан астам маман қабылданған. 2 мен 6 жас аралығындағы балаларды қазақ және орыс тілдерінде оқытатын төрт топ болады деп бекітілген. Сонымен қатар ата-аналар балабақшада орнатылған 22 камера арқылы арнайы бөлмеден балаларын бақылауларына мүмкіндік алып отыр. Алдағы уақытта бүлдіршіндерді үш тілде оқыту үшін мамандар дайындап, бейнежазба арқылы ұялы телефоннан қарап отыратын бағдарлама орнату жоспарлануда. Осындай мүмкіндік туғызып, балаларға базарлық жасағаны үшін ата-аналар қауымы өз ризашылықтарын білдіруде.

Шора БАТЫРБАЕВ
Ескелді ауданы