Көне Тараз күмбірі

Уақыты: 31.10.2018
Оқылды: 1377
Бөлім: ТҮПСАНА

Облыстық дін істері басқармасының ұйытқы болуымен қолға алынған «Рухани керуен» жобасы өткен жылы аймақтағы барлық аудан орталығы мен  үш қаланы қамтып, тұрғындармен сан түрлі тақырыпта кездесу ұйымдастырған еді. Құрамында елімізге танымал өнер иелері, спорт майталмандары, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен әртүрлі сала мамандары бар «Рухани керуен» биыл да жалғасын тапқан. Былтырғыдан өзгешелігі– керуен мүшелерінің шалғай ауылдардағы тұрғындармен жүздесіп қайтқандығы. Тағы бір айта кетерлігі, биылғы «Рухани керуен» жобасы облыс аумағынан өтіп, төскейде малы, төрде басы біріккен іргелес Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласына арнайы барып, тарихының тамыры тереңде жатқан көне Әулиеата жерінің елімен емен-жарқын кездесулер өткізіп, игі шараның мәні мен мазмұнын бөлісті.

ҚОНАҚЖАЙ ҚОРДАЙЛЫҚТАР

«Рухани керуен» дәстүр бойынша Жетісудың жүрегі Талдықорғанның оңтүстік қақпасына орналасқан «Рухани жаңғыру» орталығының алаңына жиналып, жүз метрге жуық биіктіктегі самал желмен желбіреген көк Туымыздың астында облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетовтің ізгі тілегімен және облыстың Құрметті азаматы, «Тақиялы періште» фильмімен аты аңызға айналған Әлімғазы ақсақалдың ақ батасын алып, қарт Таразға жол тарттық. 
Алдымызда мың шақырымдай жол. Мақсатымыз айқын, бағдарымыз белгілі. «Жол мұраты – жету» болғанымен арақашықтық та аз емес. Жол қысқарсын деп үлкен-кіші ән салып, әңгіме айтып, арасында әдемі әзілімізбен жарасып, түс ауа екі облыстың шекарасына да жетіп бардық. Қонағының көңілін табатұғын, ат мінгізіп, шапанын жабатұғын, япыр-ай, бұл жалғанда қазақ қана, қонақ  келсе шабылып қалатұғын. Аудан әкімі Болатбек Байқонысұлы  бастаған қордайлықтардың дәл осындай пейілін көрдік. Қазақы жалпақ тілмен айтқанда жайылып жастық, иіліп төсек болды да қалды. Арнайы шатыр тігіліп, гүл шоқтарымен безендіріліп, қазаққа тән пейілінің дарқандығын көрсететін дастарқан жайып тастаған. Жай ғана қарсы алып, «жерімізге қош келдіңіздер» деп күтіп алып, ары қарай шығарып салса да болатын еді. Бірақ алпыс екі тамырындағы ойнақтаған қонақжайлықтың қаны олай жасатпапты. Тек қана дәм татқанымыз жоқ. Сайын даланың төрінде, ата-бабамыздан аманат қалған қасиетті жерде рухани жаңғырып тұрмыз. 
Жанымызды әдемі әнмен тербетіп, күймен көмкеріп, сөз асылымен рухымызды асқақтатқан да сол Қордай ауданының өнерлі ұл-қыздары. Әуелі үкілі домбырасын қолына алып, ақ бұлақ жырды ағытқан белгілі айтыскер ақын Күмісайдың сыңғырлаған күмістей үнімен шашудай шашылған маржан сөз жанымызды жадыратты. «Мен қазақпын» ұлттық жобасында топ жарған қордайлық күйші жігіт Қуаныштың домбыраның пернесінде жорғалаған он саусағынан сорғалаған күй де арқамызды қоздырды. Әнші қыз Жаңылдың осынау керім даланы сиқырлы үнімен баурап, ешқандай аспаптың сүйемелдеуінсіз шырқаған халық әндері әсерімізді одан сайын еселей түсті. 
«Ауылдың алты ауызы айтылды. «Қонақкәде» деген болушы», – деп қалды бір ағамыз біздің де ортамызда өнерпаздар барын меңзеп. Алқалап жіберсе, арқасы қозып кететін қазақ емеспіз бе? Оның үстіне ақыны жырмен қарсы алып жатқанда аянып қалмадық. Біз де қос ішекті домыраны қолға алып, толғай да тартып, толғанып, суырыпсалма өнерімізді көрсетіп, жырдан алқа тақтық ақпейіл ағайынның кеудесіне. Былтыр өткен «Мен қазақпын» ұлттық жобасының бас жүлдегері, жетісулық жезтаңдай әнші Бейбіт Мұсаев та өз кезегінде аянып қалмады. Кең тыныстап алды да дауысын соза шырқай жөнелді. Елдің пейілі, көптің қошеметі қойсын ба, көктемде ғана Қырғыз елінде өткен әнші-ырчылар байқауында топ жарып, бас жүлдені қанжығасына байлап, Жетісуға мерейі тасып қайтқан Эльмира Дәуренбекова да ән шашуын арнап жіберді. 
Осылайша біраз аялдағаннан кейін, «Атадан бота қалғанша, бата қалсын» деген пейілмен Әлімғазы атамыздың ақ тілеуіне алақан жайып, бет сыйпап, темір тұлпарымызды күрежолға салып, қарт Таразға қарай бет түзедік. Тақтайдай жолмен зулаған көлікке жол алыс бола қойсын ба, ақшам кіре шырайлы шаһардың босағасынан аттадық. Қонағының алдынан шығып, атынан түсіріп алатын дәстүрмен Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов бастаған азаматтар дәм ұсынып қарсы алды. Мұнда да ақындары жырдан шашу шашып, құшағын ашып, даладай дарқандығын көрсетіп жатыр. Жолсоқты болып тұрған біздер келген жұмысымызды арайлап атқан ақ таңнан бастамақ болып, бірден қонақүйге жайғасып, демалуға кеттік.

ОБЛЫС ӘКІМІ ҚАБЫЛДАДЫ

Жетісудан барған зиялы қауымды Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қабылдады. Барлық басқосу аяқталғаннан кейін керуен тобындағы аға буынды қарсы алған Асқар Исабекұлы төр ұсынып, құрмет көрсетті. Ежелден алыс-беріс, барыс-келісі жарасқан екі облыстың бүгінгі тынысы жайлы әңгіме өрбіді. 
Ең әуелі Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Серікбекұлы өткен шараға аз-кем есеп беріп, рухани шараның мәнді де мазмұнды өткенін атап өтті. Қонақтар жағынан сөз алған Әлімғазы ақсақал өңірімізде облыс әкімі Амандық Баталовтың атқарып жатқан елеулі еңбегіне тоқталып, жетісулықтардың ыстық сәлемін жеткізді. Топ басшысы Сұлтан Дүйсембінов келген қонақтарды таныстырып өткеннен кейін Амандық Ғаббасұлының сәлемін айтып, «орамал тон болмайды, жол болады», – деген қазақы пейілмен табиғаты сұлу өлкенің келбетінен сыр шертетін «Жетісу жерінің жауһарлары» деген суретті кітапты тарту етті. Сыйға сый ұсынуды білетін ел емеспіз бе? Өз кезегінде Асқар Исабекұлы да жетісулықтарға қарт Тараздың тарихынан сыр шертетін үлкен картина сыйлады. Сонымен бірге Тараз қаласының және облыстың жағымды жаңалығымен бөлісіп, осындай алқалы басқосудың алдағы уақытта да жалғаса беруіне тілектес екенін жеткізді.

ДОСТЫҚ пен БЕРЕКЕ МЕКЕНІ

Тараздың таңы арайлап атып, алып күн де шуағын шаша көкжиектен көтерілді. Табиғаттың өзі қонақжай пейіл танытқандай. Алғашқы басқосуымыз шаһар төріндегі Достық үйінде өтпек. Тайлы-таяғымызбен жиналып, белгіленген уақытта сол ғимаратта болдық. Айналасы абаттандырылған, қарт қаланың тарихынан сыр шертетін көріністер көз тартады. Достық пен татулықтың ұйытқысына айналып, сәні мен салтанаты жарасқан ғимараттың екінші қабатында Алматы облыстық дін істері басқармасының іс-шараларынан мағлұмат беретін көрме ұйымдастырылып, экраннан арнайы бейнебаян көрсетіліп тұрды. Белгіленген уақытта мәжіліс залына кіріп, мақсаты айқын кездесу де басталды. 
Салтанатты жиынды ашқан Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков әуелі алыстан ат терлетіп келген ағайынға ақжарма алғыс айтып, тараздықтар атынан ықыласын білдірді. Бірден іске көшкен жиын тізгіншісі жетісулық қонақтарды таныстырып, олардың қатарында  ҚР Мәдениет қайраткері, кино актері Әлімғазы Райымбеков, Халық әртісі Алмахан Кенжебекова, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының іргесін қалап, шаңырағын көтерген Рәтбек қажы Нысанбайұлы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, философия ғылымының докторы, теолог-ғалым Бағдат Бейсенов, Талғар ауданының Құрметті азаматы, ақын-сазгер Кәмнұр Тәлімұлы, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Оспанұлы сынды азаматтар бар екенін атап өтіп, біздерді бастап барған топ басшысы облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсембінов екенін де ескертіп өтті. Тараздық ағайын біздер үшін бір мезетте үш жерде жүздесу ұйымдастырып қойыпты. Рәтбек қажы мен дінтанушы Бағдат Қабылдаұлы орталық мешітте өңір имамдарымен, Ғалиасқар Төлендіұлы мен Кәмнұр Тәлімұлы колледж студенттерімен кездесуге кетті. Ал Рахмет Разбекұлы, Әлімғазы ақсақал, Алмахан Нұрпейісқызы төртеуміз сол шаңыраққа жиналған қаланың зиялы қауымы мен ақсақалдары және студенттерімен басқосуды ары қарай жалғастырып кеттік.
Жиын тізгінін ұстаған Бекболат Серікбекұлы алдымен сөз кезегін «Рухани керуеннің» көшбасшысы Сұлтан Дүйсембіновке берді. «Бармасаң, келмесең – жат боларсың» деген аталы сөзді алдыға тартып, іргелес жатқан екі облыс арасындағы ынтымақтастық байланыс пен рухани кездесулер бірінші рет болып отырмағанын, бүгінгі басқосу сол игі дәстүрдің жалғасы екенін атап өтіп, Жамбыл облысының әкімдігі мен қонақжай Тараз жұртына алғыс айтып, кең көлемде баяндама жасады. Сұлтан Мырзабекұлы өз сөзінде облыстағы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен жеткен жетістіктерімізді тілге тиек етіп, экономикалық-әлеуметтік даму жолындағы қыруар шаруаларды да назардан тыс қалдырмады. 
Мәдени-рухани әлеміміздегі оңды өзгерістерді де саралап өтті. Осылайша Жетісу жұртының тыныс-тіршілігінен хабар беріп, өзендер өрнектеген өлкенің жетістігін айтып, бір желпінтіп тастады. Келесі кезекте мінберге көтерілген Халық әртісі, облысымыздың Құрметті азаматы Алмахан апамыз да табаны тиген қасиетті Тараздың бүгінгі келбетіне риза көңілін білдіре келіп, тар жол, тайғақ кешуде өткен тарихымызды, қилы кезеңді бастан кешірген тағдырымызды айтып, тараздық жастардың да Тәңір берген тәуелсіздігімізді бағалай білуіне аналық жүрегімен ақ тілеуін жеткізді. Орайы келгенде айтылған орамды ойға сүйінген зал тола жұрт сілтідей тынып, ерекше зейінмен тыңдап, алған әсерін шапалағымен шашқан көңіл шашуымен білдіріп жатты. 
Баласағұннан бастасам, мың жылға әрі кетермін, Жәнібек, Керейге тоқтасам, бес жарым ғасырға өтермін. Төле биден толғасам, даналық сөзді төгілтіп, жазғы жаңбырдай төпермін. Қай жағынан алсам да, заманға соноу барсам да, тарихы жатқан тұңғиық, түбіне қалай жетермін. Қуанышы да жетерлік, қайғысы да аз емес, шежіресі шекер-мұң. Көңілін елдің бұрсам да, таңды-таңға ұрсам да, таусып біте алмаспын, қасиетін мынау мекеннің! 
Ақиқаты да осы. Том-том тарихы бар ел жайлы емен-жарқын әңгіме айтып, арқаны кеңге салып, көсіліп те, шешіліп те сөйлеуге болады. Бірақ жетісулық қонақтар тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтып, рухани жаңғырудың тарихымызды тану мен жеріміздің қасиетін сезіну, бабалар аманатына қиянат жасамай, құрметпен қарап, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауды бүгінгі ұрпақ ұмытпау керектігі сөз болды. Мінбенің төрінен бізге де сөз бергенде айтқанымыз осы болды. 
«Мен тұтастай қазақпын. Мені бөлшектеу мүмкін емес. Мен бір қазақ емеспін, бар қазақпын», – деген қазақтың қаһарман перзенті, сол өңірдегі Жуалыда туып, Мыңбұлақтың суын ішіп өскен, ақиқаттың алдаспанындай өткір, жалт қарағанда жанарының оты домна пешінің жалынындай жүзіңді қарып өтетін Бауыржан Момышұлы атамыздың аманатын жеткізіп, Мәңгілік Ел болып, осынау Ұлы Даланы көзіміздің қарашығындай сақтау үшін ұлттық намыс пен ар-ұяттың, имандылық пен жігердің бүгінгі ұрпақтың бойынан табылып, тілімізді шұбарламай, дінімізді тұмандамай өмір сүрудің басты борышымыздың бірі екенін жеткіздік. 
Әлімғазы атамыз да қазақ қызының бойындағы иба мен қылықтың, қазақ ұлының бойындағы қайсарлық пен өрліктің құлдырап бара жатқанын айтып, залда отырған жастарға қайрақ болып, намысын жанитын сөзін айтты. Аты аңызға айналған ақсақалдың Тараз төріне келетінін естіген қала тұрғыны өзінің кішкентай балапанын алып келіп, сол жерде қазақтың ғаламат дәстүрінің бірі, жақсының жолын берсін деген пейілмен тұсауын кестіріп, батасын алды. Жоспардан тыс жасалған бұл үрдіс шынымен де рухани сапарымыздың тұздығындай болды. Жиын соңында облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның әншілері Бейбіт Мұсаев пен Эльмира Дәуренбекова және «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің әншісі Мақпал Қазыбек дәстүрлі әнді дәріптеп, жыр-термеден шашу шашты. 
Осы жиынмен қатарласа өтіп жатқан басқа да басқосулардың маңызды өткені жасырын емес. Рәтбек қажы мен Бағдат Қабылдаұлы имамдармен жүздесуде бүгінгі қоғамдағы діни ахуал төңірегіндегі алаңдатушылықтың негізіне тоқталып, асыл дініміздің құндылығын жамағатқа жеткізуде имамдардың білімімен бірге шешендігі, ұлттық дәстүріміз бен тарихымызды байланыстырып, ағымдардың жетегінде кеткен жандардың санасына сәуле болып құйылу керектігін айтқан. Экстремистік терроризмнің елімізде белең алуының соңында дін дұшпандарының жымысқы саясаты жатқаны да ашық әңгіме тақырыбына айналған. Ал жастармен кездескен Ғалиасқар Төлендіұлы мен Кәмнұр Тәлімұлы жастардың қоғамның қозғаушы күші екенін басты тақырыпқа айналдырған. Тәуелсіз елдің болашағы білімді де иманды, елін, жерін сүйетін отаншыл жастардың  қолында екенін де назардан тыс қалдырмаған. Заманауи технологияның қыры мен сырын теңгеріп, алып елдермен иық тіресе тұратын білімді ұрпақ ұлттың ертеңі екенін атап өтіп, Тараз жастарына ағалық пейілдерін білдірген.
Басқосу соңында Жамбыл облыстық дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров пен Алматы облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов екіжақты меморандумға қол қойды.

ТҮЙІН ОРНЫНА: «Бармасаң, келмесең – жат боларсың» деген аталарымыз. Облыстан басталған «Рухани керуен» жобасы екі жылда өз жемісін берді. Оған барған жердегі елдің алған әсері, алғысы мен ықыласы дәлел. Көптеген сұрақтар қойылды. Түйінді мәселелер талқыланды. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім қажы айтқандай, бұл керуен басқа керуеннен өзгерек екені ақиқат. Бұл жерде тарихқа сапар жасалды, дәстүріміз дәріптелді. Тіліміз ұлықталды, дініміз жайлы танымымыз дұрысталды. Ән-күйіміз, жыр-термеміз насихатталды. Бұл әлдекімдер айтып жүргендей «Рухани жаңғыру – рухани қаңғыру» еместігінің дәлелі. Қаңғырып жүр дегендер болса, осы топпен жүріп келсін, ел арасына кіріп көрсін. Ақпейіл ағайынның ортасына барып, ой бөлісіп, сыр ақтарысқанда шынымен де рухани жаңғырып қайтасыз!

Жұматай Оспанұлы