Абайдың сыры әлі ашылған жоқ

Уақыты: 30.10.2016
Оқылды: 2413
Бөлім: ТҮПСАНА

Иен далада екі иінінен демалып, көз ұшында көрінген үміт сәулесіне қарай сүріне-қабына асығыс басып келеді. Аштықтан еңкіш тартқан еңселі бойы еріксіз алдыға қарай ентелеп, кей-кейде кейуананың өзіне бағынудан қалады. Біресе етегіне оратылған үш жасар перзентінің домбыққан бетін ысқылап, біресе омырау іздеп, жылап-сықтаған арқасындағы алты айлық нәрестесін жұбатып әлек. Қайткенде де көз алды байланғанша іргелес ауылдың шетіне ілігу керек. Бірақ мына меңіреу дала бітсеші. Әлі құрыған әйел құр сүлдерімен сүйретіледі. Халық екі ғасыр бұрын шөптің тамырын кертіп жеген ақтабан шұбырындыны ауыр азаппен өткерген-ді. Бұл жолғы зұлмат қазақты түп-тұқиянымен тып-типыл етуге бекінгендей. Талқажау таппаған үйінен жіп-жіңішке таяқ қана ала шыққан анасы. Таяуда ғана өмірдегі тірегінен айырылған қаралы жанға ақ таяқ та кәп-кәдімгідей тіреу. Кенет иек астынан үйір-үйір қасқыр кезікті. Онсыз да он шақты перзенті қызылшадан көз жұмып, аштықтан бұратылып келе жатқан жесір жер тарпып, шабуылдауға ұмтылған тағыларға амалсыз алты айлық сәбиін тастайды. Қалайда қапыда кеткен Мырзах- меттен ұрпақ өрбітуді ойлаған текті әйел жан даусымен жылаған Мекемтасын құшақтап, қасқырлардан әзер қашып құтылады. Ана сүтін іздеген қыз баланың ең соңғы іңгәсін маң далада жосылтқан жыртқыштар өшірді.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтану, бауыржантану бағыттарын іргелі зерттеушілердің бірі, ғасырда бір туатын ғалым Мекемтас Мырзахметұлы бастан кешірген ең ауыр оқиға бұл. Анасының етегіне оралған кешегі сәби, бүгінгі көрнекті ғалымның өмірі үшін қарындасы құрбан болыпты. Қайғылы жағдайды қанша рет қайталап айтса, сонша рет көзіне жас алып, көңілі босап сала беретін ақсақал: «Мен балалық шағымда рахат өмір көрген жоқпын. Біз емін-еркін күлген, ағаш ат мінген, көшені шаңға бөктіріп ойын қуған буын емеспіз. Туғаннан ересектерше өмір сүрдік», – дейді қарияның дауысы қарлығып.
Бала жадынан тағы бір көрініс кетпейді. Әкесінің жарқын бейнесі көз алдында қалмаса да, қара шаңырақтың түтіндеп, қызыл жалынға оранып, опырыла құлаған шағын есіне тұтып қалыпты. Босағаны қуалап, үй ішін түгел дендеген алқызыл өрттің лапылдай жанған сәті әлі көз алдында. Сәби жүрегіне тәй-тәй басқан шаңырағының өрттен опырыла құлағаны ауыр тигені айдан анық еді. Үй абайсызда емес, адамдардың қолынан әдейілеп өртенген. Шаш ал десе бас алатын жандайшаптар Мырзахметтің зергерлік бұйымдар жасайтын ұсталығын өзіне қарсы пайдаланады. Ұста адамда тығып қоятын алтындары болады деген желеумен еңбекті ту еткен есерсоқтар үйді өртейді. Одан қалса әкесіне нақақтан-нақақ жала жауып, дәулеттілердің қатарына қосады да, түрмеге айдайды. Ақыры Мырзахмет темір торда ауыр жағдайда көз жұмады.
Қазақ халқына кеңестік биліктен де қайран жоқ еді. Алайда тоқпағы күшті қызыл саясат қазақты екіге бөлді. Миллиондаған адам жағымпаздықтың бетпердесін жамылып, арақты суша сімірді. Мас күйінде келіп бес-алты малы барларға құзғынша шүйлігіп, отбасын асырап отырған шаңырақ иелерін түрмеге тоғытты. Құдай жоқ деп айғайға басқан шолақ белсенділер Мекемтас өскен тоқал тамды өртеп тынады. Сол сорақылықты жасағандар кеше ғана ағайын болып, бір-бірін демеген туған-туыс, жегжат-жұрағаттар еді. Сұрқай саясат қазақты қазаққа айдап салыпты ғой сөйтсек. Мекемтас Мырзахметұлы ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келген балалығынан сағынатын дәнеңе таппайды. Тек қуғын-сүргінде жүріп қаза тапқан әкесін, он бес жасына дейін шырылдап баққан анасын, өзіне өмір сыйлаған құндақтағы періште қарындасын үнсіз жоқтайды.
– Анам маған бұл оқиғаны есейгенде айтып берді, – дейді ғалым терең күрсініп. – Қазір ойласам, қызды қасқырға тастап қашуда үлкен мән жатыр екен ғой. Қазақтың байырдан бергі ғұрпы сол, қайткенде шаңырақтың түтінін өшірмейтін еркекке ерекше қараған. Анам сындарлы сәтте сол тектілігінен тайып кетпепті. Дәл сол уақытта анамның санасында тек әулетті сақтау деген бір ғана ой тұрғаны анық еді. Мен түз тағыларынан қорыққанымнан шешемнің етегіне кіріп алыппын. Жырақ жатқан екі ауылдың арасында болған оқиға бұл. Ауылға жетіп, адамдарды ертіп қасқырлар шабуылдаған жерге қайтып келсе, қан сасыған орыннан анамның қолына сәбидің бір уыс шашы ғана ілігеді.
Үрей билеген сұрқай заманның әрбір ауыр оқиғасы Мекемтастың санасына мәңгілікке таңбаланып жатты. Бала жүрегін ауыртқан жаға ұстатар жағдайлар отаршыл биліктің ең негізгі мақсаты екенін екінің бірі біле бермейтін. Әсіреқызыл идеология халықтың жадын жаңартып, зұлмат аштықты, жазықсыз атып-асуды, сұм соғысты ұмыттырып жіберді. Мекемтас туған ауыл мен Тұрар Рысқұловтың өскен жері іргелес жататын. Ғалымның әлі есінде, сонда көрші ауылда бір кісі: «Мен Тұрар Рысқұловтың қолына су құйғанмын», – деп мақтаныш көріп айтып жүретін. Сол бірауыз сөзі үшін атылып кете барды. «Соғыс басталған кезде де ойын баласымыз. Бірақ бала деген атымыз ғана. Тәулік бойы бізді ауыр жұмысқа салады. Күні бойы бидайды ұнға айналдыратын үккіш тас айдаймыз атпен. Бәрімізді аяғымыздан байлап қойған. Аттың үстінде ұйықтап кетеміз. Сонда «халық жауы» деген сөзді жиі естиміз. Бірақ мағынасын білмейміз. Біз тұрмақ үлкендер де неліктен халық жауы болатынын түсінбейтін», – дейді ақсақал.
Аштық соғыстың ауыртпалығын көрген буыннан арылған жоқ. Мекемтас 5 келі бидай үшін бес жылға түрмеге тоғытылған адамдарды өз көзімен көрді. Кеңестік биліктің ұлттық болмысқа шабуылдаған жымысқы әрекеттерін жоғары оқу орындарында білім алғанда ғана байқап қоймай, ауыл арасында көрген қуғын-сүргіннен де білетін. Бірақ қазақ морт сынған жоқ. Құдайдан дарыған дарқан мінезіне орыстандыру саясаты кезінде де сызат түспеді. Соғыстан кейінгі жылдары түрлі ұлттың өкілдері Ұлы Далаға қоныс аударып, арып-ашып әзер жететін. Сондай шешен ұлтының өкілдеріне де Мекемтастың туыстары тоқал тамын бөліп беріп, аяғынан тік тұрып кетуіне жағдай жасады. Ғалым қазақтың сабырын, қонақжайлылығын, жомарттығын ешбір ұлтта жоқ ұлы құндылыққа балайды.
– Соғыстан кейін тағы да ашаршылық басталды. Барлық жерде орыс тіліне басымдық берілді. Есепшілер тапшы деген сыбысты естіп, сол мамандықты меңгеруге оқуға тапсырдым. Осы жерде ең алғаш орысша үйренуге тура келді. Оқуда бар болғаны 400 грамм нан үлестіреді. Сосын қайнаған су ғана ішеміз. Шәкіртақыма жарты нан да келмейтін. Арба айдап қосымша ақша табамын.
Мекемтас Абайдың өлеңдерімен алғаш мектепте танысты. Танысқанда да ұстазының талабы күшті еді. Нәтижесінде бүкіл оқушы хакімнің өлеңдерін жатқа соғатын. Бірақ көтерген тақырыбын түсінбейтін. Кеңестік жүйенің кесепаты сол кезде тағы алдынан шықты. Жазба әдебиетінің негізін қалаған Абай мектепте де, институттарда да шұбартөс, байдың баласы, өзінің табын ойлайтын адам қанаушы деп оқытылды. Отаршылдық идеология жастарға Абайды барыншы жек көргізуге тырысты. Қазақтың мұңын жоқтаған тұлғаны қазақтың өзіне таныстырудан қашқақтаған биліктен Мекемтас қатты қауіптенетін. Ақсақал қазіргі таңда да отаршылдық жүйенің қазаққа тигізген залалы туралы таңды-таңға ұрып әңгімелеуге бар. Өйткені, сонау бала кезінен іште қатқан сартап деректер талай ғылыми еңбектің дерегіне өзек болыпты.
– Мектепте ағайымыз бізге мың жерден Абайды жамандап оқытса да, өлеңдерін түгел жаттатып қоятын. Жатттап келмесек, тізерлеп тұрғызып қойып, кірпіш көтертетін. Қорыққанымнан данышпан бабамыздың өлеңдерін жаттадық. Тотықұс сияқты сайрап айтып беруге әуеспін. Бірақ көкірегімде абай туралы таным-түсінік жоқ еді, – дейді ғалым  абайтану ғылымына қалай келгендігі турасында сыр бөлісіп. Абай атындағы ҚазПИ-де жоғары білім алып арнайы бағытпен Өзбекстан жеріне аттанады.    
Мекемтас Мырзахметұлы Ташкентте жай ғана сабақ берген жоқ. Тарихи зерттеулерді осы кезде бастады. Әсіресе, жат жерде терең білімімен танылып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Басшылық тарапынан көзге түсіп, Өзбекстанның үшінші хатшылығына қызметке ұсынылды. Алайда аяқтан шалудың нешетүрлі әдісін меңгерген басшылық Мекемтастың ұлтына шүйлікті. Мұншалықты абыройлы қызметке орналасу үшін ұлтын өзбек деп ауыстырудың аса қажеттігін алға тартады. Ашуы басына шапқан ғалым ұлт мәселесіне келгенде қатал-тын. «Мен қайдағы бір мансап үшін қазақ деген қанымнан ажырамайды екенмін. Қызметтеріңіз өздеріңізге!» – деп үлкен ғимараттың есігін тарс жауып кетіп қалады. Бұл Мекемтастың бойындағы ұлтына деген шексіз махаббатын дәлелдеп тұр емес пе?! Қызыл империяның тұсында мұндай қадам жасау ерен ерлік еді.
Шын дарынды адам жұмыссыз қалмайды. Өзге елдің есігінен кіріп, білімімен төрге озған ғалым Ташкентте ашылған қазақ тобының студенттеріне сабақ беріп жүрді. Ендігі мақсаты – сол кездегі аспирантураға оқуға түсіп, ғылым жолын серік ету. Бірақ Өзбекстанда тағы да кедергілер көп болды. Ұлтшылдық сипатымен танылып қалғандықтан ба, өзге елдегі университеттер әр нәрсені сылтауратып, Мекемтасты шеттетіп жүрді. Байқаймын, ғалым өз өмірінен сыр шерткенде бөспе сөз қосудан, астамсып кетуден, менмендікке салынудан аулақ екен. Қарапайым қалпында ағынан жарылады. Біз босағадан имене аттағанда ақсақал әдеттегідей кітап оқып отыр. Бос уақытының бәрін ғылыми ізденіске арнайтын жан әлі тың. Жүрісі ширақ. Ең бастысы, қандай кітап оқыса да әлі күнге дейін көзілдірік тақпайтыны еріксіз таңдандырды. Биыл 86 жасқа толған абыздың айтары көп.
– Журналистикаға өз аяғыңмен келдің бе? – деді өзінің нұсқауымен орындыққа енді жайғаса берген маған. – Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы: «Журналисті аяғы асырайды» деп жиі айтатын. Сол рас екен. Тілші келсе қуанып қаламын. Ақсақалдық жасқа жеттік. Білгенімізді беріп қалуға тырысасың. Сендер арқылы мыңдаған оқырман оқып, біреу болмаса біреу өнеге алып, көкейіне тоқыса деймін. Өткен ғасырда көп қазақ мәңгүрттеніп кетті. Мен де мәңгүртпін, өкініштісі сол. Біз бірінші сыныбымыздан бастап құдай жоқ деп оқыдық. Абайды тек философиалық-материалистік тұрғыда ғана танып келдік. Абай әлемі шын мәнінде олай емес. Біз оның өлеңдеріне әдеби шолу жасауды, қарасөздерін талқыға салуды қойғанымыз абзал. Абайды ұлы сана тұрғысынан зерттеген дұрыс. Сонда оның бүкіл болмыс-бітімі ашылады.
Мекемтас Мырзахметұлы манадан бері көз алмай оқып отырған кітабын ысырып, емен-жарқын әңгімеге көшті. Көзінің астымен маңайына барлай қарайды. Жанарынан үнемі ой үстінде жүретіні, ұлт мүддесін аяқасты етпейтін намысшылдығы көрініп тұрды. Әсіресе, Ташкент жерінде жүріп Бауыржан Момышұлы келіпті деген әңгімені ести сала салып ұрып көршілес жатқан Сарыағашқа келгені Қазақстанға деген сағынышын паш еткендей. Батырдың сол кезде айтқан әңгімесі әлі құлағында. Кездесуде қаһарман ұлға бір тұрғын: «Қазақ тілінің жағдайы нешік?» – деп сұрайды. Сонда Баукең: «Өзбектер әрқашан айналдырып тал егуге бейім. Сосын қыстың көзі қырауда негізгі діңін қалдырады да кесіп алады. Келер жылы қайта өседі. Біздің қазақ тілінің жағдайы да осындай. Ағаш сияқты тамыры аман. Діңі де сол қалпы. Қазақ тілінің болашағы жарқын», – деп жауап береді.
Кездесу соңында Мекемтас қазақтың батыр ұлымен тағы да ұзақ сырласады. Бауыржан ағасы аты-жөнін сұрасып, ұзақ ойланып отырып қалады. Дегбірі қашқан ғалым бір нәрсе бүлдіріп қойдым ба дегендей қипақтай бастайды. Сәлден соң батыр: «Әкеңді мен білем», – дейді сабырлы үнмен. Ғалымның көңілі толқып, ел қорғаған батырдың мұның әкесімен қалайша таныс болғанын білуге асықты. Әкесі туралы алғаш пікір айтқан адам Бауыржан екен. Момыш пен Мырзахмет жақын дос, ағайындас, сырлас адамдар болыпты. Бауыржан мен Мекемтас іргелес ауылдың балалары екенін осы кездесуде біледі. «Мында не істеп жүрсің? Тез елге қайт. Аспирантураны Алматыдан оқы. Сарт бола алмай жүрсің бе әлде?» – дейді батыр қоштасарда. 
Осы кездесу ғалымның өмірін түбегейлі өзгертті. Өзбекстандағы қызметін тастап, Алатаудың баурайындағы Алматыға тартты. Ынталы жігітті Мәлік Ғабдуллин, Қажым Жұмалиев сынды профессорлар жазбай танып, аспирантураға алып қалады. Қазақтың атынан сөз сөйлеп, талай мінберде ұлтшылдығымен танылып қалған Қажым Жұмалиев Мекемтастың жетекшісі болды. Көреген ұстаз өмірдің ауыр сынынан өткен, жазықсыз қуғын-сүргінге түскен ізденімпаз кісі еді. Салған жерден Мекемтасқа үлкен талап қояды.
– Мені Абай әлеміне алып келген – Қажым Жұмалиев. Ол кісіге кезінде халық жауы деген жала жабылып, атылып кете жаздаған. «Әй, Мекемтас, сен аспирантураға түстің. Абайды зерттеп көрсең қайтеді?» – деп жұмсақ үнмен сұрады алғашқыда. Мен ат-тонымды ала қаштым. Абайдың шығармашылығына дендегім келмеді. Бірақ ұстазымның мына сөзінің арғы жағында қатаң талап, бұлтартпас бұйрық жатты. «Не Абайды зерттейсің, не аспирантурадан кетесің! Екеуінің біреуін таңда», – деді ұстазым дауысын көтеріп.  Ертеңіне ұстазымның ұсынысын қабыл алдым. Көз алдымда әлі, Қажым ағамыз Абайға жасаған қадамыма балаша қуанды. Сөйтсек, біз Абайды мүлде басқа қырынан зерттеп жүріппіз. Абайды атеист деп диссертация қорғағандар да көп. Материалист деп дәлелдегісі келгендер де бар. Әлеуметтік-таптық ерекшеліктері бойынша жамандағандар да жеткілікті. Алайда біз оның ең басты қырына үңілмеген екенбіз. Ол – Абайдың санасы. Ұлы санадағы өзгерістері. Кемел адам болып қалыптасу қағидасы туралы жақ ашпаппыз, – дейді Мекемтас Мырзахметұлы.
Жас ғалым зерттеуге шындап кіріседі. Қажым Жұмалиев бағыт-бағдар бере отырып, ізденімпаз аспирант шаң басқан мұрағаттарға түседі. Ондағы деректердің бәрі төте жазумен сақтаулы. Ғалым әрбір көне әріптердің күніне біреуін үйреніп, мұрағаттарда таңнан күн батқанша отырады. Тың деректер табады. Кейін бұл ізденісі халықаралық деңгейге шығып, Ташкент, Орынбор, Омбы, Мәскеу, Санкт-Петербург мұрағаттарында жалғасады. Ол абайтанушы боламын деп ойлаған жоқ. Алайда Абайдың жұмбақ әлемі Мекемтасты өзіне тартып әкетті. Бір ғана Абайдың өзіне 10 томнан астам ғылыми еңбек жазып тастапты. Докторлық диссертациясын да осы Абайдан қорғады. Қорғау 6 жарым сағатқа созылып, ақыры Абайдың сана, толысу туралы ой-толғаныстарын ғылыми айналымға енгізді.
– Ең сорақысы сол, қазіргі ғылымда жалған атақ алып жүргендер көп. Бұл – үлкен қасірет, – дейді ақсақал ашынып. – Дипломдық жұмыстарды, магистрлік, докторлық диссертацияларды сатып алып жаздыра салатындар шықты. Бұл не деген сұмдық? Мұндайдан кейін қалай отандық ғылым алға басады? Менің шәкірттерім жетерлік. Бірақ ешбірінде ондай жымысқы әрекет бар деп айта алмаймын. Нақты тақырыпты беремін. Сосын оның ғылыми еңбегінде міндетті түрде жаңалық болады. Біз соны нақтылы дәлелдермен ашамыз. Мұрағаттарға түспеген, ізденбеген ғалым халықтың алдында абыройлы емес. Ел өзі-ақ анықтап алады. Шынайы ғалымның еңбегі мәңгі жасайды.
Мекемтас Мырзахметов халықтың әлеуметтік жағдайына алаңдайды. Анығырақ айтсақ, әлеуметтік алшақтық ақыр соңында елді екіге бөліп, қызылкеңірдек ұрысқа айналдыруы мүмкін. Ол аз десеңіз, дүниежүзілік соғысқа ұласуы да ықтимал. Ғалым дәл осы әлеуметтік алшақтық туралы көп ізденіпті. Батыс пен шығыстың ғалымдары мұндай бөлшектенуді «абсолюттік кедейлік» және «абсолюттік байлық» деп атапты. Расында солай. Ақсақал мұндай қауіптің белгілері Қазақстанда бар деп қынжылады. Көшеге шығып қарасаңыз  орташа дәулетпен өмір сүріп жүргендерді көре қоймайсыз. Не аса дәулетті адамдардың қымбат көлікпен жүйткіп жүргенін көзіңіз шалады, не қара жаяу суықта бүрсең қағып кетіп бара жатқан тым жұпыны адамды байқайсыз. Көрер көзге айтылмайтын бұл құбылыс абсолюттік шамаға жеткен кезде ел іргесі бұзылып, сұрапыл соғыс басталары сөзсіз. Қайраткердің айтуынша, алшақтықты жоюдың жалғыз жолы – ауқатты адамдарға салық мөлшерін арттыру. Одан түскен қаржыны тұрмысы төмен отбасыларына таратып берілуі тиіс. Сонда әлеуметтік тепе-теңдік сақталады.
– Біздің қоғам отансүйгіштікке емес, космополиттік өмірге бейімделіп келеді, – дейді ғалым сәл тыныстап. Қудай шашының әр талы қазақтың ертеңі үшін ағарғаны айтпаса да түсінікті еді. Бәлкім, бұған үш жасында әкеден, он бесінде анадан айырылған қайғылы жылдар да өз ізін салған шығар. Жүрегін сыздататын жайттарды ары қарай тарқатып әкетті. – Космополитизм ұлттық дәстүрді аяқасты етеді. Халықты тілінен айырады. Тарихқа құрметпен қарауды ұмыттырады. Материалистік көзқарастан арылатын кез жетті. Өйткені, оның келешегі азғындыққа әкеп соқтырады.
Ғалым бүгінгі қоғамда қызу талқыға түскен үштілділікті де сын тезіне салды. Әсіресе, мектеп оқушыларына үш тілді оқыту тек 12 жастан бастап енгізілсе құба-құп. Әлемдік тәжірибеде 1-сыныптан бастап шет тілдерін оқытатын елдер мүлде жоқ. Ақсақалдың айтуынша, үш тілді араластырып меңгерген оқушыдан болашақта ел үлгі тұтатын азамат шықпайды. Алаш туралы сүбелі сөз сөйлейтін ақсақал әл-Фарабидың еңбектерін де ұмыт қалдырған жоқ. Өйткені, оның жазғандарында дүние мен рухани ілімнің аражігі нақтылы дәлелдермен бар. «Әл-Фарабидың кітаптарында кез келген басшы ескеруге тиіс құнды мәліметтер бар. Мәселен, мейлі сіз шағын ұжымды басқарыңыз, мейлі сіз үлкен топқа жетекшілік етіңіз – бәрібір. Екінші ұстаз бәріне ортақ       12 қасиетті ашып көрсетеді. Басшыдан сол 12 қасиеттің бірі табылмаса, басқарып отырған нысаны, ұжымы міндетті түрде ақсайды. Түптің-түбінде бір жерінен ақау кетеді», – дейді абыз ақтарылып. Ұстаз айтқан қасиеттерге істі нәтижелі етіп орындау, тез тұжырымға келу, есіне жақсы сақтау, жақсы-жаманды айыра білетін ақылдылық, ойын дәл айтатын шешендік, ілім-білім мен оқуға құштарлық, ұстамдылық, әділдік, жаны мен арының тазалығы, дүниеге қызықпау және үрейленбеу жатады екен. Ғалым әрбір басшыдан осы қасиеттерді талап ете білуді алға тартты.
Мекемтас Мырзахметов Еуропаның ғылым мен техникада не себепті алға озып кеткендігін де зерделеп көріпті. Сонау ХVІ ғасырдың өзінде Еуропа ғалымдары адамға екі құндылықтың қажеттігін түсінген. Оның бірі – жан, екіншісі – тән. Жан, рухани ілім абстрактілі әрі терең зерттеуді қажет ететіндіктен, батыстың білгіштері жаппай тән ғылымына ауыз салыпты. Нәтижесінде, осы өмірдегі қажеттілікті өтейтін ғылым қарыштап дамыды да, адамның жанын қанағаттандыратын рухани құндылықтар құрдымға кетті. Бұл туралы Абайдың да, Шәкәрімнің де, Мағжанның да жазбаларында жан-жақты айтылады. Мекемтас сөз арасында Мағжанның:
Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Күні батып, жаңа таңы атпаған.
Түнеріп жүр түннен туған перілер,
Тәңірісін табанына таптаған, – деген бірауыз өлеңін оқып берді. Алайда бүгінгі таңда олар қайта ояну дәуіріне көшкен. Шығыс халықтарының руханиятты жоғары қоятын құндылығын олар өздеріне үлгі етуде. Ғалымның айтуынша, қазақта рухани байлық баяғыдан бар. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде ұлтсыздануға ұрынып қалмай, керісінше, рухани мұрамызды түгендеуге күш салу керек.
– Қазақ халқы үш ғасыр отар елдің бірі ретінде өмір сүрді, – кенет ақсақал осыны ұғынып ал дегендей еңсесін түзеп, маған қарай бар денесімен бұрылып, назарын аударды. – Бірақ орыс патшалығы қазақтың байырғы көшпенділер екенін, жауынгер халық екенін жақсы білді. Кезінде өздері осы Алтын Орда мемлекетіне отар болғанын ұмытқан жоқ. Біз 1917 жылы-ақ ұлттық тәуелсіздігімізді жариялаған мемлекетпіз. Сол кездерде билік басына асқан білімімен Тұрар Рысқұлов Сталинмен бірге иық тіресіп көтеріліп еді. Тіпті, кейде Сталиннің емес, Т. Рысқұловтың ұсыныстарын халық қолдап кетіп отырған. Бұл қазақтың қанында бар дала рухының жемісі деп білемін. Керек десеңіз, тарихтың өзі қазақтың қандай данышпан халық болғанын дәлелдеп жатыр. Мәскеу деген Ресейдің астанасы да түркілердің Мосқа деген атауынан шыққанын, Киев Русінің негізін біздің бабалар құрғанын дәлелдейтін деректер бар. Бірақ астам сөйлеп үйренген терістіктегі көршімізге бұларды мойындату оңай емес. Орхон-Енисей жазбаларына да әзер бас иген. Сондықтан, отаршылдық бізге үлкен қасіреттер алып келсе де, рухымызды сындырған жоқ. Үш ғасырлық идеология ақыры Алматыдағы қазақтардың бір ғана толқуымен күйреп түсті.
Нар тұлға Еуропа аша алмай кеткен жан сырын ХІХ ғасырда Абай зерттеп тастағанын дәлелмен келтірді. Абай қара сөзінде «дүниенің көрінген және көрінбеген сырлары» деген жаңа ұғым қолданады. Көрінбеген сырын Құдай жаратқан. Осы термині арқылы хакімнің адам жанын қаншалықты терең зерттей білгені байқалады. Адам жанды түсінуден қаншалықты қашса, надандыққа соншалықты жақындайды. Батыстағы біржыныстылардың заңдастырылуы, жезөкшеліктің қалыпты жағдайға айналуы, әйел затының жалаңаштана бастауы – соның айғағы. «Абайдың сыры әлі ашылған жоқ. Қазір мен Абайды мүлде басқа қырынан зерттеп жатырмын. Абайтану курстарын алып тастау керек. Олардың бәрі ақынды шығармашылық тұрғысынан ғана таныта алады, – дейді Мекемтас Мырзахметұлы. – Абайды ұлы сана жолында зерттеуге тиістіміз. Сонда қоғам әлдеқашан материалистік көзқарастан арылар еді».
Бұл туралы халқымыздың данагөй ақыны Ахмет Иасауи де толғап кетіпті. «Ілім екеу-дүр. Жан ғылымы және тән ғылымы. Жан ғылымы ақыретке жақын тұрады. Тән ғылымы нәпсі құшып қала-дүр», – дейді Иасауи. Көрдіңіз бе, Ұлы даланың ұлылары Еуропадан бұрын жан ғылымына анықтама беріп, келешек ұрпаққа түзу жол көрсеткен. Ақсақал бүгінгі технократтық дамудың шегі немен тоқтайтынын да болжап қойған. «Қазір нонотехнологияның заманы орнады. Бұл – 1 миллиметрді миллионға бөлу деген сөз. Болашақта адамдар атқаратын жұмыстың бәрі роботтарға жүктеледі. 2050 жылдардан бастап-ақ бүкіл халық жұмыссыз қалуы мүмкін. Сол уақытта қанды қырғын болып кетуі ықтимал», – деді де ғалым «Заманауи капитал» атты испандық зерттеушілердің кітабын көрсетті. Кітапта бүгінгі дамудың шегі мен зардаптары туралы жан-жақты жазылған екен.
– Халқымыздың ой-санасы бөлініп кеткен, – деп әңгімесін жалғады ел ағасы. – Ой-сананың бөлінуі деген не? Мәселен, біз Абайға дейін тас-түйін халық болдық. Абайдан кейін бізді өзімізге-өзімізге айдап салды. Отаршыл билік қысым жасасаң көшіп кететін, иен далада із қалдырмайтын асау елді қалай бағындырудың жолын білмеді. Олар қайткенде Алаш жұртын жусатып салудың жолын іздестірді. Өйткені, орыс халқының отбасында кішкентайлар: «Сенің жауың – түркілер! Шыңғысхан деген түрік болған. Біздің мемлекет солардың ұрпақтарына бағынышты еді. Оларды бүгін жоймасаң, ертең күшейіп кетсе бізді қиратады», – деп тәрбиеленді. Ақыры олар қазақты жуасытудың жолын тапты. Орыс патшалығы сексеуілді сексеуілге ұрса ғана жарылатынын түсінді.
Ел ағасының сөзіне сүйенсек, қазақ қоғамының бұлай бөлшектенуі өте қауіпті. Тілі, жазуы, кейінгі жылдары діні де бөліне бастады. Қазір Қытай еліндегі қазақ төтеше, Еуропадағы қазақ латынша, Отанымыздағы қазақтар орыс әліпбиін қолданады. Осылардың ішінде ең қауіптісі – діни алауыздық. Әсіресе, дәстүрімізге шабуылдайтын сырттан енген діндер қазақты тарыдай шашыратып, бір-біріне айдап салуға дайын тұр.
Ғалым отаршыл билік қазақ даласына жарты ғасыр зерттеу жүргізіп, болыстық жүйені енгізгенін айтады. Онда 2 мың үйден 12 ауыл құралған. 12 ауыл міндетті түрде 12 аталас емес рудан құралуы тиіс. Сөйтіп, аға сұлтандарды, елубасы, онбасыларды сайлау кезінде қазақ қырықпышақ болды. Аталас туыс болмағандықтан, ұсақ рушылдық өршіп кетті. Міне, Абай тура осы қоғамда өмірге келді. Абай есейгенде қазақ аш иттердей бір-бірімен қырқысып жатты. Бассыздыққа жаны ауырған хакім сан мәрте ақ патшаға телеграмма жолдапты. Алайда ешкім құлақ аспаған. Қайраткердің айтуынша, бүгінгі таңдағы ұсақ рушылдық, тегіне қарап алалау сол Абай заманындағы сұрқай саясаттан қалған. Анығында, әр қазақ руымен мақтануы керек еді. Қазақ рудан құралады. Ру тектің тазалығын сақтайды. Ғалым терең күрсіне отырып, қазақтың қан тазалығы, қыздардың ибалылығы тікелей румен қатысты болғанын, бүгінде сол тектіліктің біртіндеп жойылып бара жатқанын өкінішпен жеткізді.

Анасы марқұм он бірінші құрсағын көтеріп, шекесі торсықтай ұл өмірге әкелгенде ағайын-туыс жиылып, «Мекемтас» деп ат қойыпты. Қызылшадан қайтқан балаларына ұқсамай, тастай берік, ауруға шыдамды болсын деген ниетпен жаңа туған сәбиге осы есімді еншілепті. Тоқсанға таяған Мекемтас ақсақалдың көз алдынан ұзын бойлы, қараторы анасының жарқын бейнесі кетпейді. Ал әкесінің келбетін Бауыржан Момышұлы айтқан естеліктермен ғана елестете алады. Анасы қашан көрсең де жүдеу жүретін. Ол уақытта заманның өзі де жүдеу еді ғой, қайтейік. Қарындасы, Мекемтастың ғылымдағы бақытты өмірі үшін жанын құрбан қылған қарындасы ше? Ол туралы айтудың өзі қиын. Осыншама ауыр қайғыны арқалаған ақсақал шын мәнінде ғасырда бір туатын қайсар жан. Қазаққа қасірет әкелген зұлмат жылдар ғалымның жүрегін мәңгілік сыздатып келеді. Ақсақал туған халқын қанға бөктірген сұрқай заманға лағынет айтады.

Қуаныш ТҰНҒАТАР