БАЙҚАУ: ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ ӘН САЛДЫ

Уақыты: 04.05.2019
Оқылды: 1699
Бөлім: ТҮПСАНА

Қаражиде ауылында «Ауылым – алтын бесігім» атты Мәдениет үйлері арасында облыстық байқау өтті. Шарада Елтай орта мектебінің алдында құрылған әсем сахна төрінде ауыл өнерпаздары өнер көрсетті.

Алаңда тігілген ақшаңқан киіз үйдің жанында ақ жаулықты әжелер күбі пісіп, ұршық иіріп, қонақтарға қымыз ұсынды. Қазақы дастарқандағы құрт-ірімшік, асылған ет, қызыл бауырсақ берекелі ауылдың тірлігін көз алдымызға әкелді. Мектеп оқушылары жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары, өздері жасаған қолөнер бұйымдары, қылқалам туындыларымен таныстырды. Ауылдың ісмер қыз-келіншектері өз қолымен жасаған, көздің жауын алатын көрпе-жастық, тұрмыстық бұйымдар қадірлі қонақтарды  бей-жай қалдырмады.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы, ақын-сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері Төлеужан Ғұмаров ең бастысы он саусағынан өнері тамған апа-әжелеріміздің жас ұрпақты осынау ұлттық өнерге үйрету  қажеттігіне баса назар аударды.

Осыдан соң ауыл өнерпаздары әркім айта жүрерліктей концерт қойды. Тіпті, ауылдың учаскелік полиция инспекторы Руслан Қанатбеков жеке дауыста ән салып, «Тәуелсіз Қазақстан» әнін хормен бірге тамаша орындап шықты. Алина Тохтахунова мен Сабина Важитова қазақтың «Шашу» биін мың бұрала билесе, Жанерке Смағұлова І. Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасынан үзінді оқыды. Әсіресе, халық әніне «Тойбазарды» тамылжытқан «Шапағат» әжелер ансамбліне жұрт сүйсініп, қолпаштап отырды. Жас өрен Сағынай Сағымбеков орындаған «Мен – қазақпын» әніне, «Балауса» би тобының «Фламенко» биіне, Құрманғазының  «Балбырауын» күйін күмбірлеткен ауылдық «Домбыра сазы» ұлт аспаптар ансамблінің өнеріне де жұртшылық тәнті болды. Ауыл тұрғындары «Мәңгілік Ел – мәңгілік тарих» атты драмалық қойылым қойып, жаугершілік заманда ел бірлігін сақтаған, жер қорғаған баһадүр бабаларымыздың рөлін сомдады.

Ауыл халқы ауа райының құбылмалы болғанына қарамастан концертті ұйып тыңдады. Облыс орталығынан келген қонақтар да «Ел іші – өнер кенші дегендей, ауыл өнерпаздардың өнеріне жоғары бағасын беріп жатты.

– Бұл байқау осыдан 3 жыл бұрын басталған. Бұрынғы аудан, қала Мәдениет күндерінің жалғасы. Биыл 15 сәуірден бастап 7-8 ауданды аралап шықтық. Бүгінгі күн Қаратал ауданының еншісіне тиіп отыр. Әр аудан екі Мәдениет үйін ұсынып жатыр. Мұндағы мақсат – ауылды жерде өсіп жатқан өнерпаздарды, ауылдың береке-бірлігін байқау. Ауылда береке-бірлік бар ма? Ақсақалы қандай? Анасы, балалары қандай? «Кешегі әулиелер мекенінде не бар, не жоқ?» деген мақсатта келіп отырмыз, – деді Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров.

Ол Қаратал ауданы әулиелелер мекені болған соң әрдайым құрметпен қарап, шекарадан өткенде аруақтарға тәу етіп жүретінін, «Су көшкенмен, тас қалады» дегендей, байқау тек би билеу, ән айту ғана емес, жас ұрпақты мәдениеттілікке, өнерге, әдептілікке тәрбиелеу екенін тілге тиек етті.

Асхат ӨМІРБАЕВ

Фото ғаламтордан алынды

Қаратал ауданы